Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУ БАРШАҒА ТЕГІН БОЛАДЫ

31 мамыр күні Лев Гумилев атындағы ЕҰУ жанында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің халық алдында есеп беру жиналысы өтті. Байланыстың бұл түрі білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар жайында түсінікті тілде әңгімелеп, ата-аналар, сарапшылармен байланыстың сапасын жақсарту мақсатында таңдалды.
Бұл кездесу барысында Ерлан Сағадиев (https://yvision.kz/post/770932) министрліктің қазіргі қызметі мен алдағы жоспарлары жайлы әңгімелеп, өзінің блогы мен министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына келіп түскен көптеген сұрақтарға жауап берді. 

Жиында сөз алғандардың ішінде министрлік сарапшысы Насымжан Оспанова да болды. Маман техникалық және кәсіби кадрларды дайындаудағы өзгерістер жайлы әңгімеледі. Атап: тегін білім беру бағдарламасының жаппай енгізілуі, әлеуметтік әріптестік және көптеген басқа мәселелер туралы да. 

Бүгінгі таңда білім беру саласындағы маңызды мақсаттардың бірі – білім сапасын көтеру, сонымен қатар оны халықаралық стандарттар мен жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестендіру. 

Министрлік техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жаңа әдістемелерді дайындауда. Осы мақсатта білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі, дуальді оқыту арқылы маман дайындау ісіне бизнесті тарту көзделеді, оқытудың модульдік және кредиттік технологиясы енгізіледі және т.б. 

ТжКБ жүйесіндегі негізгі міндеттердің бірі ретінде “Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім” жобасының енгізілуін айтуға болады. Бұл бағытта білім беру 160 мамандық бойынша жүзеге асады. Бағдарлама бойынша жұмысшы біліктілігін тегін алуға мүмкіндік беріледі және стипендия, жол ақысы, бір рет ыстық тамақ түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 

Бұған қоса, бүгінгі таңда ТжКБ беретін 90 оқу орнының оқу процесіне озық әлемдік тәжірибеге негізделе отырып жасалған 45 модульді білім бағдарламасы енгізілгенін айтқан жөн. Бұдан былай жаңа білім бағдарламаларын жасау және енгізу Worldskills стандарттары негізінде жүзеге асатын болады. 

Биыл Worldskills чемпионаты шеңберінде Қазақстан сайысқа мүмкіндігі шектеулі студенттер мен оқушыларды қатыстыра отырып, мүмкіндіктерін кеңейтті, сонымен бірге халықаралық “Абилимпикс” қозғалысымен және Deafskills ассоциациясымен меморандумға қол қойды. 

Білім бағдарламасының мазмұнын жаңарту оқу құралдарын жаңарту ісін айналып өтпейтіні белгілі. 2016 жылы шет тілінен 100 әдебиет қазақ және орыс тілдеріне аударылған. Болашақта білімнің барлық саласы бойынша оқу материалдары қолжетімді болатындай электронды кітапхана құру жоспарланып отыр. 
Мамандарды кәсіби дайындаудың негізгі факторларының бірі колледждердің материалдық-техникалық базасын жабдықтау екені мәлім. Бүгінгі таңда 473 мемлекеттік колледждегі 1459 шеберхана қажетті құралдармен жарақтандырылған. 
Сондай-ақ, ТжКБ бойынша қаржыландыру жан басына жүретінін атап айтқан жөн. Қаржыландырудың мұндай тетігі бірқатар мүмкіндік береді, атап айтқанда: 
мемлекеттік тапсырыс шеңберінде колледждер арасында білім беру бағыты, мамандығы және оқушылар саны бойынша бюджет қаржысын теңдей бөлуге; 
ТжКБ дамыту үшін тең мүмкіндік жасап, әр студентке жеке білім беруге; 
студенттерге білім берудің атаулы жүйесіне көшіп, тұтас колледжге емес, нақты 1 оқушыға мемлекеттік тапсырысты жоспарлауға мүмкіндік береді. 

Министрлік қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – “Модернизация 3.0.” жаңа экономика үлгісі шеңберінде кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярлау. Қазіргі кезде министрлік нақты шараларды қолға алды, ол мемлекеттік тапсырысты арттыру, білім беру бағдарламаларын өзгерту, тәжірибеге бет бұруға мейлінше назар аудару, лизингтік қаржыландыру тетіктерін дамыту және т.б. жайттарды есепке ала отырып жүргізіледі. 

Есептің бірінші және екінші бөлімдерін мына сілтемелер арқылы өтіп көре аласыздар: (https://yvision.kz/post/770932) (https://yvision.kz/post/770941). 
Келесі шығарылымдарда жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахмед-Закидің, Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Абдрасиловтің баяндамаларын көре аласыздар.


0
0
736

Еще по теме