Tar Zaman - Zar Zaman
Оу-у, tar ZAMan...
Фильмның басты музыкалық тақырыбы – "Алашұлы" тобының бұрынғы әншісі Ұшқын Амалбек пен актер Олжас Абайдың орындауларында– мен кинодан шығып машинаға отырғаннаң бастап, үйге келіп жатар-жастанғанға дейін, басым жастыққа тигеннен кейінде – миымды қайнатып, басымнан шықпай қойды. Оу-у tar ZAMan, оған қосылып: оу-у zar zaman... – деп қайталай бердім...
Көпке дейін кірпігім айқаспай, өзім басымнан кешпеген оқиғалар есіме түсіп, әртүрлі шым-шытырық ойлар санамды жаулап - ұйықтай алмадым.
Бұл фильмның оқиғалары әр қазаққа – оның әкесі мен атасы арқылы – қатысы бар. Фильмдегі алаш зиялыларының бейнелері – әкем мен оның достары – Шығыс Түркістанда азаттық орнату үшін күрескен Жағда (Бабалықұлы), Ахмет (Бітімбаев), Балқаш (Бапин), Мұсылманбек (Тоғысов)-тарға соншалық ұқсастығы мені таңқалдырды. Қай заманда болсын – зиялылық, ел қамын ойлаған білімді адамдардың сөздері, тіпті, қимылдары бір-бірінен аумай қалады екен – деп ойладым. Тектілік ішке сыймай сыртқа тепкілеп тұрады екен. Киім киістері сәл бөлек – басқасы аумайды.

Әлихан, Ақан, Жүсіпбек, Көкбай ақын, т.б. Қазақстан, 20-30-шы жылдар.

Шығыс Түркістанның азаттығын аңсағандар: Дубек, Балхаш, Мұсылманбек, т.б. 40-50 жылдар.

Жағда Бабалықпен менің әкем - Шауен.
Қызыл жойқандардың әрекеттерін көріп – отызыншы жылдары бала-шағасымен, қалқоздың бір үйір жылқысын алдына салып "арғы жаққа" өтіп кеткен нағашы аталарым Қабылхақ пен Қабдолла еске түсті.
Алаштықтармен фильмде бірге жүрген игі жақсы байды көріп, атам Мәсәлім Би есіме түсті. Сұлтан-Махмұт өзі жазып кеткен: гәзит шығару үшін ел аралап жылу жинап жүргенде менің атам оның алдына малын, қалтасына ақша салып жіберген екен.

Мәсәлім Би.
Фильмдегі қызыл белсенділерді тізерлеткен - аты Райбек (па), Олжас Абай сомдайды – батырды көріп, Қарауыл көтерілісі есіме түсті. Ел ішінде сол заманда қайыспаған, қызылдарға беріспеген жүректі азаматтар да көп болған. Қызылдар көкке ақырып тұрғанда олардан қаймықпай аз жасақпен қалын қолға, өкіметке қарсы шығып, Қарауылдағы қойманың есігін айқара ашып, аштан бұратылған елге астық таратып беріп, шолақ белсенділерді дүрелеп, Олжабай Шалабаев сияқты қатып қалған қаныпезер көменестерді аттың құйрығына байлап өлтірген "бандылар" туралы әңгімелерді бала кезімде естігем . Олардың ішінде Шәкерім Қажыны ұлы Зият та болған.

Зият Шәкерім ұлы
Мұхтар Мағауиннің қызыл жендеттердің қазақтың жас зиялыларын атқаны туралы ащы сарказмға толы "Еркіндік бастауындағы" - «Салах-ад-диннің үкімі» атты әңгімесі де есіме түсті. Таңертен тұра сала сөреден Мұқаңның кітабын алып ашып қалып едім: қызылдардың бейбіт жатқан қазақтын ауылына баса көктеп кіріп, ойыны мен тойын ойрандап, алыс-жақында оқыған көзі ашықтарды дара алып топырлатып атып жатқан кезде... мылтық дауысынан у-шу болып далпылдай сапырылысып қашқан үйректерге қарап тұрып, Жәңгір Ерденов - "ұлтшыл, Варшавада дәрігерлік оқуды тәмамдаған, буржуазиялық кертартпа роман, поэмаларды оқып, көзін ашқан, Байронды қастерлеп, Мағжанды жаттап өскен - әңгіме зиялыларды атқан кезінде қызыл жендет, кейіннен атақты революционер-большевик, Одақ пен республиканың пәлен мәрте депутаты, лауреат, академик, профессор «ағамыздың» атынан айтылады - басқа айтар сөз табалмағандай - аспанға, балапандарын тастай алмай жаны шығып айнала ұшып жүрген жүп үйрекке қарап тұрып: Хош, қоңыр үйрек! – өзіңе мезелген маузерге қарап тұрып кеберсіген ернімен: Қош, көк аспан! – екі қолын көкке бірдей созып: Аман бол, Алаш! – дегеннен кейін өңдіршектен қорғасын қабылдады, - деп жазады . Оқып тұрып өне бойым қалтырап кетті. Фильмның соңында кімнің қашан атылғаны туралы титрлер шығып жатқанын есіме алып, Ақан мен Міржақыптарға бұндай өлім де бұйырмағаны есіме түсті. Тар тозақ абақтыда сағын сындырмақшы болған жендеттердің алдында, тіпті болмаса көк аспанға қарап тұрмай ажал қабылдау қалай болды екен, – деп ойладым...

Фильм бітіп, орнымыздан тұра бастағанда, Еділ ағам мен Сәулем бір дауыспен: Мағжан неге жоқ!? – деді. Бүкіл фильм осыны ойлап отырған мен өзімше түсіндірген болып жатырмын: "Мағжан тым ірі тұлға болған...", өз айтқаныма өзім сенбеймін: Әлекең, Ақан, Мұстафа, Міржақып Мағжаннан кем емес қой... тіпті бала Мұхтар да экранда бар, ал Мағжан – жоқ. Фильмді түсірушілерге басты сауал осы. Қалай бұл оқиғалардан Мағжанды алып тастауға болады...

Жалпы, фильмдегі тарихи кейіпкерлер жақсы шыққан – тек "Әлекеңді ірілеу болды ма, Сәкеңді сұлулау болды ма" деген ойлар болмаса. Төртпақ, монументалды Әліби Жангельдин, аңғал Амангелді Иманов - бәрі сәтті шыққан. Әсіресе Дулыға сомдаған Әбділхақ (Әбілқайыр) Досов шынайы болып көрінді маған. Басқаларының бойынан сәл декларативтік бар ма, қалай. Жалпы, кімнің кім екенін, толқып отырып көргендіктен бе, әлде титрлар асығыс көрсетілді ма, кей жағдайларда ажырата алмай қаласың да. Одан да емес шығар. Сомдалған бейнелердің біразы толыққандылық таппағандай әсер қалдырады. Жарайды, әңгіме, тіпті, кім кім екенінде, қай деңгейде бейнеленгенінде емес, осындай ғажап кейіпкерлердің экранға шығуында. Фильм ең басты міндеті - сананды оятады. Бойыңды түрткілейді, өзіңмен болмаған дүниелерді өзіңдікіндей қылып еске салады.

Tar Zaman туралы ақпарат инетте жоқтың қасы. Түсінгенім – 45 минуттық он төрт бөлімнен тұратын Ерлан Қаринның идеясымен Қазақстан телеканалы түсірген сериалдың промо-версиясы болса керек. Сериал өткен жылдың 14 желтоқсанынан бастап көрсетілімге шығу керек болған. Енді ғана осы қысқартылған түрі шектелген сеанстармен көрсетіліп жатқан түрі. «Қарағандыда екі күн көрсетіліп, жұрт көп бармағындықтан «Argumentum.kz» білім беру орталығының директоры Рахат Ахмет билеттерін сатып алып, оқушыларға таратып, қалғанын жарнамалап сатып жатыр», - дейді Казинформ. Рас болса, дұрыс істеген екен. Ютубтегі қысқа ақпараттан ұққаным: фильмның оқиғаларының желісі (сюжеті) - бас кейіпкер Әлихан Бөкейхановтың оққағарының басынан кешкендері. Режиссері «фильм тарихи деректі емес, көркем деп қабылдандар» - дейді. Айтқанына дәл келетін дүниелерді үлкен экраннан байқай алмадым. «Демек бұл фильм сериалдың басты кейіпкерлерін көрсететін қысындысы ("выжимкасы") ғана болар» - деп пайымдадым. Олай болса – қызық алдыда.

Тағы бір қуантқан нәрсе – зал бос болмады. Қоянбаевтың киносындағыдай лық толы болмаса да, әжептәуір адам жиналыпты. Билет жыртушы қыз: Аға, кеше зал тіпті толы болды, - деді. Біздің жанымызда отырған жас жігіттер қуантты. Демін ішіне тартып отырып көрді. Далаға шыққанда біраз пікірлесіп, рәсімге түстік. Промо-версия туралы айтқан бірінші осылар болды.

Фильмге оралсақ, тағы бір айтқаны – қазақтың жауы қазақ. Сол сәтті тарихи мезетті пайдалана алмай, басы бірікпеген қазақ зиялыларының көргендерін құдай ешкімге де көрсетпесін. Айналасындағыларын бәрін сатқан жас революциялық ақын (фильмнің авторлары аса қатығездік танытып, атын тасқа басқандай экранға шығарып қойды - ... Тәжібаев) совет интеллигенциясының сатқындықты жастанып жатқан белгілі бір бөлігінің айшығындай. Жақында жұртты шулатқан Тұсын Жұртбайдың Сәкен мен, қателеспесем, Тұрар Рысқұловтың Сталинге «қазақты қазақ басқара алмайды» деп, Голощекинді «сұрап алған» хаты рас болар-ау. Жалпы қазаққа жау орман елдерінің қайраткерлері фильмнің артқы фонында күнгірт көрінді. Тіпті, «жоқ» деседе болады. Бір-екі эпизодтағы Сталин, бір эпизодтағы Филипп Исаевичті есепке алмасақ .
Сексенінші жылдары қазақ ТЮЗ-ында «Сталинге хат» аттылы атышулы спектакль қойылып еді. Шалғайдағы ауылдан титтей баламды ертіп, жол тосып Алматыға келіп әрең көргем. Ол спектакльде қазақты құртқан бұратана бұралқы Сталин екені анық мезгелген еді. Гүржі ақцентімен майпаздалып айтылған «Я-года немесе (әдей бұрмаланып айтылған) Ви-шинский» мен Орталықтағы қаныпезер бәлшебектер – қазақтың хас жауы да, бас жауы екені анық көрсетілген-ді.

Фильмдегі әңгіме басқа. Менің атама ұқсас қажы кейіпкер: "Халқымыз іріді", - деді. Бұл екі сөздің ар жағында көп дүние жатыр. Іріп-шірімеудің басты жолы - өзіңе өзің жау болмау, өзіңді өзің сыйлау, өткенді ұмытпау, ұмытпай тұрып - ұлықтау.

Фильмде бір-ақ экшн эпизод бар. Ол Райбектің азғын комиссарды боспалап алып, жерге көмгені. Сериалда бұндай эпизодтар баршылық болар. Делебеңді қоздырар оқиғасыз қазір кино түсірілмес.

Енді сериалды тағатсыздана күтеміз. Себебі бұл тақырыпта қазақтын бұрын киносы болмаған. Алаш қозғалысының, алаш қайраткерлерінің қазақ тарихында алатын орны бөлек. Бүл тарихты кез келген қазақ, қазырғы кітаптан безген заманда, тіпті болмағанда кино арқылы біліп-пайымдап отырса жөн болар еді. Елі үшін, елінің болашағы үшін жаның пида еткен тұлғаларды білмеу - күнәға тең.
Қазір кино жаңа қазақ мемлекетінің идеологиялық құралына айналсын деп жалауланып жатыр ғой. Америка мен Европа бұны баяғыда түсінген. Қоянбаевтың кинолары мен жарнамаланып жатқан "Сиситай" бізді алысқа апармас.
