Студенттік рингтондар ондығы
Телефондағы әуен иесі жайында көптеген мәлімет бере алады. Жастар бір ән не әуенге деген махаббатын осы рингтондар арқылы білдіретіні де бәрімізге мәлім. Сонымен қатар, рингтон арқылы поп-мәдениеттің бағытын әрі танымалдылық деңгейін оңай байқауға болады. Сол себептен де біздің тілішіміз «екпінді» жастар арасында кішігірім сауалнама өткізіп, 2011 жылы танымалдылыққа ие болған рингтондар арасында студенттік ондықты құрастырған еді.

Nokia Tune
Сауалнама нәтижесі бойынша “бас жүлдені” атақты Nokia Tune әуені иемденді. Википедиядағы мәліметтер бойынша, Nokia tune – испанияның классикалық композиторы әрі гитарашысы Франсиско Таррегойдың 1902 жылы соло-гитараға арнап шығарған композициясы Gran Vals-тан алынған музыкалық үзінді екен.
Бұл рингтон әлем бойынша тәулігіне шамамен 1,8 миллиард рет және минутына 20 000 рет шырылдайды.
Махаббат бекеті - Төлеген Мұхамеджанов
Белгілі кинорежиссер Талғат Теменовтың 1993 жылы дүниеге алып келген "Махаббат бекеті" туындысында саундтрек болған әуен сол кезең мен бүгінгі жастардың жүрегінен ерекше орын алады. Бұл әуенді көбінде романтикалық сезімдерге берілгіш, сезімтал, ғашық болуды армандап жүрген қыз-жігіттердің ұялы телефондарынан естуге болады.
Ауырмайды жүрек - Қайрат Нұртас
Осы жазды талайыңыз «ауырмайды жүрекпен» өткізгендеріңізді әсте жасыра алмассыз. Ән алғаш шыққанда өлеңнің кілт сөздерін бірден жаттап алып, үлкен-кішіге дейін ыңылдап айтып жүрді емес пе? Бүгінде жарыққа шыққанына жарты жылдан асып кетсе де, махаббат жайындағы ән әлі күнге дейін ұялы телефондағы негізгі рингтондардың бірі.
Біздің жігіттер - Ерболат Құдайберген
Бұл ән атына сай көптеген жігіттердің рингтонына айналды. Ерболаттың «Мен қазақпын», «Үш жүз» сынды патриоттық әндері де отаншыл жастардың сүйікті әуені.
Күзгі бақ - «Музарт» тобы
Жалпы «Музарттың» қай өлеңін алмасақ та, танымал рингтон болып жатады. Мысалы, «Сен келерсің», «Есіңе ал», т.б. Алайда, осы бір ән рингтоншыл жастарымыз арасында ерекше ықыласқа ие. Әннің басталар кездегі ерекше әуені әдейілеп рингтон болуға лайықталғандай.
Ақ құсым - Нұрлан Әлімжанов
Көбінесе қыздардың арасында кең таралған рингтон. Әншінің биязы үні, сөзін ерекше көңілмен орындауы бұл әнді тез арада танымал қылды.
Criminal - Бритни Спирс
Батыстың әуендеріне әуес жастардың ұялы телефонында басты рингтондардың бірі - әлемге танымал әнші, мың бұралған биші әрі әртіс Бритни Спирстің «Femme Fatale» атты жаңа альбомының ресми түрде төртінші синглына айналған «Criminal» әні. Бұл әннің авторлары Макс Мартин, Шелбэк және Тиффани Амбер. Ал бейнеклиптің авторы - танымал режиссер Крис Маррс Пильеро. Ән қылмыскер мен ақсүйек қыздың махаббаты жайында. Лондон көшелерінде түсірелген бейнеклип кезінде біраз шу шығарған еді. Ұлыбританияда болған толқудың көріністеріне ұқсас кадрлар бар деп, биліктегілер бүл клиптың көрсетіліміне тыйым салған екен. Алайда «Criminal» жастар арасында хитқа айналды.
Rain Over Me - Pitbull & Марк Энтони
Pitbull деген лақап атпен елге белгілі американдық рэппер, әрі продюсер Армандо Кристиан Перез бен музыкант, әнші Марк Энтонидың орындауындағы «Rain Over Me» әні.
Moves Like Jagger - Maroon 5 пен Christina Aguilera
Жеңіл әрі көңілді рингтон телефон иесінің жайдары мінезі мен ашық көңіл-күйін көрсететіндей. Бұл ән шынымен де адамның көңіл-күйін көтеріп, билеуге жетелейді.
Love You Like A Love Song - Селена Гомес
Батыстық әншілер тізіміндегі тағы бір әнші - биылғы жылы ерекше көзге түскен Селена Гомес. Ал оның «Love You Like A Love Song» әні көбінде қаланың жаңашылдыққа жақын, өзгерістерге тез бейімделгіш, әңгімесінде "гламур" сөзін жиі қолданатын жастардың талғамында.
Жұмыр, Қылыш - Ұлытау
Күй – қазақ халқының көркем ойлау жүйесіне тән ерекше құбылыс. Халықтың азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, өр рухты ақын Махамбет Өтемісұлының «Жұмыр, Қылыш» күйі «Ұлытау» тобының орындауындағы нұсқасында барлымызға мәлім.
