СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР ҚУАНТАДЫ
СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР ҚУАНТАДЫ
Дана халқымыз «Тәні саудың -жаны сау» немесе «Бірінші байлық-денсаулық»,- деп бекер айтпаған. Себебі, салауатты өмір сүрудің алғы шарттарының бірі – спорттың адам өмірінде алатын орны, тәрбиелік мәні ерекше.
Міне, осындай салауаттылықты басты ұстаным еткен аудандағы спорт мектептері бүгінде жетістіктерден кенде емес. Осы орайда аудандық спортшыларымыздың не бары екі ай шамасында алған асулары мен жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
Әсіресе, тек ауданның ғана емес қазақ елінің көк байрағын көтеріп, намысын қорғап жүрген аудандық спортшыларымыз біздің мақтанышымыз.
Атап айтар болсақ, қазан айындағы алғашқы жеңіс спорттың таеквондо түрінен Ресей федерациясының Омск қаласында өткен V халықаралық турнирде өнер көрсеткен №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің оқушысы Жандос Сералиевтің қанжығасына ілікті. Дүбірлі додада бағын сынаған жерлесіміз 48 келі салмақта күш сынасып, турнирдің қола жүлдегері атанды. Ал,қазан айының 2-5 күндері аралығында Талдықорған қаласында еркін күрестен ерлер және әйелдер арасында өткен республикалық турнирде Жуынтаев Рамазан 70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жеңіс төрінен көрінді. Жарыста Қызылорда облысының намысын қорғаған алтын алқа иегері бұл жеңісі арқылы еркін күрестен «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына қол жеткізді.
Мұнан соң, Алматы қаласында 10-15 қазан аралығында өткен ІІІ Қазақстан Республикасының Чемпионатында Президенттік көпсайыс жарысынан жерлесіміз N14 мектеп-лицейінің шаруашылық жөніндегі орынбасары Нұрмаханов Алтай Күміс медалін жеңіп алды.
Бұл жеңісті күндер 15-17 қараша күндері Жезқазған қаласында еркін күрестен Қазақстан Республикасының чемпионатында жалғасын тауып, онда №19 Арал ауданының ОРМБЖ мектебінің оқушысы Асқар Жеңісбеков өз мықтылығын тағы да бір дәлелдеді. Өзіне артылған жауапкершіліктің салмағын сезіне білген жас балуан алғаш жарыс кілеміне шыққан бойдан-ақ өзінің қауқарын танытып, алаң иесі Жезқазғандық қарсыласын өте айқын басымдықпен жеңді. Осылайша Асқар қалған қарсыластарын да оп-оңай жеңіп, ақтық сынға жолдама алды.
Одан әрі, жігерлі жастарымыздың асығы алшысынан түскен қараша айында аудан спортшылары тағы да жеңістің тұғырынан көрінді. Нақтырақ айтқанда, Ресей елінің астанасы Мәскеу қаласында талай мықтының басын қосқан әмбебап жекпе-жектен әлем біріншілігіне қатысқан №19 Арал аудандық Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшысы Әліби Болатұлы жүлдемен оралды. 28 мемлекеттің спортшылары бақ сынаған байрақты бәсекеде жерлесіміз Сербия мен Судан елінің үміткерлерімен жекпе-жекте басымдық танытып, жеңіске жетті. Осылайша ақтық сынға жолдама алған Әліби Болатұлы Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Айта кету керек, Әліби үстіміздегі жылы Душанбе қаласында өткен әмбебап жекпе-жектен Азия чемпионы атанған болатын.
Сондай-ақ, 22-25 қараша күндері аралығында Қостанай қаласында Тəуелсіздік мерекесіне орай еркін күрестен ересектер арасындағы халықаралық турнирде жерлесіміз Қуанышбаев Талап 57 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жүлделі ІІІ-орынға ие болды.
Бұдан бөлек, үстіміздегі жылдың 25-26 қараша күндері аралығында Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновты еске алуға арналған қазақ күресінен 2004-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында республикалық турнирде №19 Арал ауданының ОРМБЖ мектебінің оқушысы, жерлесіміз +50 келі салмақ дәрежесінде Əуес Нұржан жеңімпаз атанды.
Ал, Ақтөбе қаласында 22-26 қараша күндері аралығында өткен «Халықаралық дəрежедегі спорт шебері – Бауыржан Ақшолақовты еске алуға арналған XIX-халықаралық турнирде» Отызбаев Ғалымжан 52 келі салмақ дәрежесінде бокстан І-орынға ие болып, жеңімпаз атанды.
Айта кету керек, аймақ спортшыларының ішінде бабы мен бағы қатар озған аралдық спортшыларымыздың мұнан өзге де облыстық, аудандық деңгейде өткізіліп жатқан жарыстарда жетістіктері жетерлік.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, бүгінде спорт саңлақтарының қол жеткізген әр жеңісі ең алдымен оларды баптаған бапкерлері мен жаттықтырушыларының тынымсыз еңбегі екендігін ескерсек, осы ретте, №19 Арал ауданының ОРМБЖ мектебінің жаттықтырушыларының еңбектері ерен. Осындай жаттықтырушылардың арқасында аудандық спортшыларымыз жыл басынан бері Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктерінен екі алтын, бес күміс, тоғыз қола иеленсе, Азия біріншіліктерінде бір алтын бір күміс және Әлем чемпионатында бір күміс алқаны қоржынға салған. Сонымен қатар, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі тарапынан Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелерге байланысты спорт түрлерінен спорттық іс-шаралар өткізіліп, аудан тұрғындары спортпен шұғылдануға тартылып келеді.
