Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ҚҰТ ДАРЫҒАН КҮРЕҢБЕЛ НЕМЕСЕ НҰРЫМ САПАРЫ

О, айналайын, кең далам!

Қазақ бауырым жайлаған алып далам!

Мінеки, біздің тауларды екі жаққа ысырып тастап,

ши мен көдеге ырғалып, ұшы-қиыры жоқ шексіз теңіздей

көсіліп жатырсың. Кім біледі сенің қойныңда жатқан күшті.

(Ш. Айтматов.  Жәмилә)

Студент кезімде Алматыдан Жансүгірге дейін автобуспен неше рет жүргенімді санамаппын, бірақ көп жүргенім анық. Жылына кемінде төрт рет ауылға барған болсам, бес жылда 40 рет сол жолмен жүрген екенмін. Көбіне қалааралық «Икарус» автобустарымен қатынайтынбыз. Жолда міндетті түрде тоқтайтын станцияның бірі Сарыөзек болатын, сұрықсыздау, көңілсіздеу көрінетін, бар сырын ішіне бүгіп, құпиясын ашпай жататын бір тылсым дүние сияқты әсері де болатын. Одан кейінгі кезеңде «Сарыөзекке әкеліп ракета жарады екен, ол да Семей сияқты полигон болады екен» деген дүмпу менің санамдағы Сарыөзекті тіпті қауіпті аймаққа айналдырып жіберіп еді. Ракета тасымалдай бастаған кезде теледидар арқылы берілген, көңілде қорқыныш тудырған бір көрініс те есімде  қалып қойыпты.

Сарыөзек - Алматы мен Талдықорған қалаларының арасында,  Арқарлы, Ешкіөлмес тауларының аралығында созылып жатқан сары адыр.

Ш. Айтматовтың «Боранды бекет» романында: «Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып, сахара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көсіліп жатады»  - деп шығарманың өн бойында бірнеше рет қайталанатын авторлық иірім бар. Көркем шығарма болғанымен көз алдыңа бірден Сарыөзек   даласы келеді.

Соңғы жылдары алыстағы қазақ ауылдарына барып келген сайын жүрек сыздайды. Иесіз қалған үйлер, тозып кеткен ауыл, жұмыссыздық, нашар тұрмыс көңіл құлазытатын. Ауылда жұмыс жоқ деп, бар бала-шағасын қалаға жіберіп, арбаға салынған флягті сүйретіп, өздері су тасып жүрген ел ағасы болып қалған азаматтар, басқаны былай қойғанда үй ақтайтын әкке де қолдарын жеткізе алмай отырған әйелдер ауыл көрінісін тіпті көңілсіз қылып жіберетін.

Деңгейлі бағдарламаға қатысты семинарды ұйымдастыру, өткізу шараларымен Алматы облысы Кербұлақ ауданы Нұрым ауылына екі рет бардым. Бұл ауылдан мүлдем басқа көңіл-күймен оралдым. Көп нәрсе қуантты. Әдемі жасалған қақпаларды көріп те қуандым, Тұрған ағамыздың есігінің алдынан қазақ өмірінің бір бөлшегіндей болып кеткен ат арбаны көріп те қуандым,  ауылдағы әр үйге кіргізілген, краннан ағып тұрған суды көріп те қуандым, мектепте жұмыс істеп жүрген жастарды көріп те қуандым, балаларының қызығын көріп, келін түсіріп, немерелерінің тәтті қылықтарына тоймай отырған үлкендерді көріп те қуандым. Ауылдан жастардың кетіп қалмағанына қуандым.  Әкесі, баласы, немересі жүрген қазаққа тән үш ұрпақты отбасын көріп қуандым. Кішкентай ауылдағы, кіп-кішкентай мектепте облыстық семинар өткізсем деп, екі жылдан бері талаптанып жүрген кішкентай Күмістің үлкен арманына қуандым. «Мақсатың биік, арманың асқақ болсын!» - деп осындайдан кейін айтатын шығар. Сол өңірдегі мектеп директорларының ынтымақтастығына, бірін-бірі қолдап, команда болып жұмыс істей алатындықтарына қуандым. Облыстық семинарға дайындық кезінде: «Алыс аудандардан келетін мұғалімдер қонатын жерге алаң болмасын,  үйді-үйімізге бөліп аламыз» – деген Нұрым мектебі мұғалімдерінің қазақы көңіліне, кең пейіліне қуандым.

Бәрінен де, көптен жоғалтып алғанымды тапқандай, қазақ ауылын, қазақы мінез адамдарды көріп қуандым. Олардың ауылдарын тастап үдере көшіп кетпегеніне қуандым. Ауыл бар жерде қазақ бар, қазақ бар жерде қазақ тілі бар, қазақ тілі бар жерде Қазақ елі бар.

Нұрым ауылына барар жол

Көп жақсы адамдармен таныстым. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Клара Нұрмұханқызының  сөз саптауы, өзін ұстауы, тіпті қимыл-қозғалысына дейін бірден тәнті етті. Жазушы болып, білім саласында жүрген текті, тәжірибелі, іскер әйел туралы жазатын болсаң, дайын тұрған образ. Өзі тұнып тұрған тарих екен. Аз ғана әңгімелескеннің өзінде бірталай қызықты мәлімет алдым, ол кісі уақыт тауып мемуар жазса, сол өңір үшін ғана емес, бәрімізге де құнды бір дүние шығар еді.

Қазақ  әйелінің, әсіресе ауылда тұратын қазақ әйелінің өмірі қым-қуат тірлікке толы, оның үстіне мектептен үйге еріп келетін мұғалімдік жұмысты қосыңыз, қолды жылы суға малып отыратын жағдай жоқ. Осындай күйбең тіршілікпен шыр көбелек айналып жүріп-ақ өздеріне де уақыт тауып, әйел болғандықтан әдемі болуға да міндетті екендіктерін ұмытпай, өздерін де, от-басын да жарқыратып отырған  тарихшы Айнагүл мен психолог Айжан  да көп ой салды. Негізі көп нәрсе өз қолымызда. Қазақтың негізгі тұрмысы ауыл тұрмысы болғандығын ескерсек, біздің арысы ертегі, жыр-дастандарымыз, берісі ақын-жазушыларымыз көркемдігін, әсемдігін, тазалығын, шеберлігін, мінезділігін т.б. керемет қылықтары мен көркін суреттеген кейіпкерлердің бәрі ауылда болған ғой. Біз соңғы жылдары өз қолымызбен бәрін өзгертіп, сұлулар, күтімі бар көрікті әйелдер тек қалада, ауылда тек тозып, қартайып, алқа-салқа болып кеткен әйелдер тұрады деген түсінікті санаға сіңіріп, ауылдағы қазақ әйелдерінің  образын өзгертіп жатырмыз. Айнагүл мен Айжан менің ойымша, өздерін жақсы көре алған, өз ерекшелігін, өз күшін тани алған, өз бағасын біле алған, өз уақытын жоспарлай алған әйелдер, өз білімі мен мәдениетін көтере алған, ең бастысы өздерін құрметтей алған әйелдер. Ондай адамдар жақсы ана да, жақсы ұстаз да, жақсы әже де бола алады. Басқаларды құрметтей де, басқаларды шынайы жақсы көре де алады, өздерін сыйлата да алады, бақытты да бола алады.

Үйге келіп Шыңғыс Айтматовты қайта қарадым. «Түнгі сағат екілер шамасы. Аспандағы жұлдыздар баданадай-баданадай болып жарқырай түсті. Ай да толықсып, Сарыөзек даласының үстіне ерекше бір пейілі түсіп, бозғылт сәулесін еселеп себелегендей болды. Жұлдызы шүпірлеген алыс аспан астында керіле түсіп, Сарыөзектің шексіз сары даласы жатты»  - деп жазады Ш. Айтматов «Боранды бекет» романында.

Әрқайсымыз өз қолымыздан келгенше ауылды қолдасақ. Ауыл мен қала тұрмысының, білімінің арасындағы айырмашылықты азайтсақ. Қазақ ауылын жоғалтып алмасақ.

Әр ауылдан Нұрымнан қайтқандай әсермен қайтсам...

 

1
0
3389

Еще по теме

ҚҰТ ДАРЫҒАН КҮРЕҢБЕЛ НЕМЕСЕ НҰРЫМ САПАРЫ - Yvision.kz