Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ.
Өз атамыз Тобықты ішінде Байғазы табынан Тоқтамысұлы Сапаралы әкеміз Төлеубайдың бала күнінде қайтыс болғандықтан көрмедік. Әкеміздің анасы Тобықты ішіндегі Қарамырза табынан Сақыпжамал Әлімқызы да өткен ғасырдың отызыншы ашаршылық жылдарында біресе Таразға өтіп, біресе Алтайдың Бийскісіне ауып кетіп, ақырында Семейде Тінібай мешітінің ауласындағы үйде ауырып көз жұмған. Мына сарғайған фотодағы нағашы атамыз, Тобықты ішінде Мотышбай табынан шыққан Сеңғали Қаратайұлы (1900-1962) мен туған кезеңде дүние салыпты. Сеңғалидың анасы Тобықты ішінде Жуантаяқ табынан Бақтыбала Үйсінбайқызы ұлы әжеміз елге сыйлы, аса діндар, ат үстіндегі ер адамды аударып түсірердей қарулы, өжет кісі болған көрінеді. Жаңа туған нәресте мені үнемі қолына алып әлдилеп жүретін Бақтыбала ұлы әжеміз өзінің үлкен ұлы Сеңғалидың қырқында кенеттен бақилық болған. Нағашы әжеміз, Сеңғалидың бәйбішесі Тобықты ішінде Құлық табынан Күлипа Қарқымбайқызы бертінде жүз жасап дүние салды. Біздер кішкене кезімізден сол Күлипа апамыздың бауырында өстік. Кеңестер Одағы кезінде намазы мен ораза парыздарын қаза қылмаған, өте шешен сөйлейтін, аса қайратты әжеміз біздер үшін орны толмас өмір мектебі болды. Нағашы атамыздың келбетіне қарап тұрып та ол кісі қаншалықты діндар тақуа, қазақы ұлтжанды жан болғандығын ажырату қиынға соқпаса керек. Мұxтар Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясы, "Жүзтайлақ", т.б. көркем туындыларына арқау болған біртуар кейіпкерлер Саржал мен Дегелең тауларын мекен еткен менің нағашы жұртымнан шыққан өр тұлғалар. "Ер жігіттің жақсы болмағы нағашыдан" деп атам қазақ тектен текке айтпаса керек.


1
0
868

Еще по теме

ӨТКЕННЕН БЕЛГІ - Yvision.kz