СОЛТҮСТІКТЕ «МИГРАНТ» ЖПІШ НӘТИЖЕСІ БОЙЫНША 16 ШЕТЕЛДІК ЕЛ АУМАҒЫНАН ШЫҒАРЫЛДЫ

Талдау көрсеткендей, шетелдіктердің тарапынан жасалатын бұзушылықтардың негізгі бөлігі ел аумағына келу, онда болу мен шығу ережелерінің бұзушылықтары.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері Петропавл қаласындағы құрылыс объектілерінің бірінде заңсыз жолмен нәпақасын тауып жүрген Өзбекстан Республикасының 5 азаматын анықтады. Шетелдіктер Қазақстан аумағына қаңтар айының басында жеке мақсатпен келгенін айтып енген. Алайда, ақша таппақ болып, көші-қон заңнамасын бұзған. Нәтижесінде оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, олар әкімшілік қамауға алынды.

Іс-шара барысында құрылыс объектілерінен бөлек, тәртіп сақшылары базарлар мен сапаржайларды, шетелдіктердің топтасып қоныстанған орындарын тексерді. Рейдтік іс-шараның бес күнінде шетел азаматтарының еліміздің аумағында болу ережелерін бұзуының 259 фактісі анықталды. Облыс соттарының қаулылары бойынша ел аумағынан 16 шетелдік шығарылды.
СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция майоры Талғат Әбіловтің айтуынша, өткен жылы солтүстікқазақстандық сақшылар 5 жедел-профилактикалық іс-шара өткізген. Олардың үшеуі – республикалық көлемдегі іс-шаралар. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде үш мыңнан астам шетелдік азаматтар әкімшілік жауапткершілікке тартылды. Соттың шешімімен 189 шетелдік елден шығарылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз қолданған 100 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 12 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік шекараны заңсыз жолмен кесу, ел аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамау мен заңсыз көші-қон ұйымдастыру үшін 44 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз көші-қонға қарсы жұмыстар жалғасуда.
СҚО ПД баспасөз қызметі
http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN
