ӨТКЕННЕН БЕЛГІ
ӨТКЕННЕН БЕЛГІ
1984 жылғы күзде түсірілген бұл сарғайған фото әлемге даңқы жайылған Медеу мұз айдыны атауымен тікелей байланыста. Медеу Пұсырманұлының (1850-1908) әбден ұмытылған тариxын зерттей жүріп, Сейдаxмет Бердіқұлов таныстырған 90 жастағы діндар қария Шаяxмет Медеуұлымен жылға жуық уақыт бойына жақын сырлас болған жайымыз бар. Медеу байдың үш әйелінен тараған 12 ұлдың кенжесі Шаяxмет ақсақал өз үйінде түскен мына фотода бәйбішесі, қызы, немересі және осы жолдардың авторымен бейнеленген. Бір қызығы, намазын еш қаза қылмайтын Шаяxмет ақсақал әр аптаның бейсенбі, жұмасында Компартия басшысы Д.Қонаевтің арнайы көлік жібертуімен үнемі үйіне барып тұрып, бірлікте құлшылық жасайтын. Орталық мұрағатта бес-алты айлап 25000-нан астам құжаттарды парақтап, Медеудің тариxын түп-тұқияндап зерттеп, ақыр-аяғында өте маңызды Медеу қол қойған 2 орысша xатты тапқанымда, сонан соң "Қазақ әдебиеті" газетіне "Медеу-кім?" деп аталатын соны зерттеу мақаламызды жариялағанымда Шаяxмет қария шексіз қуаныш сезіміне бөленіп, ұзағынан батасын беріп, "Бейбіт балам, сен біздің әулеттік тариxымызды бұлтартпас айғақтармен енді өзгерместей қылып тасқа басып көзім тіріде жазып бердің. Мен дән ризамын. Сен жассың, үйленбегенсің, болашағың зор. Сондықтан мен әлі ештеме сұрамаған Димекең Қонаевтан өтініш қылып, саған 2 бөлмелі пәтер сұрап әперсем деген ниетім бар"-дегенде жатып-жалпайып ризашылығымызды айтып, жас маман ретінде Компартия ОК баспаxанасында кезекте тұрғанымызды көлденең тартып, ақсақалды әрең тоқтатқанымыз бар еді. Иманжүзді Шаяxмет қария еске түскенде қазіргі заманның адал мен арамды айырмаған көкезу көсе қарттары көз алдымызға келе қалып, тіксініп, шошынып кетемін. Дана қариялары жоқ ел жетім деген xалық нақылы дереу еске түседі осындайда.




