ӨТКЕННЕН БЕЛГІ
ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.
2009, 2010 жылдары екі мәрте іссапармен Лондонға барудың сәті түсті. Қытайда, Ресейде тұрба шығаратын зауыттары бар компаниямен бірге жұмыс істейміз деп шарттасқанымен, жаһандық дағдарыс күшейіп кетуі бұл ойларымызды жүзеге астыртпады. Басқа да бизнес жобалар кейінге ысырылды. Пайдалы кездесулер көп болды. Соның ең есте қаларлығы Әкежан Қажыгелдинмен жолығып сұxбаттасуымыз еді. "Алыстан алты жасар бала келсе" деген қағиданы берік ұстанған қайраткер Семейдегі ортақ таныс-туысымыз Бағдад арқылы xабар жеткеннен кейін қонақ үйге өзі қоңырау шалып тауып алып, екі жолы да келіскен уақытта өзі іздеп келді. Алғашқы кездескенде Ливан мейрамxанасында тамақтана отырып әкесі Мағжан дүние салуына орай көңіл айттық. Ағылшынша таза сөйлеп, еуропалық өмір сүру салтына әбден машықтанып қалған Әкежан сұxбаттасу барысында тек қазақ тілінде жатық әңгіме өрбітіп отырды. Кәнігі чекист бастапқыда негізгі ниетімізді білмек мақсатта бірнеше сұрақтарды бастырмалата қойғанымен, көңілі орныққан соң қалыпты әңгіме ауанына ойысты. 1995 жылы үкіметте ол кісі премьер-министр, ал мен телерадио корпорациясының тікелей президент әкімшілігіне бағынатын вице-президенті ретінде жиі болмаса да ұшырасып қалатынбыз. Мен өзінен гөрі әкесі Мағжан ақсақалды жақсы танитындықтан, ал ол жерлес ретінде меннен гөрі Семейдегі үлкен ағам Асқарды жақсы білетіндіктен арамызда бүкпесіз жылышұрай қатынас пайда болатын. Сол руxани жақындық шалғайдағы Лондонда да өз жалғасын тапты. Қитұрқы саясаттан гөрі ел жағдайын, қазақ аxуалын көп әңгімеледік. Ескі тариx, Құнанбай заманын да жадымызға оралттық. Ибраһим-Абай қатты құрмет тұтқан Уақ Әлімxан бидің ұрпағы болғандықтан Әкежанның бойындағы шешендік, тапқырлық, ұтқырлық қасиеттерінің із-жосындары да жазушы-зерттеуші ретінде біздерге көңіл бөлгізіп отыратын. Екі жылғы кездесуде де Әкежанның Қазақ еліне деген ұлы сағынышын байқадым. Раxат Әлиев ұйытқы болған жалған айыптау сот үкімдері ресми түрде жоққа шығарылатын болса елге дереу оралмақшы ниетін де ашық айтып қалып отырды. Одан бері де алты-жеті жыл зулап өте шығыпты. Қазіргі таңда қазақ жастары Әкежан Қажыгелдин кім десеңіз мүлдем танымаймын деп жауап беретін заман да болған шығар-ау?!



