СОҢҒЫ СӨЗ
СОҢҒЫ СӨЗ
Горюнов пен серіктерінің Санников жерінде бастан кешіргендерімен таныса келіп, жас оқырманның авторға мынадай сұрақтар қоюы заңды: Солтүстік поляр теңізінде жасырынып жатқан осынау жер жалпы бар ма еді? Себебі бұл кітап – ғылыми фантастикалық роман ғой?..
Оқырманның бұл сұрағына автор: осынау беймәлім жерге саяхат шынында да ойдан шығарылған деп жауап береді.
Ал осы кезде Санников жері бар ма деген мәселені Арктикада жүргізілген жаңа советтік зерттеулер шешіп берді. Санников пен Толльдің бақылауларына қарағанда, бұл жер жүз жыл шамасы бұрын болған да, бертін келе жойылып кеткен. Біздің поляр зерттеушілер барлаған Мұзды мұхиттың шығыс бөлегі төңірегінде жүзіп жүретін аралдар бар. Совет ғалымдарының соны зерттеулері адмирал С.О.Макаровтың 1899 жылдың өзінде-ақ жасаған Мұзды мұхитта жүйткіп көшіп жүретін мұз аралдары бар деген тұжырымын дәлелдеді. Үлкен Шпицберген аралынан терістікке қарай жүзіп бара жатқан Макаров теңіз мұздарының арасынан белгісіз бір арал көрген. Аралдан адмиралдың серіктері үйінділер мен ұсақ тастар тапқан, аралдың мұзы теңіздікі емес, тұщы судікі болып шыққан. Тегі, бұл Шпицбергеннен бөлініп кеткен мұзарттың пұшпағы тәрізді алып айсберг деген тоқтамға келген-ді Макаров.
Мұзды мұхитта теңізге сырғып жататын мұзарттары бар тау-тасты үлкен аралдардың әжептәуір мол екені бұрыннан белгілі. Айсбергке айналғандары теңіз суына түсіп, жаз мұз ойылған тұста ағыспен бір орыннан бір орынға көшіп жүреді.
Мәселен, 1939 жылы Генриетта аралынан теріскей екі ірі айсберг көрінді, ал 1946, 1948 жәке 1950 жылдары жоғары ендіктерден совет ұшқыштары жылжып жүрген үш аса ауқымды мұз аралдарын ашты, олар қар мен мұздың еруінен пайда болған өзендер мен көлдерді және таулар мен төбелерді, мұзарт моренасы – алып қойтастарды көрді. Совет ғалымдары айсбергтердің Франц – Иосиф жері, Солтүстік Жер және Канада архипелагы мұзарттарынан бөлініп, қашан еріп біткенше бірнеше жыл көшіп жүретінін анықтады.
Санников жерін де Солтүстік жер мұзарттарынан бөлінген сондай бір мұз арал – айсберг деп ойлауға болады. Тегі, ол Новосибирь архипелагынан терістікке қарай теңіздің таяз тұсында қайраңға шөгіп, жетпіс жылдан астам тұрса керек, себебі оны Қазандық аралының терістік батысынан Яков Санников 1811 жылы байқайды да, ал 1886 жылы Эдуард Толль тұп-тура сол тұстан ашық күні үшкір басы діңгектей шаншылған төрт шың мен оған шығыстан жапсарласқан тау сілемін көреді. Бәлкім, екі байқаушының көзіне түскен бір арал емес, әр жылы түрліше кеп сол жердің қайраңына шөккен басқа аралдар шығар.
Әрине, ондай көшпелі мұз аралдар Шығыс Сібір жағалауларынан чукчалардан қашып шығып кеткен онкилондарға пана бола алмайды.
Көшпелі аралдарда ешқандай өсімдік болуы мүмкін емес. Ондай аралдар ұя басар құстарды қызықтырмаса да керек. Жазда түстіктен терістік жаққа ұшып келген құстар балапанын басып шығаратын сенімді жер іздейтіні хақ, ал ондай орын Мұзды мұхит аралдарының архипелагында жеткілікті деп айтуға болады.
Жас оқырманға Мұзды мұхит аймағында осы бертінде болған мына оқиғаны да білу қызық: Еуропа, Азия және Америка жағалауларын көмкеріп жатқан Солтүстік Мұзды мұхит ұлылы-кішілі аралдарға жалпы бай. Сол аралдарда жас жанартау жыныстары жиі кездеседі. Ал Исландия аралы сияқты кейбірінде жанартау күні бүгінге дейін атқылап жатады. Мұның өзі – менің Санников жерін жойып жіберген жойқын жанартау жайындағы топшылауым Жердің осынау өңіріне сыйымсыз бірдеңе емес екенінің дәлелі. Геологиялык зерттеулер Мұзды мұхиттың Таймыр түбегінен бастап Врангель аралына дейінгі шығыс бөлігі мен солтүстік ендіктің 80 градус терістігі түгел жер дамуының төртінші дәуірінің басында Сібірдің солтүстік жиегі болған құрлық екенін ашып та берген. Бұл осы аралдар жынысынан табылған мамонт, мүйізтұмсық, өгіз, жылқы сияқты ірі сүтқоректілер қалдығымен де дәлелденіп отыр. Бұл аралдар жер дамуының төртінші дәуірінің басында Сібірмен біртұтас болмаса, әлгі қалдықтар бұдан кездеспес те еді. Зерттеулер сондай-ақ кейбір аралдарда бір кезде құрлықтың жоғарғы жағын жауып жатқан мұзарттардың қалдығы – мұз қабаттары қалғанын да көрсетіп берді.
Новосибирь архипелагының бір бөлегі болып саналатын Үлкен Ляховский аралының қазбалы қалың тоңында мамонттардың көптеген тісі табылды, теңіз толқыны шайып мұздан шығарып тастаған сол тістерді жинау үшін ерте көктемде құрлықтан әдейі іздеп кәсіпкерлер келетін-ді. Баяғы кезде Якутскідегі жәрмеңкеге жылына бір-екі мың пұт мамонт тісі түсетін. Бұл жер дамуының төртінші дәуірінде бұрынғы болған құрлықта жүздеген ірі жануарлар өмір сүргенін дәлелдейді. Бұрынғы құрғақ жердің биігірек белесі болған кішігірім аралдарда осыншама мамонттардың болуын олардың бұрынғы құрлық Мұзды мұхит деңгейімен теңеліп, су басқанда бас сауғалап паналағандығынан деп білген абзал. Сөйтіп, Сібірдің терістік құрлығының осынау бұрынғы бөлегінде жанартаулардың атқылағанына, мамонттар табын- табын өргеніне, мұзарттар болғанына біздің дәлеліміз бар, енді сол құрғақ жердің теңіз астына түскен мезгілін де анықтай аламыз. Ол теңіз астына соңғы мұз басу дәуірінің кезінде немесе оның аяғында кеткен. Мамонттардың алғашқы қауым адамдары салған бейнесінің табылуы, ол кезде сол адамдардың өмір сүргеніне дәлел.
Демек, менің романымдағы Мұзды мұхиттың ортасында бір кезде үлкен жанартаудың кратері болып шыңға ұқсап тұрған оқшау байтақ арал – жылылығының арқасында мұз басу дәуірінен бермен қарай мамонттар мен алғашқы қауым адамдарын сақтап келген жер деген жорамал шындықтан ешбір шалғай емес. Поляр мұздарының ортасындағы сол жерұйық аралдан Америка индеецтеріне тұқымы жақын Аляскадан чукоттардың тықсыруымен Мұзды мұхит аралдарына шығып кеткен онкилондардың пана табуы әбден мүмкін.
Сібірдің терістігінде бұдан үш жүз немесе төрт жүз жыл бұрын өмір сүрген осы бір жұрттың тарихын анықтау үшін онкилондардың жойылып кетуі мәселесімен СССР Ғылым академиясының Тарих институты не Материалдық мәдениет тарихы институты шұғылданғаны жөн болар еді. Новосибирь архипелагы аралдарынан олардың өзіндік тұрпатта салынған баспана тұрағының қалдықтары табылды. Бұл – осы тайпа өкілдерінің біраз уақыт сол аралдарда тұрғанының белгісі, ал одан басқа ешбір мағлұмат әзір жоқ. XIX ғасырдың поляр зерттеушілері оларды бұл аралдардан таба алмаған. Онкилондардың бәрі әлдебір індеттен қырылып қалды ма, әлде бір аралдан екіншісіне қайықпен жүзіп өтеміз деп жүріп немесе әбден қатып болмаған мұз үстімен жүріп, опат болды ма – ол жағы белгісіз.
Сол секілді хабары кейде баспасөз бетінен ұшырасып қалатын жыл құстарының көктемде терістікке ұшып, күзде құрлыққа қайтатыны да басы ашылып, айқындалмаған мәселе. Бұл мәселені шешу үшін былай жасау керек:
1. Батыста Оленек пен Лена өзендерінің сағасынан бастап, шығыста Колыма өзенінің сағасына дейінгі Сібірдің терістік жағалауының күллі тұрғындарынан, сондай-ақ Жаңа Сібір мен Врангель аралдарында қыстаушылардан жыл құстары көктемде терістікке, күзде кері әлі де ұша ма, ұшса шамасы қанша, құрамы қандай, ұшып бара жатқан құс керуенінен қандай тұқымы байқалады, олардың басым бөлігі қайсысы деп бәрін-бәрін мұқият сұрау керек.
2. Егер құстар күні бүгінге дейін ұшатын болса, онда Солтүстік теңіз жолымен жүзу мәселесіне байланысты мұхит мұздарының мөлшері мен қозғалысын зерттеу үшін жылда жіберілетін барлау самолеттері мұздар арасындағы беймәлім жерлердің бар-жоғын назарда ұстап, кездессе-ақ олардың көлемін, бедерін, бүкіл ерекшелігін анықтауы керек. 1938 жылы Генриетта аралында қыстаушылар байқаған құстардың терістікке ұшуы сол жылы терістіктегі, мұздар арасында олардың жаз жайлап, ұя басуына қолайлы бір жердің болғанын дәлелдейді. Ал бұл аралдың шығыста тұруы ол құстар батысқа таман болуы тиіс Санников жеріне (егер арал 1938 жылы болған болса) бет алды деп топшылауға ыңғай береді. Демек, мұздардың ортасында 1938 жылдың өзінде Де Лонга архипелагынан теріскей құстардың жаз жайлап шығуына жарайтын бір жер болған. Мүмкін, жас оқырмандардың әлдебірі поляр ұшқышы болып шығып, өз алдына осынау жұмбақ жердің құпиясын ақтаруды міндет етіп қояр, тіпті тұман пердесі астынан оны ашып, оған қонар да, зерттеп, бізді бұл жердің қазіргі жай-күйімен таныстырар.
Қорытындылай келіп, Мұзды мұхитта Таймыр түбегінен терістікке қарай Солтүстік Жер архипелагы бар екенін еске сала кеткен де артық болмас. Оны ең алғаш 1930-1932 жылдары төрт адамнан тұратын экспедиция зерттеді. Соның құрамында болған геолог Урванцев экспедиция мен оның жерді ашуын әсем суреттеген жақсы кітап жазды. Алайда бұл экспедицияның да архипелагты зерттеуі көп мәселенің басын ашық қалдырды. Архипелагты толығырақ зерттеу үшін таяу жылдары сондай экспедицияны қайталаған абзал.
В.ОБРУЧЕВ
