САРАЙШЫҚ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШ ПЕ, ӘЛДЕ КІШІ БИЗНЕС ОРТАЛЫҒЫ МА?
Көне Сарайшық қаласы (Атырау облысы) бізді көне тарихи құпияларымен және «қонақжай» масаларымен таңғалдырды. Күннің таңғы шуағы нұрлы, бірақ аптап ыстық (таңғы сағат 10, 32 градус).

Осы сапарда бізді Сарайшық қаласының тамаша тарихымен таныстырған біздің гидымыздың айтуы бойынша, кезінде Сарайшық қаласы көлемі бойынша Ирактың астанасы Бағдадтан кейінгі екінші қала болған екен.

Алайда қазіргі таңда, Сарайшық қаласының жұғыны ғана қалған. Мемлекеттік қорғаудағы объект болғанымен, жергілікті тұрғындардың кейбірі кішігірім бизнес жасайтынын байқадық. Мысалы, осы ауылдың кішкентай жеті жасар тұрғыны өзінің тауарын бізге ұсынды. Оның айтуы бойынша, ескі тиындарды ойнап жүріп тауып алған. Ол баланың ұсынысы бойынша бір тиын немесе әшекей сынығы 500 теңге. Қолындағы заттарға қарап көрсең шынында да көне заттар. Сонда әркімнің тарихи жәдігерлерді алып – сатуы дұрыс па??? Осылай жалғаса беретін болса, біраз уақыттан кейін Сарайшық қаласының орны тапталып, жоғалып кетпейді ме?

Ал енді ойнап жүріп тауып алғанын немесе арнайы іздегенін шешу сіздердің еріктеріңізде. Егер бұл мақаланың шын немесе жалған екенін тексергіңіз келсе, қолыңызға 500 теңгеңізді алып көне Сарайшық қаласының орнына барыңыз, сонда «саудагерлер» сізді өзі тауып алады. Бәлкім сонда көзіңіз жетер...

