Үш жолдама алды
|
09.11.12.
![]() Биылғы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өзгелерден бұрын жолдама алған үш команда белгілі болды. Олар - Испанияның «Малага», Португалияның «Порту» және Англияның «Манчестер Юнайтед» ұжымдары. Дәл осы клубтардың қатарын Испанияның «Барселонасы» да толтырады деген болжамның күлі көкке ұшты. Шотландияның «Селтик» командасы өз алаңында азуы алты қарыс «Барсаны» 2:1 есебімен ұтып, тосын оқиға тіркеді.
Кездесудегі алғашқы голды «Селтиктің» қатарын өткен жылы толтырған кениялық шабуылшы Виктор Маньяма соқты. Бұл кезде ойынның 21- минуты өтіп жатқан. Лионель Месси бастаған «Барселона» таразы басын теңестіру үшін неше түрлі айлаға барды. Бірақ алаң иелерінің қорғаныс шебі сыр бермеді. Есесіне кездесудің 83-минутында Глазгодағы стадион дүр сілкінді. Өйткені Шотландия футболының жарқын болашағы саналатын 18 жастағы Энтони Уотт испандықтар қақпасына екінші голды тоғытқан еді. ойынның соңына таман Лионель Месси тамаша мәнерде гол енгізіп, есеп айырмасын қысқартқанымен, жеңіс алаң иелеріне бұйырды. Енді Тито Виланова жаттықтыратын «Барселона» жолдама мәселесін келесі турда шешуге тырысатын болады. Шалқар ЕСТЕН |

