ТЕТ 2017 НИШ Атырау
17.06.2017
Бүгінгі "Туған елге тағзым" жобасының соңғы күнін Талдықорған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 км қашықтықта орналасқан Текелі қаласында өткіздік. Таңғы асымызды ішіп, Жоңғар Алатауында орналасқан "Черкасай" туристік-спорттық базасына жол тарттық. База теңіз деңгейінен 1550 метр биіктікте орналасқан. Сарқырамаға жетер жолда тау шатқалдарында жайқала өсетін шырша, қайың, қарағай, терек секілді ағаштардан тұратын керемет орман көрінісіне куә болып қана қоймай, бұлақты кешіп, тауға өрмеледік. Сарқырамаға жетіп, қоңыр салқын суға қолымызды батырып, базаға қайтқанда табиғат аясында түстеніп, табиғи шипалы шөптен жасалған шай ішіп күштеніп алдық. Одан соң 24 оқушы 2 топқа бөлініп, тарзанка және кедергі жолы секілді жаттығуларды жасап, табиғатта тіршілік етуге қажетті дағдыларды шынықтырдық. Қызыққа толы күннен соң Талдықорған қаласына мектеп жатақxанасына оралып, мектеп волонтерларымен көңілді кеш өткіздік. Бүгінгі күні жобама қажетті ақпараттар ала алмағаныма қарамастан, өмірге қажетті дағдыларды жетілдірдік. Кешке таман заттарымызды жинастырып, қимастықпен өз қаламызға қайтып кетуге дайындалдық.





