Шылпық

Аңыз түбі шындық дейміз бе әлде аңыздың да бір негізі бар дейміз бе, дегенмен, қарақалпақ жері мен Хорезм елі өркениет ошақтарының бірі болғаны түсінікті. Нүкістан 10 шақырымдай қашықтықтағы Ходжейлиде (әуелгі атауы Қожа елі) Миздакхан деген бар, бұл бір үлкен археологиялық кешен. Аңызға қарағанда Атам ата сонда жерленген деседі. Қаланың өзі үлкен шаһар, бір заманда мұнда қазақтардың, түркімендердің, өзбектердің және қарақалпақтардың ірі базары болыпты. Қазір де ауылшаруашылығы өнімдері Нүкіске қарағанда арзан деседі.
Жолай Әмударияның атақты Қызкеткен деген өзенінен (арнасынан) өттік, бір қызығы менің туған өлкем Қостанай облысында да Қызкеткен деген жер бар екен.
Сонымен, Шылпық туралы.
Шылпық Нүкіс-Үргеніш жолының бойында, Нүкістен шықсаңыз оң тарапта болады, жолдан қашық емес, көрініп тұр. Шамамен 43 шақырым болар. Жолмен одан әрі жүре берсеңіз шамамен он шақырым қашықтықта Қыпшақ ауылы, одан соң Маңғыт ауылы. Әмударияның үстінен үлкен көпір өтеді.
Естеріңізде болса Мұхтар Әуезовтің "Үндістан очерктері" атты кітабы бар, аталған еңбегінде үнді сектасы туралы жазады. Олар зорастризм дінін ұстанатындар туралы. Бұлар өлген кісінің денесін құстарға жеуге беріп, кейін арнайы ыдыста - оссуарийде сақтайды. Діннің түбі Иран жері. Оның бір бөлігі, яғни, ұстанушылары біздің Орталық Азияда, әсіресе, Хорезмде де болған. Кейін Ислам бәрін жеңіп, кешегі зорастризм дінін ұстанушылар мұсылманға айналған.
Міне, зорастризм дінін ұстанушылар биік төбелердегі арнайы орындарға адам мүрделерін қоятын болған. Шылпық сондай мекендердің бірі болса керек. Оған шыққан кезде әлі де үгітілген сүйек қалдықтарын көруге болады екен. Ұшар басына шақсаңыз, айнала алақандағыдай көрінер, ана бетте Әмудария, мына бетте сары дала.
Алысқа қарып, мына дала қаншама құпиясын бүгіп жатып деп ойға енесің, атақты Топырақ қала, Гәуір қала, Жампық қала, Қызыл қала, Ақшахан қала, Аяз қала, Қырық қыз қала, Қорғасын қала, Базар қала, Піл қала деп жалғаса береді....
Ал, Шылпықтың аңызына келейік. Бағзы замандарда ата-анасын тауға апарып тастайтын дәстүр болған екен. Шылпық деген жігіт әкесін арқасына салып алып, биікке шығып келе жатады. Бір сәт, тыныстайын деп тоқтаған кезде әкесі мырс етіп күліп жібереді. Солда ұлы: "Әке неге күлдіңіз?" депті, әкесі: "Мен де сен сияқты кезінде әкемді осында алып келіп, өлім аузына тастап кетіп едім, сол есіме түсті" депті. Шылпыққа мейірімділік кіріп, әкесін тірі қалдырып, оны жасырады да, азық-түлігін әкеп тұрыпты. Аталған елдің заңы бойынша мұндай қадамға барған кісіні өлімге бұйырады екен.
Күндердің күнінде падишах қатты ауырып, оның емі табылмай, елі сабылыпты. Небір мықты деген емші патшаны жаза алмапты, Шылпық бұл жайтты әкесіне айтыпты. Сонда әкесі: "бәлен жерде бір шөп өседі, соның сығындысын беру керек" деп ақыл айтады. Расында, көмектесіпті. Патша Шылпықты шақырып алып: "бұл шөпті қайдан білдің, ол қайда?" дегенде, Шылпық: "жоқ, мен айта алмаймын, егер, менің кінәмді кешірсеңіз айтайын" депті. Падишах келісімін беріпті, кешіріпті және бұдан соң Шылпықтың елінде қарт кісілерді тауға апарып, өлімге қию дәстүрі тоқтапты деседі!
Негізінде, Шылпық жоғарыда айтқандай зорастризм дінін ұстанушылардың I–IV, IX–XI ғырлардағы кешені!
Суретте: Шылпық, Қарақалпақстан, 2024 жылғы 31 қазан

