СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ ПОЛИЦЕЙЛЕР
Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтап қана қоймай, өздерін басқа қырларынан да танытуда. Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастырумен өткен «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» облыстық байқауына Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің «15-ші өңір» командасы қатысып, жүлделі 1-орынға ие болды.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру және мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға бес мемлекеттік мекеменің командасы қатысты.
Байқау барысында «15-ші өңір» командасы төрт тапсырма бойынша сыннан өтті. Алдымен сәлемдесіп, өздерін таныстырса, екінші кезеңде «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деген аталымында тарихи орындарға байланысты тапсырмаларды орындады. Үшінші кезең білім деңгейлерін таразылауға арналды. 3 адамнан тұрған команда қанатты сөздердің жалғасын тауып, тілдерді дамыту саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілерге қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал, «Үй тапсырмасы» аясында «Мәңгілік ел – Мәртебелі тіл» тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетті.
Байқау сарапшылары команда мүшелері СҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы Нұрбай Сәбитовтің, Петропавл қ. ІІБ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау жөніндегі бөлімшесінің инспекторы полиция лейтенанты Әлішер Жармағамбетовтің, СҚО ІІД Айдауылдау қызметі взводының айдауылдаушысы полиция аға сержанты Рауан Бимақановтың өнерлерін бағалау кезінде сөйлеу мәдениетіне, сұрақтарға толық жауап берілуі мен нормативтік құқықтық актілерді білулеріне, сахналық бейнесіне баса назар аударды.
СҚО Ішкі істер департаментінің «15-ші өңір» командасы Астана қаласында өтетін республикалық «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауында бақ сынап, өңіріміздің намысын қорғайтын болады.
СҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі




