Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.
Ресейдегі 26 млн мұсылманның бас муфтиі Равиль Ғайнутдинмен жақын таныстығымыз 1991 жылдан басталады. Осы ширек ғасыр ішінде Равиль xазіреттің дін исламды өркендету саласындағы қадау-қадау қызметтерінің барлығына дерлік куәміз десек артық айтқандық болмас. Қатты қамығып, дұшпандары көбейіп, іштей шиыршық атып жүрген шақтарын да көрдік. Дегені болып, айтқаны орындалып, мейманасы тасып жүрген кездерінде де қасынан табылып сынап байқадық. Оңаша сәттерде бүкпесіз сыр ақтаратын кездеріміз көп болатын. Қашан келсем де уақыт тауып қабылдайтын, Мәскеудегі діни басқарма ұжымымен муфти бас болып бірге түскі ас ішкен замандарымыз да жеткілікті еді. Мәскеуде немесе шет елдердегі басқа діни конференцияларда Рекеңмен, не орынбасарлары Дамир Ғизатуллин мен Нафигулла Ашировпен, болмаса Абдул-Уаxид Ниязовпен, Орынбор тумасы Марат қажымен кездейсоқ ұшыраса қалсақ етжақын туысты көргендей шұрқыраса табысып жататынбыз. Рәтбек қажы мен Әбсаттар Дербісәлі муфтилеріміз сыртқақсып жүргенде біздің бұл байланыстарымыз өз заманында өте қажетті іс-әрекет еді. 2008 жылғы 2 томдық зерттеу-зерделеу еңбектерімізді сыйға тартқан кезде де Равиль xазірет қатты қуанып қалды. Қазақстанда діннің атын жамылған шайтани топтар лаңкестікке дейін апаратын бүліншілікке соқтырмаса екен деп әрдайым алаң көңілмен қадала сұрап отыратын. Равиль төрағалық еткен Ресей мұсылмандары бүгінгі таңда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Әлбетте, алдағы уақыттарда да олар алар асулар көп болады деп сенеміз.


0
0
1470

Еще по теме

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ - Yvision.kz