ТІЛІМІЗ БАЙ, БІРАҚ...
Тілімізді бай дейміз. Кейбіреулер тіпті керемет бай деп жазып жатады, әлемдегі ең бай тілдердің бірі деседі. Мұндайларды оқыған сәтте мақтанып көңілің тасиды. Ал кейде аспаннан жерге түсіп, төңірегіңе қарасаң, салыстырсаң «неге, неге?» деген сұрақ мазалайды. Неге қазақ тіліміз толыққанды мемлекеттік тіл қызметін атқара алмай келеді? Себеп неде?
Қандай да бай тіл болмасын әлемнің қауырт даму заманында сағат сайын,күн сайын өмірге еніп жатқан жаңалықтарға әр тілдің өзінің лингвистикалық заңдылықтарына, мүмкіндіктеріне сәйкес сөзден-сөз, жаңа сөздер туып отыру қажет және әлемдік бай тілдерде осылай болып отырды да.Тек қазақ тілі де оларға ілесіп, алыстап артта қалмай үлгіріп отыру қажет.
Кезінде республикалық тіл комитетінің төрғасы былай деген «Терминологияда 30 шақты сала бар. Сонда 300 мыңдай сөзді бекіту қажет. Бұған дейін ресми бекітілген сөздер 5-6 мың төңірегінде ғана» («Егемен Қазақстан» 07.03.2007 ж..
Жаңа терминдерді («300 мың) қайдан алуымыз керек? Әрине ең алдымен өз сөзімізді құбылту арқылы жаңа мән беріп отыруымыз керек, бірақ біздің аудармашыларымыздың, лингвистеріміздің қиналатын жері де, көпшіліктің наразылығын да туғызатын осы тұстар. Түрлі салаларда қолдануға көптеген ыңғайсыздықтар салдарынан айқын да жеңіл түсінікті орыс тілі мәтініне жүгініс толастар емес. Елімізге аты әйгілі ұлт патриоты, ана тіліміз дің жанашыры, ғалым философ Амангелді Айталы үнемі айтатыны қазақ тілі бай тіл, мәселе оны дамытуда емес оны барлық салада қолдануда ғана дейтін, солай дейді де. Бірақ, бірде өзінің ашынған күдікті ойын (интернетке) «Әуелі өзімізге өкпелейік» деген айдармен ортаға салған еді. Оған себеп болған - политолог Петр Своиктің Қазақстанда мемлеккеттік тіл міндетін орыс тілі атқаруда дегені еді. Айталы Своикке емес өзіне, сіз бен бізге «неге» деген сұрақ қойып, толқыған ой күйелісінен туған ащы мәселенің шетін шығарған еді: «...қазақстанда мемлекеттік тіл шынында да орыс тілі. Бұл қазақ тілі мемлекеттік тіл бола алмайды деп тұрған жоқ па? – деген еді. Мұндай күдікті ойлар жиі кездеседі.
Ал бұл жағдайға кім кінәлі? Оны анықтап, шара қолдану керек қой! Бірдеменің бүлініп, болары болып қойғанда, оған кінәлілер, сезіктілер көп болғанда «кінәлі анау» деп дәл көрсету оңай болмай жатады. Ал тіліміздің мүшкіл халіне айыпты кім екенін еш күмәнсіз дәл көрсетіп, ұстап беретіндер көп. Қазақ БАҚ тарында ондай баға жиі кездеседі, кейде тіпті «айқайлап» жар салғандай. Ол айыпты - Мемлекет, Өкмет және шалақазақтар екен, Елімізде белгілі жазушы Мұхтар Мағауин кезінде «Ана тілі» газетінде былай деп жазғаны бар еді «Ақиқатына жүгінсеңіз, мемлекетіңіздің бұл тілде шаруасы жоғы өз алдына, көбіне-көп қарсы, тіпті жаулық ниетте». Тағы бір ана тіліміз жөніндегі толғанысында былай деп күдіктенеді: «Бұл не, тексіздік пе, әлде басқадай бір сұмдығы бар ма... Мүмкін генетикалық апат болды ма екен» деп ойлайды.
Ана тіліміздің бір жанкүйері Алматыда супермаркеттегі лифт маңында әріптесін 40 минут тосып қалыпты. Осы уақыт ішінде талай қазақтар оның жанынан өзара орысша сөйлесіп өтіп жатқанын қынжыла жазыпты интернетте. Менің немерем осы Өскеменде қазақ мектебін, сосын университетті орысша бітірген. Астанаға барып кеп «Ой, ата, онда жастардың бәрі орысша сөйлеседі» дейді. Көпшілікке не істейсің?! Көпшілік туралы қазақ пікірі. «Көпке топырақ шаша алмайсың», «Көп қорқытар, терең батырар», «Көппен көрген ұлы той», «Көп айтса болды ...».
Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, ғылым докторы Уалихан Абдібеков «Айқын» газетінде (06.02.2015) былай деп жазды: «Салыстырып көріңіздер. Орысша, қытайша, үндіше, ағылшынша бәрі қазақ тілінен күрделі. Біздің тіл әбден екшелген, бай, кез келген жағдайға ыңғайлы. Көне тілдер қолданыста қазақ тілі сияқты қарапайым» Сонда біздің мақтанышымыз тіліміздің ҚАРАПАЙЫМ екені ме?
Әлем чемпионы болгарин Тапалов шахмат тақтасының 64 керегесінде (клетка) 28 ноліді сан (алты ноль – миллион) деңгейінде түрлі комбинация мүмкін дейді. Тілді шахмат тақтасы деп қарасақ қарапайым қазақ тілі көп комбинация жасай ма әлде жұрнақтары мол, оған қоса приставка, предлогы тағы, бар күрделі орыс тілі көп комбинация жасай ма?
Спортсмен бәсекелесінің айла-тәсілін, жаттығу ерекшеліктерін жете білуге, оның ұтымды тұстарын үйренуге тырысады. Біз алдымен әлем таныған орыс лингвистика ғылымын меңгеруіміз қажет. Мысалы, қытай тілін үйрену үшін орыс лингвистерінің зерттеу-талдауларын пайдалаға болады. Біздің тілде ондай ештеңе жоқ қой. Басқа тілді білу өз ана тіліңе сеп. Мақтап жүрген «Қаймағы бұзылмаған» қазақтар тек Х1Х ғ. көксейді. Орыс ғалымы Н. Трубецкой лингвистиканың бір саласы Фонологияның негізін салушы. Оның «Фонология негіздері» атты капиталдық еңбегі Германияда, Францияда, Англияда, Японияда, Ресейде бірнеше рет басылған. Оның басқа еңбектері де көп, соның ішінде Черкес тілінің грамматикасын жасап берген... Қазақ тілінің «қаймағын бұзбай» оқшаулау оның «көзін, құлағын» тұмшалау сияқты.
Сөзжасам азабын алдымен аудармашылар тартады. Орыстың «участок» деген сөзін олай да былай да аудармақ боп ақыры қайтадан «сайлау участогі» дейтін болдық. Бұл сөз түбірі часть-бөлік. Біз бұл түбірден 4-5 ақ жаңа мәнді сөз жасай аламыз. Ал орыстарға қараңыз: частник, частность, частица, частичка, частично, частота, часто, участь, участок, участковый, причастие, причащение, счастье, несчастье, участник...
Венгр (мажар) тілі де тоқырау дәуірін кешкен. Қазақ жұрналисі венгр лингвисінен ондағы «Тіл жаңалау» қозғалысы туралы сұрағанда былай жауап беріпті:. Аз қолданылатын сөздер, архаизмдер қолданысқа енгізілді, көптеген жұрнақтар тірілді, өнімсіздер өнімділер қатарына өтті... калька да осы мақсатқа қызмет етті» («Қ.Ә»)