ТЕЛЕАРНАНЫҢ АТЫНА ЗАТЫ САЙ КЕЛМЕЙ ТҰР
Қазақта қастерлі ұғым көп, соның бірі – гәкку. Осындай керемет қастерлі, қасиетті сөз Қазақстандағы музыкалық арнаға атау ретінде берілген. Адам санасында ұғымдардың қалыптасуы бұрын көрген, естігенді ойға түсіру, байланыстыру, елестерді ассоциациялау барысында жүзеге асады. «Гәкку» десе есімізге бірден аққулы көл, қазақтың сал-серілері, қазақ өнері, Күләш Байсейітова, «Қыз Жібек» фильмі, Бибігүл Төлегенова түседі.

«Гәкку» әні – ақын, әнші-композитор Үкілі Ыбырай өнерінің асқақ шыңы. «Гәкку» – қазақ музыкасындағы қайталанбас құбылыс. Бұл ән Үкілі Ыбырайдың жастық шағында, Кәкима деген сұлу қызға ғашық болып, іштей толғаныста, терең сезімде жүрген кезінде туған екен. К.Салықов бұл әннің туу тарихы туралы: «Осындай бір тынышсыз түндерінде түсінде қаңқылдаған қоңыр қаздың дауысын естиді. Аққу-қазды көл шетінде аппақ келбеті жайнап Кәкима елестейді. Аққу сынды сұлу қыз елестегенде, оның атына балама ретінде аузына «Гәкку» деген ғажайып сөз түседі. Сол сәтте шабыттың үні басталады. «Бұрын-соңды естілмеген жаңа ән арнап кел» - деген қыздың талабы да қызу қанды ақынның намысын қамшылайды. «Аққу», «Гәкку», «Кәкима» деп қайталап, ақ қағазға жаңа өлең жолдарын түсіреді» - деп жазады.
Құс салып айдын көлде дабыл қақтым,
Ән салып талай жердің дәмін таттым.
Жетсін деп осынау даусым «Гәккуіме»
«Гәккуді» қайтқан қаздай қаңқылдаттым, - деп
әнді Кәкимаға орындап та береді. Бірақ тағдыр екеуіне қосылуды жазбайды. Кәкима айттырылған жігітіне ұзатылады. Сол кезеңде Үкілі Ыбырай
Сыланған дарияға сен қоңыр қаз,
Әнімді толқытайын айтып бір наз,
Айырылып сенен сәулем қалған күні,
Дұшпаным масайрады-ау болып бір мәз, - деп келетін жолдары бар «Гәккудің» екінші түрін шығарады. Ұзатылғаннан кейін көп ұзамай Кәкима қайтыс болады. Ыбырай қатты қайғырады. Торығып жүрген күндерінің бірінде «Қайран Гәкку» деген әнді шығарады. Сол себепті «Гәккудің» бірнеше түрі бар.
Үкілі Ыбырайдың өзі кеңес одағы тұсында қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кетеді. Қайтыс болған жылының өзі 1929, 1932, 1937 деп әр түрлі көрсетіліп жүр. Жерленген жері белгісіз.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Күләш Байсейітова «Қыз Жібек» операсындағы ария ретінде «Гәккуді» асқан шеберлікпен орындайды. «Гәкку» әні де, Күләш әншінің аты да халыққа тез тарайды. Әннің де, Күләш Байсейітованың да жұлдызы жанады.
Қазақ киносының алтын қорынан орын алған, қайталанбас туынды – «Қыз Жібек» көркем фильмі. Мұндағы «Гәкку» әні (орынд. М. Ижанова) Қыз Жібектің бейнесін, фильмнің болмысын ашып қана қоймайды, ұлттық санаға нәр береді.

Бір зат жөніндегі санадағы сурет, түсінік өзімен бірге оған қатысы бар екінші, үшінші затты туғызады. Біз үшін гәкку – өнер, гәкку – әсем ән, гәкку – сұлу саз, гәкку – әлем, гәкку – ұшқыр ой, гәкку – биіктік, гәкку – шынайылық, гәкку – махаббат, гәкку – сұлулық, гәкку – сыр, гәкку – нәзіктік, гәкку – көркем қыз, гәкку – қимастық, гәкку – тағдыр, гәкку – өкініш, гәкку – мұң, гәкку – арман.
«Гәкку» арнасының қазіргі қазақ эстрадасына сіңіріп жатқан еңбегі елеулі де шығар, бірақ атына заты сай келмей тұрғаны анық. Қарама-қайшылық көп. Қыз жігітті, жігіт қызды жұлқылау, шапалақпен тартып жіберу, итеріп жіберу, я болмаса бір ұрып құлату. Аяғымен үстел үстіне шығып билеу. Аяқты үстелге қойып-қойып ән айту. Тамақты шашып-төгу, лақтыру. Тамақ ішіп отырып, оны тәрелкеге қайта түкіру. Аяқты аспанға көтеру. Саусақ шошайту. Біреуді байлап қойып соғу. Бос ыржаң. Даңғаза. Бір топ жігіттің бір жігітті жабылып сабап, тепкілеп тастап кетуі бір емес бірнеше клиптің сюжетінде кездеседі. Құлаққа сырға, мойынға алқа таққан, келбеті мен қылығына қарап не әйел не еркек екенін айырып болмайтын жандар. Кейде тіпті тыр жалаңаштың сәл алдындағы қыздар жүреді. Осындай көріністерді «Гәкку» арнасынан жиі көруге болады. Егер түйсік заттар мен құбылыстардың өзіндік қасиеттері мен сапаларының миымызда бейнеленуі болса, қазіргі балалар мен жастардың санасында гәкку ұғымы, гәкку сөзі осындай күйде бейнеленетін болар. Бір өкініштісі осылардың барлығы шетелдік емес, өз өнімдеріміздегі көріністер. Ұрпақ санасына не сіңіріп жатырмыз? Қастерлі ұғымды қорлап, сөзді генетикалық кодынан айырып жатқан жоқпыз ба? Сол арнаны «Гәкку» демей-ақ, қазір «сәнге айналған» «хит, тв, св, муз» сияқты сөздердің бірімен атай берсе қалай болар еді?
(Суреттер ғаламтор желісінен алынды)
