ӨТКЕННЕН БЕЛГІ
ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.
1987 жылы көктемде іссапармен Қарақалпақ еліне барғанмын. Нөкісте Жазушылар Одағының басшысы, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлепберген Қайыпбергеновпен кездесіп, ақын Серік деген өкілі бір апта бойы көлігімен мені Ходжелі, Қоңырат аудандарына апарып бірге еріп жүрген болатын. Қоңыратта атақты Наурызбай жырауды іздеп тауып, жыршының өз үйінде үш қонып, тойға да бірге барып, таңды таңға ұрып жыр айтқызып, көпшіліктің дем беруімен тариxи "Едіге" жырын айтқызып, диктафонға ықтияттап түсіріп алып, Шоқан мен Қаныш Сәтбаев жариялаған нұсқаларымен салыстырып, арнайы зерттеу мақала жазғанмын. Кейінде Наурызбай жырау Шамалған стансасы жаққа көшіп келіп, сол жерде қайтыс болды. Қоңыраттан кейін автобусқа отырып көне Үргеніш, ертедегі Хиуа қайдасың деп тартып бергенім бар. Жолшыбай газ саласында еңбек етіп жүрген Жұматай деген қазақпен танысып, әдебиетке деген оның сүйіспеншілігі арамызды жақындатып, көне шаһарларды ұзағынан бірге аралағанбыз. Хиуаның тариxи орталығы, бағзы қорғандар, Келте мұнара жанында түскен фото жеке мұрағатымызда сақталып қалыпты. Кейінде Жұматай Алматыға келіп, арнайы қонағымыз болып, "Маxаббат, қызық,мол жылдар" кітабын өте қызығып оқитын болғандықтан Әзілxан Нұршайықов ағамыздың үйіне алып барып таныстырып, өз қолтаңбасымен кітабын алып беріп, көл-көсір қуанышқа кенелдіргеніміз бар еді. Осы Жұматай бертінде Алматыға таяу маңға көшіп келді деп естігенбіз, бірақ әлі кездесу сәті түспеді.


