ТЕТ 2017 Атырау
14.06.2017
"Туған елге тағзым" өлкетану экспедициясының үшінші күнінде біз «Қазақстан Республикасының геологиялық мұражайына» бардық. Осы мұражайға барғаныыз менің геологияға қызығушылығымды арттырып қана қоймай, дүниетанымымды кеңейтті. Мысалы, мен адамзатқа белгілі минералдық шикізаттың 55 түрінің 39-ы Қазақстан жер қойнауынан өндірілетінін білдім. Мұражайдан яшма, малахит, азурит, кальцит, марказит секілді тек туған еліміздің территориясынан табылған тау жыныстарын ғана емес, Марокко, АҚШ, Бразилия, Түркменістан, Украина мемлекеттерінің ауағынан табылған ванадинит, керченит, содалит сияқты әсем тастарды көруге болады. Сонымен қатар, мұражайда геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі комитеттердің мүшесі әрі басшыларының бірі Қаныш Имантайұлы Сатпаевтың мүсіні қойылған. Мұражайда қойылған жалғыз мүсін Қаныш Сатпаевтың еліміздегі металлургия саласының даму тарихында өшпес із қалдырғандығын тайға таңба басқандай айқындайды деп ойлаймын.
Мұражайдан шыққан соң Тәуелсіздік алаңына жол тарттық. Тәуелсіздік монументінің іргесін айнала салынған сақтар дәуірінен еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі қазақ халқының басына қара бұлт үйірілген Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, жоңғар шапқыншылығы, Ресей империясының отарлауы, қазақ зиялыларының репрессияға ұшырауы кезеңдерін сипаттайтын суреттерге көз жүгіртіп, өркениетімізге үңіліп, халқымыздың тарихы тереңде жатқанына тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Тәуелсіздік алаңынан соң біз мектеп жатақханасына келіп, түстеніп, Іле Алатауының бөктерінде орналасқан Көктөбе демалу орнына барып, жануарлар саябағынан Оңтүстік Американың қуаң және таулы аймақтарын мекендейтін Гуанако Ламасын, Австрияда кең таралған Эму түйеқұсын, Азиялық кекілікті көріп, телевизиялық мұнарадан қалаға панорамалық шолу жасадық. Өзімнің жобама қажетті ақпарат ала алмағаныма қарамастан, бүгінгі күннен ерекше әсер алдым. Алдағы уақытта өзімнің жұмысымды қанағаттандырарлық дәрежеге жеткізу үшін қажетті барлық мағлұматты жинай аламын деп үміттенемін.



