СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ САҚШЫЛАРЫ КӨЛІГІ ІСТЕН ШЫҚҚАН ЖҮРГІЗУШІГЕ КӨМЕКТЕСТІ
Алматылық Нұржан Олжабаев досымен бірге «ГАЗель-Валдай» автокөлігімен Петропавл қаласынан жолға шыққан. Келлеровка селосының маңында көлік істен шығып, тоқтап қалған. Көп ұзамай оларды СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері полиция аға лейтенанты Жігер Балтабай мен кіші сержант Роман Камалиев байқайды.
«Жол сақшылары менің көлігімді өздерінің көлігіндегі аккумулятор арқылы қуаттандырып, оталдырмақ болды. Бірақ аккумуляторларымыздың күші аздау болғандықтан, ештеңе істей алмадық. Аға лейтенант Жігер аккумуляторларды жақын маңдағы кәсіпорындардың бірінде қуаттап алып келуді ұсынды. Ол өзі аккумуляторларды жеткізіп салды. Кейін досым екеуімізді түскі ас ішуге апарып келді. Түстен кейін аккумуляторларды алып, көлігімізге алып келді. Жолай Көкшетау қаласынан келе жатқан әйелдің көлігін оталдырып берді... Бұл қызметкерлерге алғыс айтамын. Олардың отбасыларына денсаулық, амандық тілеймін. Осындай азаматтарды ата-аналары, жақындары мақтан тұтуы тиіс», - дейді Нұржан Олжабаев.
Ал полицейлердің өздері үлкен іс жасадық деп ойламайды. Жігер Балтабайдың айтуынша, патрульдік полицияның экипаждары жолға шықпас бұрын нақты нұсқаулар алады, яғни тоқтап қалған әрбір көлікті тексеру, жөндеуге көмектесіп, жүргізушілер мен жолаушылардың жылынуына жағдай жасау.
«Жолда көмек көрсету тек полицейлерден ғана емес, кез келген азаматтың тарапынан болуы керек. Бұл – адамгершілік белгісі», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі полиция подполковнигі Ерлан Мәдиев. – Солтүстік өңірдің қысы қатты, сондықтан қызметкерлерімізге күн сайын жолда қалып қойған азаматтарға көмектесуді нұсқамалық кезінде айтып отырамыз».

СҚО ПД баспасөз қызметі
mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN
