ТЕТ 2017 Атырау
16.06.2017
Бүгінгі күн Тамғалы тасқа саяхаттан басталды. Тамғалы тас Алматы қаласынан 120 шақырымда Іле өзенінің бойында орналасқан. Тамғалы тастың жартастарында петроглиф, құпаия бейнелер және буддистік жазбалар салынған. Жартасты ұстаған адам жақсы энергияға толып, өз тілегін тілеуіне мүмкіндік алады. Табиғат аясында түстеніп болған соң біз Талдықорған қаласына беттедік. Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздар мен оқушылар ұжымы бізді құшақ жая қарсы алды. Тамақтанып алған соң Мұхамеджан Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайына бардық. Бұл мұражай 5 залдан тұрады. Мұражайдан менің жобама қатысты деректер ала алмағаныма қарамастан, Жетісуды мекендейтін жан-жануарлар мен өсімдіктер, археологиялық жазбалар, көне бұйымдар және Жетісулық Алашорда үкіметінің мүшелері туралы үлкен көлемде ақпарат алуға болады. Мысалы, мен бүгін Кайнозой эрасына жататын алып мүйізтұмсық, мамонт секілді ежелгі жануарлардың тасқа айналған сүйегін өз көзіммен көрдім. Өзіме таныс емес тек Қазақстанның ғана емес, халықаралық «Қызыл кітапқа» енген ескек аяқтылар тұқымдасына жататын, қанатының ұзындығы 35 сантиметрды құрайтын суқұзғын құсы туралы, сусар тұқымдасына жататын аққалақ жыртқыш аңы туралы жаңа мәліметтер білдім. Сонымен қатар, тас мүсіндер мен таңбалы тастар туралы үлкен көлемде ақпарат алдым. Солармен бөлісетін болсам, өткен заман мәдениетінен бізге келіп жеткен тарихи мұралардың ерекше түрі болып саналатын тас мүсіндер Хантау, Жамбыл, Іле-Шу, Қаратау мен Қырғыз Алатауының терістік жағындағы таулы өлкелер мен жазық алаңдарда жиі кездеседі екен. Тас мүсіндер түркі дәуіріндегі көшпелілердің салты бойынша еліне сыйлы, атақты адамдардың бет-әлпеті м ен дене тұлғасын тасқа қашап бейнелеп, жылдың белгілі мерзімінде әруағына сыйынып отырған. Бұл жәдігерлер ортағасыр кезеңінде осы өңірді мекендеген тайпалардың қолөнерінен және олардың тұрмыс-тіршілігінен мол деректер береді. Ал таңбалы тастар дегеніміз- үңгір қабырғаларына, таулы жер тастарына немесе жеке бір тастарға шекілген суреттер мен түрлі белгілер. Таңбалы тастардағы суреттер түрлі тақырыбының ауқымы аса кең. Негізгі тақырыбы аңшылыққа, жаугершілікке арналған, сондай-ақ, жануарлардың тіршілігіне ерекше көңіл аударған. Жартасқа салынған қос атты жауынгерлік арбалар біздің арғы бабаларымыздың батырлық рухының биіктігін көрсетеді. Бұл мұражайда мен сонымен қатар бір жарым ғасырдан бері өткізіліп келе жатырған дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмелері барысында ашылған жағалықтар туралы да қызықты фактілер білдім. Мысалы, 1876 жылы Филадельфияда өткізілген көрмеде алғаш рет «Heinz» кетчубі келушілердің назарына ұсынылған. Алғашқы сыдырма ілгекті 1893 жылы Чикагодағы дүниежүзілік көрмеде Уитком Лео Джадсон көрсеткен.
Мұражайдан шыққан соң Бикен Римова атындағы драма театрында өткен «Дертке дауа-Хақ жолы» қойылымын тамашаладық. Бұл қойылымды мен екінші мәрте қарағаныммен, ерекше әсер алдым. Бұл қойылымның негізгі ойы мені терең ойға батырды. Театрдан шыға сала біз мектеп жатақханасына келіп, орналастық. Әрине, Талдықорған қаласындағы НЗМ бассейні бар жалғыз мектеп болғандықтан, бұл мүмкіндікті қолдан жіберіп алмай, бассейнге түстік.
Талдықорған қаласындағы алғашқы күніміз мен ойлағаннан да керемет өтті.
