Перейти к содержимому
Обложка сообщества Екпiн

Талғат Байназаров: «Барлық оқушылардан 100% математик болуды талап ете алмаймыз»

«Сондықтан заман жүйрік, біздер шабан,

Артында ілесе алмай жүрміз әман.

Күн сайын өзгеріліп, өнер артып,

Бәрі де бара жатыр алға таман», - деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, күн сайын дамып, ілгерілеп бара жатқан заман талабына ілесу әр кезде де мүмкін болмайды. Ал білім саласында ондай жаңашылдықтарды жыл сайын енгізе беру тіпті қиынның қиыны болмақ. Білім жүйесінің өзгерістері мен сол ауыр артиллерияның сарбаздары: мұғалімдер мен оқушылар турасында жас мұғалім Талғат Байназаровпен әңгімелескен едік. Өйткені Талғат математика пәнінің оқытушысы ғана емес, интернеттегі белсенді жастардың бірі. Қазақтілді «Геогебра» бағдарламасының авторы. «Ұстаздық еткен жалықпас» дегендей, Талғат 22 жасында бала оқытуды (және де қазіргі заман талабына сай оқытуды) - өзінің өмірлік мақсаты деп біледі.


- Талғат, қазіргі уақытта немен айналысып жүрсіз?

- Астана қаласында Н.Назарбаев университетінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарында оқып жүрмін. Бұл бағдарламаға Қазақстан бойынша 100 мұғалім конкурс арқылы іріктеліп алынған. Курста болашақта «Н.Назарбаев мектептері» деген атпен ашылатын жаңашыл, жаңа технологиямен жабдықталатын мектептерге арнайы мұғалімдерді дайындап жатыр.

- Қай жерде туылдыңыз? Қай жерде білім алдыңыз, қай мамандық бойынша бітірдіңіз?

- Қостанайлықпын. Қостанайда туып-өсіп, мектепте де сол жерде оқығанмын. Ал университетті 2010 жылы математика мамандығы бойынша Жезқазған қаласында бітірдім. Университет бітіргеннен кейін қайтадан Қостанайға оралып, сол жақтағы Сырбай Мәуленов атындағы гимназияда бір жыл мұғалім болып жұмыс істеп жүрмін. Жоғарғы сыныптарға сабақ бердім – 10-11-лерге, ҰБТ-ға дайындық жасадық. Қорытындылары жаман емес, сол үшін өзім қуанып жүрмін.

- Мұғалім болғаныңызға бір жыл болды ғой сонда?

- Негізі 3 курстан бастап мұғалім болып жұмыс істедім. Студент болып жүріп, жай жүрмей, тәжірибе жинадым.

- Математикаға деген қызығушылығыңыз қашан пайда болды?

- 11 сыныпта оқып жүргенде, болашаққа байланысты көптеген ойлар, жоспарлар пайда бола бастады. Ең басында математика пәнін емес, биология пәнін таңдап, дәрігер болмақ ойым болған. Әкемнің кеңесі бойынша, гендік инженерияны оқығым келді. Бірақ кейін биологияға деген ешқандай қызығушылығым жоқ екенін байқадым. Содан соң, физика пәнін таңдап, инженер болмақ ойым туды. Алайда соңында инженер де болғым келмей, еліме пайдалы азаматтар тәрбиелейтін, болашақ жастарға білім беретін мұғалім мамандығын, оның ішінде математика мұғалімі болуды жүрек қалауымен таңдадым.

- Ал енді «Геогебра» сайтына келсек. Бұған дейін Қазақстанда осы бағдарлама қолданылды ма?

- Менің зерттеуімше, Қазақстанда бұл бағдарлама қолданылған жоқ. Өйткені «Геогебра» бағдарламасы тек 2009 жылы пайда болып, әлем бойынша қолданыла бастады. Түп нұсқасы ағылшын тілінде болғандықтан, көбінесе Батыс Еуропа, Америка елдерінде қолданылып жүрді. Кейін келе орыс тіліне аударылды. Ресейдің өзінде емес, Белоруссия, Эстония елдерінде тараған.

- Ал сіз «Геогебра» жайлы қайдан білдіңіз?

- Мектепке жаңадан келген кезде, сыныбымда интерактивті тақта болса екен деп армандайтынмын. Өйткені оқушыларым – 11 сынып оқушылары, яғни стереометрия басталар кез. Оларға үш өлшемді денелер жайлы екі өлшемді тақтада түсіндіру қиын болды. Ал іштей сызылған пирамида, шар сияқты ұғымдарды салу мүлдем мүмкін емес-тін. Содан оқушыларға компьютер көмегімен қалайша тиімді үйретемін деп ойланып жүріп, интернетте  әдістемелік оқу құралдарын іздей бастадым. Байқағанымдай, қазақша болсын, орысша болсын, ондай әдістемелік еңбектер ғаламторда жоқ екен. Сосын Филиппинда жұмыс істейтін бір мұғалімнің блогына тап болдым. Қарасам, «Геогебраға» байланысты 50 шақты tutorial дейді ғой - үйрететін әдістемелік құралдар бар екен. Сол кезде жаңа жылдың қарсаңында мынадай ой туды: егер сол еңбектерді қазақ, орыс тілдеріне аударсам, өзімнің жұмысыма және де оқушыларға математиканы одан сайын түсінікті, қызықты қылып үйретуге болады. Одан соң аударуға көштім. Әсіресе «Блогкэмптен» кейін 2 айдың ішінде Қостанайда бір топ болып жиналып, «Геогебраны» толығымен қазақ тіліне аудардық.

- Аудару кезінде қандай қиындықтар болды?

- Біздің математика терминология жағынан әлі әлсіз. Математика мамандығында оқып жүрген студенттердің оқитын кітаптары орыс тілдерінде. Қазақ тілінде математика өте аз жазылған. Н.Темірғалиев сынды бір-екі авторлардан басқа, сын көтерер кітаптар жоқтың қасы. Бұл кітаптардың өзінде терминологияда қарама-қайшылықтар кездесіп жатады. Сол себепті ағылшын тілінен аударғанда, қазақша нұсқасын қай кітаптан аламыз деп дел-сал болатынбыз. Ақыр аяғында қасымдағы мұғалімдер бар, математиктер бар – бәріміз мектеп бағдарламасында кездесетін, оқушыларға түсінікті, жалпы терминдерді алуға тырыстық.

- Ал сайт құру жағынан, қаржы жағынан қиындықтар туындады ма?

- Сайт құруда қиындық болған жоқ. Өйткені былтырғы жылы өткен «Блог Құрылтайда» ең алғаш болып «Керекинфоның» әкімшісі Аршат Оразов қолдау көрсеткен болатын. Соның арқасында бір-екі аптаның ішінде сайт құрылды.

- Оқушылар бұл бағдарламаны қалай қабылдады?

- «Геогебраның» көмегімен оқушыларға математикалық қиын формулалар мен терминдер  әлдеқайда түсінікті бола бастады. Менің сыныбымда оқымайтын бір бала функция тақырыбын өткеннен кейін сайтымызға кіріп, бағдарламаны жүктеп алып, өз бетінше функцияның графигін салып, функцияға байланысты терминдерді өзі түсіне бастады. Ешкім оған нұсқаулық беріп, үйретпесе де, бала өз бетінше қызығып түсініп алды.

- «Геогебраның» кемшіліктері бар ма?

- Бұл бағдарлама енді әлі де толықтырылып жатыр. Төртінші нұсқасы шықты, келешекте тағы да бесінші нұсқасы шығады. Бірақ та қазіргі уақытта осындай «Геогебраға» тең келетін тегін таратылып, жеңіл түсіндіретін компьютерлік бағдарлама жоқ.

- Математикадан басқа сізді не қызықтырады? Спорт, музыка, кино, әдебиет?

- Математикадан басқа – интернет, интернеттен өзге – спорт. Оның ішінде – бассейнде жүзу. Әсіресе қазірде Астанада студент болғаннан кейін, студенттік мәртебемізді қолданып, жеңілдікпен кіреміз. Ал әдебиетке келер болсақ, Ахмет Байтұрсыновпен рулас болғандықтан (Талғаттың жетінші атасы - Ахмет Байтұрсыновтың төртінші атасы екен - А.К.), Алаш көсемі, ұлт ұстазы болған туысымның әдеби шығармаларын зерттеп оқып жүремін. Әсіресе оның педагогика жайлы ойларын, сабақ берудегі әдістерін оқып, өзіме түртіп жүремін. Соны қолданысқа енгізгім келеді. Ал кино, музыкаға аса әуестілігім жоқ.

- Мұғалім ретінде оқушыларды оқуға, әсіресе математикаға, қалай тартуға болады деп ойлайсыз? Жалпыға аян, мектепте математика пәні десе, оқушыларды үрей бойлайды. Көпшілігі ақыр аяғы оны түсінбей кетеді.

- Бұл мәселе қазірде «Назарбаев Университетінде» болып жатқан курста қарастырылуда. Ғылым және білім министрлігінің бастауымен бұл мәселені қолға алды. Қазірде 6 «Назарбаев мектебі» Алматы, Астана, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында бар, келешекте олар әр облыс орталығында ашылып, саны 20-ға жетеді. Осы мектептер төңірегінде оқыту барысы, оқушымен жұмыс сияқты көптеген мәселелер бойынша зерттеулер мен эксперименттер жасалады. Ал басқа орта мектептер осы «Назарбаев мектептеріне» негізделіп, солардан тәжірибе алмасып отырады. Бұл мектептер жаңа әдіс, жаңа бағдарлама алып келеді.

Оқушыларға тек қана математиканы емес, мектепті сүйдіру керек. Математиканың соншалықты қиын емес екендігін түсіндіре білу керек. Қазіргі мектеп бағдарламасы бойынша біз оқушылардан көп нәрсені талап етеміз. Бағдарлама оқушылар үшін күрделі, қиын құрылған. Мектеп қабырғасында математиканың 100 емес, 30-40 % берілсе де кейде жеткілікті. Оқушының бұл пәнге деген шын қызығушылығы болса, ол оны ары қарай жоғарғы оқу орнында алып кетеді. Ал біз оны тым күрделендіріп, барлық оқушылардан 100% математик болуды талап ете алмаймыз. Содан болар балалардың математикаға деген қызығушылығы да, сүйіспеншілігі де бола бермейді.

- Сіздің қазіргі жастар жайлы пікіріңізді білсек, оларға қандай баға берер едіңіз? Кемшіліктері неде деп ойлайсыз?

- Мен өзім де жаспын, сондықтан баға беру, кемшіліктер тізу артық деп ойлаймын. Ал мектеп оқушылары туралы айтатын болсам, оларға көбінесе үлкендер тарапынан көңіл жетіспей жатады дегім келеді. Мектепте болсын, үйде болсын, балаға әрдайым көңіл бөліп отыру қажет. Оның қандай кітап оқитынын, не көретінін біліп жүрген дұрыс. Ал мұғалімдер тек өздерінің пәндерін ғана емес, өмірлік сабақтар бойынша да тәлім берсе екен деймін. Ұстаз деген ардақты есімді арқалап жүргеннен кейін, әр мұғалім тек 45 минуттық сабақта ғана емес, қоңырау соғылғаннан кейін де үйретуші екенін ұмытпауы тиіс.

Әңгімелескен Айжан Кәрібаева

Еще по теме