kk
Мемлекет
Мемлекет
2 220 постов14 подписчиков
0

Шымкентте жыл сайын лизингке 300 жолаушылар автобусы сатып алынады

Қала әкімінің функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық мәслихат депутаттары алдында есеп берді. Есепті жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, халық қалаулылары қатысты, деп хабарлады аймақ әкімдігі.

Сессия жиынында шаһар басшысы өткен жылы қала экономикасына жан-жақты талдау жасалынып, қаланың 2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму концепциясы дайындалғандығын жеткізді. Осылайша, жоспарланған іс-шараларды іске асыру үшін қаланың 2016 жылғы бюджетіне жаңадан 68 жоба (16,3 млрд.теңге жоспарланған) енгізілгендігін айтып өтті.

Осы жылдан бастап әкімдіктің жұмыс жоспарына қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешу, қала тұрғындарының қауіпсіздігі, баспана және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру және қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция мен туристердің санын арттыру міндеттері қойылып отыр.

Осы мәселелерді толық қамтыған қала әкімінің есебіне қалалық мәслихат депутаттары оң баға берді. Баяндамасының соңында шаһар басшысы Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында жыл өткен сайын үшінші мегаорталық--Шымкент қаласы бюджетінің өсіп келе жатқандығын айта келе, "Президент тапсырмасының жоғары деңгейде орындалуына бар күш-жігерін сала қызмет етемін",- деді

Атап айтар болсақ, "Нұрлы Жол" бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 нысанның құрылысына 7,4 млрд.теңге бөлініп, қазіргі таңда барлық нысанның мердігерлері анықталып, 3,1 млрд.теңгесі игерілді. Ал, халықты инженерлік жүйелермен қамту бағытында қала тұрғындары орталықтандырылған сапалы ауыз сумен 85, канализация жүйелерімен 41, газбен 86, ал, сапалы электр қуатымен 84 пайызға қамтылған. Биылғы жылы барлығы 47 инженерлік жүйелердің құрылысына 18,6 млрд.теңге қаржы бөлінді.

Осы уақыт ішінде шаһарда 9 ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп, биыл оның 7-уі пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 98 мың халық ауыз сумен қамтылады. Ал, электрмен қамтамасыз ету бағытында 10 жобаның құрылысы жүргізіліп, оның алтауының құрылысы аяқталды. Осылайша бұл көрсеткіш 84 пайыздан 88 пайызға өсті. Газбен қамтамасыз ету бағытында жүргізілген 8 жобаның 4 жобасы аяқталып, ел игілігіне берілді. 64 мың халық орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған.

Жасыл қала құру үшін шаһарға қосылған Мәртөбе, Сайрам елді мекендеріндегі саябақтарды қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар 22 жаңадан қосылған елді мекендерді қамтыуда. Сонымен қатар, Бадам, Қошқар ата өзендерінің жағалауын көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.

Қала тұрғындары үшін транспорт саласына бірқатар жұмыстар атқарылуда. 1 жаяу жүргіншілер өткелі, 9 магистралды көшені қайта құру, 5 елді-мекеннің көшелерін қайта құру, 1 жол өткелін қайта құру, 59 көшені күрделі және 98 көшені орташа жөндеу, 47 тротуар салу, 20 бағдаршам орнату жұмыстары атқарылуда.Сонымен қатар, қаланы 5 жерінен жол айрықтың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Құрылысы келесі жылы бастау жоспарланған.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қалалық әкімдік пен «Green bus Company» ЖШС-мен бірлескен автопарк ашу жөнінде меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда, бірлескен «Шымкент Bus» компаниясы құрылып, жыл сайын лизинг арқылы 300 жаңа автобус алу жоспарлануда. Қала әкімінің тікелей басшылығымен қала тұрғындарының қауіпсіздігі, баспана және әлеуметтік инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру бағытында да бірталай жобалар жүзеге асуда. Бұл ретте жергілікті полиция қызметіне «квадрокоптерлер», велосипедтер, автокөліктер берілді. Әрі қала көшелері мен аулалары жарықтандырылды. Қалада жол көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында 23 мектепке баратын тротуар, көше қиылысына бағдаршам, мектеп аумағынан жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам, жол кедергілер орнатылды.

Қала тұрғындары үшін баспана ең өзекті мәселе. Осыған орай, ағымдағы жылдың 6 айында іске қосылған тұрғын үй көлемі 165,3 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 3 есеге өскен. Ал, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында қалада білім

нысандарына қажеттілікті шешу үшін жұмыстар істелінуде. Нәтижесінде, биылғы жаңа оқу жылында 2 жаңа мектеп, 3 мектепке қосымша құрылыс салынып, 2 700 орын пайдалануға берілді. Қалада зиялы қауым өкілдерінің ұсынысымен бірнеше жаңа іс-шаралар өткізілді. Спорт саласында биылғы жылы Бразилияда өткен жазғы олимпиада ойындарына 3 спортшымыз қатысып, жеңімпаздардың алғашқы ондығына енді. Әрі, «жоғары спорт шеберлігі» спорт мектебі ашылып, онда жекпе-жек, күрес, интеллектуалды ойын түрлерінен кәсіби спортшыларды дайындай бастады.

Айрықша атап өтерлігі, қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында «Shymkent Bike» жобасы жүзеге асырылды. Биылғы жылы қалада 200 волесипедке арналған 40 велостанция жоспарланып, қазіргі таңда 32 станция орнатылды.Одан бөлек, қала тұрғындары үшін 10 жерден «Street workout» пен шұғылдануға арналған алаңшалар ашу жоспарланып, бүгінгі күнге 4 жерден ашылды. Келесі маңызды мәселенің бірі - жұмыссыздық. Бұл бағытта қаламызда «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 8 айда 12415 адам қамтылды. Ал, мемлекеттік қызметті ұсыну барысында қала әкімі аппараты мен бөлімдерде «Ашық әкімдік» бағдарламасы енгізіледі. Бағдарламаны іске асыру үшін «фронт офис» (бірыңғай кеңес) құрылады. Мектептер мен балабақшаларға «электронды бақылау» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары басталды.

Қала дамуы үшін маңызды міндет - қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция мен туристердің санын арттыру. Бұл бағытта қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен Польша елінің «VecoPolyEnergy» компаниясы Шымкент қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу үшін келіссөздер жасалуда. Қалада кіші және орта бизнесті ынталандыру бағытында «ең үздік бизнес идеяларды» іріктеу үшін «Innovation» байқауы ұйымдастырылды.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына және «ЭКСПО -2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне өңірлік дайындық аясында да бірқатар ауқымды жобалар қолға алынды. Соның бірі, «Shymkent Tau Fest -2016» фестивальі. Қала көркі кіреберістен басталатындықтан, бірінші кезекте әуежай, темір жол вокзалынан келетін және қаланың орталық көшелерін көріктендіру жұмыстары басталды. Осыған орай, «Тұлпар» көлі маңында жеке инвестор есебінен «Жайлаукөл» демалыс аймағы ашылды.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz