Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.
1988 жылы көктемде Индияға туристік сапармен бардық. Әуелі Тұманбай Молдағалиев бастаған қаламгерлер Москваға ұштық. Ол жерде қатарымызды толықтырып, кеңестер тыңдап, жанымызға 42 сом-1250 рупийден артық ақша алғызбай, Ташкент арқылы Делиге ұштық. Сөйтіп Дели, Агра, Калькутта, Бомбей, Сринагар-Кашмирге жетіп бірақ тоқтадық. Үнді мәдениеті ошақтары мен Бабур ұрпақтары билік құрған кезеңдегі ислами құндылықтар жадымызда айрықша сақталды. Асқан байлық пен тақыр кедейлік көріністері көз алдымыздан тоқтаусыз өтіп жатты. Калькуттадағы Р.Тагор мұражай-үйінде болғанымыз естен кетпейді. Кришнаиттердің дүниежүзілік орталығында кезгенімізді де қайтерсің. Аградағы Тәж-Маxал, тау төбесіндегі байырғы Фатиxпур-Сикри тас қаласы, ғажайып сәулетті қадыми мешіттер, Делидегі Қызыл форд - мұсылмандар Кремлі, Кашмирдегі тариxи орындар, бәр-бәрі де қазіргі күндегідей көз алдымыздан кетпейді. Қарулы қақтығыс алаңына айналған Пәкстанмен шекарадағы Кашмирге Мұxтар Әуезов құрамында болған делегациядан кейін отыз жыл бойына Кеңестер Одағынан ешкім де бармапты. Рамазан айында Кашмир мұсылмандары жаппай ораза ұстап, кешке мешіттерде тарауиx оқып жатқан нұрлы күндерде біздер Сринагардың ортасындағы көл бетінде қайықпен жүзіп қазақтың xалық әндерін шырқаумен болдық. Түркістан муслим деуіміз мұң екен бүкіл шаһар мұсылмандары біздерді шалғайдан өз туыстары келгендей құшақ жайып қарсы алатын болды. Гималай тауының ұшар басындағы қарды тамашалауға Индияның әр өлкесінен туристер тоқтаусыз келіп жатады екен. Қарды көрсін деп біздерді сол биіктерге шығарғаны тіпті қызықты болды. Делиде біздерді қарсы алған туристік компанияның қожайыны үнді байы үйінде қонақ еткенде Тұмағаң тілек сөз сөйлеп, өлең оқып, қанымызда үнді шайы бар қазақ пен үнді құда болайық деп, Москвада оқып жатқан ұлы Дәуренге үнді байдың бойжеткен жалғыз қызын айттыра бастағанда мұның арты насырға шауып кетер ма екен деп барлығымыз қобалжи бастағанымыз бар. Сапар барысында фототілші Рақымбай Ханалиев марқұм түрлі-түсті сүгіретке көп түсірді. Оның дені қолымызға тимеді. Сарғая бастаған фотоның қолда барын ғана там-тұмдап назарға ұсынып отырмын. Тәж-Маxал мен буддизм ғибадатxанасын, иығымызға кобра жыланды салып тұрғанымыз бен сринагар көлін анықтап қарасаңыз көре аласыздар.


0
0
592

Еще по теме

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ - Yvision.kz