ТӨСТІК БАТЫР МЕН ЖӨНДІК БИ
(Лингвистикалық ертегі)
Епте-ерте ертеде, ежелгі қазақ жерінде, Еділ мен Ертіс енінде бейбіт өмір жайлаған Қазақ елі болыпты. Онда ел басқарған екі дана, ағайынды Төстік батыр мен Жөндік би екеуінің өз елінде орнатқан тұрақты, әдепті, тәртібі жарасымды әлеуметтік өмір, әділ билікті бүкіл елі қолдайды екен.
Күндердің күнінде көрші отырған бір ел өз ішінен бүлініп, өзара қырқысып, елдің берекесі кетеді. Әбден жүдеген жұрттан Төстік пен Жөндікке елшілер келіп, ол елге де әділ билік орнатып беруін сұрапты. Төстік пен Жөндік сарай маңындағы жағымпаз елпектерге ел билігін сеніп тапсырып, өздері қырық күндік щөлден өтіп, айлап жүріп, ат арытып жетеді. Бірі батыр, бірі дана би – ағайынды екеуі бұл елде де белдескендермен белдесіп, дауласқандарын ақылмен, сөзбен жеңіп, жәбірленгендерді жебеп, қианатшыларды қысталап, кетіскендерін өзара келістіріп, жаман әдеттерінен арылтып, мұнда да жәйлі бейбіт өмір орнатыпты. Жаман әдеттерінің бірі мынадай екен: бір үйден өлік шықса, ол үйдің от басын, ошақ қасын талан-тараж, жұрдай ғып тонап, мал-мүлкіне дейін, қатын-қыздарына дейін бөлісіп алады екен.
Көбіне талас-тартыс, ұрыс-керіс, төбелес, кетісу, кектесу осыдан басталады екен. Жөндік би «Бұларың не?» деп сұраса «Әдетіміз осылай» дегеннен басқа жарытымды, көкейге қонымды ештеңе біле алмайды. Бұл тағылық жаман әдетті қойдыру үшін Жөндік би барлық нөкерлерді жинап, мұндай жаман әдеттің адамгершілікке жатпайтынын түсіндіріп, ойландырып, бұдан былай ондай рәсім қалай атқарылу керек екенін жариалап, елдің ол шетімен бұл шетіне шабармандар жібереді. Ақыры жаман әдеттерін қойдырады. Жөндік бидің осындай әділеттікті көздеген уағыздары мен жарлықтарын түсіне бастаған халық: «Әдет әдет емес, жөн әдет» деп мақұлдап, мақалдайтын болыпты.
Төстік батыр мен Жөндік би екеуі өз елін, өз жерін сағынып, жиі еске алып, әңгімелесіп отырады екен. Бір күні Жөндік ағасына келіп былай дейді: «Бүгін мен бір түс көрдім, түсімде жаман іс көрдім. Біздің қыздар басында, сәукеле емес пұт көрдім» дейді. Бұл түсті жақсылықтың нышаны емес екенін сезген Төстік дереу інісі Жөндікті елге аттандырыпты. Қырық күндік шөлден өтіп, ат арытып елдің шетіне келгеннен көргені сұмдық. Ауыл сыртында арық қойлар жайылуды қойып, топтасып, бас түйістіріп құққ-қыққ деп сөйлескені ме, жөтелгені ме, әйтеуір көмейлерін жыртып қырқылдайды. Әтештер бұрынғыдай шырқатып ән салмай құқық-қық, қықық-құқ деп қырқылдайды. Тауықтар тырым-тырақай қашып құққ-көтек, құқ-құқ деп шуласады, бірақ өздері де шатасып бұрынғыдай балапандарын қыт-қыт деп шақырудың орнына құққ-құққ, құққ-құққ, құқық-құқыққ деп шақырады балапандарын; бірақ олар түсінбейді, жүгіріп келмейді. Аул ортасына келгенде бір үйдің алдында бұдан да өткен сорақыны көреді. Бір адам білегін сыбанып алып, баланың көмекейіне қолын жүгіртіпжатыр. «Мұның не, неболды?» деп сұраса, әкесі былай дейді: «Балам мектепте түсініксіз бір құқұққ-құқ-құқ дегенді үйреніп алыпты, жиі-жиі қырқылдап жүреді, көмекейінде бірдеме тұрып қалған сияқты, соны алып тастайын деп едім...» Жөндік би өз сарайына келсе, төрде Құқыққстаннан келдім деп біреу отыр, сендерге құқықтықты үйретемін деп жер тепкілейді. Оған бағынып мойынсұнған кешегі өзін силайтын халқы: «Құқықстан ренжиді, сен кет, құқықтық барда жөннің, жөндіктің керегі жоқ» десіп төмен қарайды, қуып жібереді. Бірақ қалың жұрты оны әлі ұмыта қоймапты, әлі де болса «жөндік жоқта құқықтық шыға келер ортаға» деп жырлап, мұңайады екен. Құқықтықты қанша оларға тықпалағанмен, халық жөн мен жөнсіздік арасындағы айырмашылықты танудан жаңылар емес. Жөндік рухы қазақ жерін әлі де кезіп шарлап жүр деп сенеді халық.
Ертегі өтірік, бірақ ол шындыққа меңзейді.(В сказке ложь, да в ней намек, добрым молодцам урок). Заң саласында бір ұғымды білдіретін төрт тілдің төрт сөзін қатар қойып салыстырайық: қазақта – жөн, орыста- право, немісте – rechts (оң, правый), тәжікте – хокук. Бұлардың үшеуі (орыс, неміс, тәжік сөздері) өз тілдерінде заң терминдері, тек іске жарамай қалған қазақ сөзі. Біздің ЖӨН сөзіміз де, ОҢ сөзіміз де ПРАВО. ХОКУК сияқты заң терминдеріне жарап тұр, жарата алмай жүрген өзіміздің тіл көсемдеріміз. Орыстар да, немістер де ОҢ (правый, rechts) сөздерін заң термині етіп алған. Бұл олардың тілінің, лингвистерінің икемділігі болса, қазақ лигвистерінің таяздығы ма, әлде тіліміздің бишаралығы ма??(Бұл туралы бөлек сөз қозғау ойымда жүр). Орыс тілінің түсіндірме сөздіктерінде ПРАВЫЙ(оң) дан жасалған сөздердің 64 мәні келтірілген, соның ішінде 19-ы заң терминдері. Қазак тілінің түсіндірме сөздігінде ЖӨН сөзінің 11 мәні келтіріліпті, солардың бірі де заң термині емес. Мысалы, Манас жырында «Халыққа басшы болған соң, көрсетпес пе екен жөндемдік». Қырғыздар мұны «...көрсетпес пе екен құқықтық» дей қойған жоқ әзірше. Немесе қазақ көркем әдебиеттерінен келтіре кетейін: «... жоқ мұндай жөнсіздікке жол беруге болмайды...», «...жөнсіз айыптау деген адам жанына салған жара...». Егер біреу термингерлерге бағынбай «жөнқорғау органдары» деп жаза қалса, редактор оны дереу «құқық қорғау» деп түзетер еді. Тәртіп солай. «Құқық» - бізге күнгей аймақ арқылы өзбектен келген. Өзбек пен тәжік аралас. Біз де араласуды жақтаймыз, бірақ тілге қианат болмасын.
Ғаббас Құмаров
