Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ТАРИХЫ БАЙ ҚАРАҚҰМНЫҢ ҚОС ТОЙЫ

«Жалпақ жұртыңды, исі Алашыңды қадірлеу алдымен өзің туған өлкенің тарихы мен табиғатын танудан, тұлғаларын ардақтаудан басталады» деп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, өлке тарихын қастерлеу, ел үшін ерен еңбектің үлгісін жасаған абзал азаматтардың есімін мәңгі есте қалдыру – бүгінгі ұрпақтың ата-баба алдындағы борышы.

Биыл, тарихы бай Қарақұм ауылының құрылғанына және осы мекеннің іргетасын қалап, өз кезінде тек Қазақстанға ғана емес, Одаққа танымал еткен білікті басшы Байжан Бижановтың туғанына 100 жыл толып отыр.

Күні кеше, осынау қазақ тарихындағы талай өшпес оқиғалардың куәгері атанған,  қойнауы құтты Қарақұм өңірі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында қос бірдей дүбірлі мерейтойын атап өтті.  Ең алдымен «Алтын бесік, бақ-мекенім-Қарақұм» атты салтанатты шарадан бастау алған мерейтой кешке дейін жалғасты.

Қарақұмдағы орталық алаңда аудан өнерпаздарының арнайы әзірлеген мерейтойлық ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі  М.Оразбаев жерлестерін құттықтап, бұл игі шараның бірлігімізді бекемдеп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз екенін жеткізді.

Одан соң, осы өңірдің тарихынан сыр шерткен деректер мен елге еңбектері сіңген азаматтардың қажырлы қызметтерін, Қарақұм өлкесін дамытуға айрықша үлес қосқан Байжан Бижановтың еңбек жолын кеңінен насихаттауды көздеген «Естелік-елдігімінің белгісі» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференция барысында аудан әкімі М.Оразбаев, №59 Қарақұм орта мектебінің директоры Жетес Әйтімов және тарих пәнінің мұғалімі Н.Оспановтар баяндама жасап, Қарақұм ауылының жетістіктеріне жан-жақты тоқталып, ауылдың тарихи шежіресінен кең көлемде тың деректермен бөлісті.

Баяндамашылардан соң ардагер-журналист Ш.Дәрмағамбетов өз естеліктерін ортаға салып, мемлекет және қоғам қайраткері, экс министр Қ.Саржанов «Қарақұм құрылтайына» байланысты республикалық деңгейде үлкен жиын өткізуге болатындығын айтса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Айбосынов Бижановтың бүгінгі күнмен шектелмей, болашақ үшін жауапты қызметтер атқарғандығына тоқталды.

Сондай-ақ, Алматыдан келген Б.Бижановтың ұлы, профессор, ветеринария ғылымының докторы Әлім Бижанов кең көлемде мазмұнды шаралар өткізуге ұйытқы болған аудан басшылары мен ауыл халқына ұрпақтары атынан алғысын білдірді.

Бұдан соң, ардагер ұстаз Үргенішбай Қуатовтың «Құт қонған өңір Қарақұм» атты кітабынының тұсаукесері өтті.

Сондай-ақ, шара аясында қазақ күресінен түйе палуандар  арасында өткізілген «Қарақұм барысы» турнирінде І орынды Қарақұм түлегі Н.Сәлімгереев, ІІ орынды Қармақшы ауданының палуаны М.Исақабылов, ал ІІІ орынды қарақұмдық А.Тұрымбетов иеленді. Облыстық «Асық ату» ойындары қоғамдық бірлестігінің жетекші маманы Р.Наукеевтің ұйытқы болуымен өткен асық ату ойынына қатысушылар да көп болды. Сондай-ақ, өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет атқарып, ел анасы атанған Б.Бижановтың жары Ағұлман Төлебаева атындағы «Жыр арнадым өзіңе» атты   мүшәйра да мазмұндылығымен ерекшеленді.

Осылайша, қарақұмдықтар ынтымақ пен бірліктерінің арқасында қатар келген қос тойды ұйымшылдықпен мазмұнды түрде өткізе білді.

   
0
2
898

Еще по теме