САНАҒА АРНАЛҒАН ТАҒАМ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?
Бірде қыз бен жігіт қаладағы ең қымбат мейрамханаға келеді. Екеуіне даяшы ас мәзірін ұсынады. Тізімді жақсылып қарап шыққан қыз, маған:
- Бір кола, бір мохито, бір ақ қайнар, цезар салаты, үлкен пицца, суши, үлкен тауық еті, бифштекс, қуырдақ, мясо по-тайски, ассорти фруктом и с мясом, и пока что это хватит, остальные позже закажу, - дейді.
Қызмет көрсетіп тұрған даяшы жігіт бәрін қағазына түртіп алады да, жігіттен сұрайды.
- Сіз қандай тағамға тапсырыс бересіз, мырза?
Жігіт:
- Маған «пицца для ума, десерт для стыда, сок для совеста, и немного перец для мозга, – дейді.
Мұндай тапсырыс қабылдаймын деп ойламаған мейманхана қызметкері әлгі жауапқа аңтарылып қалады да, бір сәт үнсіздіктен соң:
- Кешіріңіз, бірақ бізде сіз атаған тағамдар жасалмайды,- дейді. Жігіт тосылмастан жүзіне сәл мысқыл жинап күледі де:
- Осының бәрін мына алдымда отырған қызға тарту етемін,- деп, бір бума ақшаны үстел үстіне қойып жөніне кетеді.
Иә, бір қарағанда бұл қалжыңға балайтын көрініс. Дегенмен, астары үлкенді де, кішіні де қалың ойға жетелейтін әзіл. Жазбамның мәнін ұқсаңыз, ойға арналған тағамның қандай екендігін түсінген боларсыз? Санаға арналған тағам – кітап, яғни, адамдар қалай тамақтанады, қандай тамақ жейді емес, қандай кітап оқиды деген сауалға жауап іздейміз. Алдымен ойға алған тақырыптың мәнін ашпас бұрын кітап оқыған адамның бойында болатын ерекшеліктерге тоқталайық!
ФАКТІ – АҚЫЛ-ОЙҒА ТҰЗДЫҚ
АҚШ ғалымдары кітап оқудың ерекше әсері бар екенін байқаған. Кітап оқу тек мидың жұмысын жақсартып қана қоймай, өмірді де ұзартады екен. Ғалымдардың зерттеу жұмысына жасы 50-ден асқан 3,6 мың адам қатысқан. Еріктілерді 3 топқа бөлген. Бірінші топқа кітапты көп оқитындар кірсе, екінші топқа кітапты біршама азырақ оқитындар, ал үшінші топқа мүлдем кітап оқымайтындар жиналған.
Зерттеу нәтижесінде кітапты ең көп оқитындардың қатарында жоғары білім алған, көп табыс табатын әйелдер қауымы басымырақ болғаны анықталған. Зерттеу қорытындысына сүйенсек кітапты күніне кем дегенде 30 минут оқитын жандар кітап оқымайтындардан шамамен 23 ай ұзағырақ өмір сүреді екен. Адамдардың 95 пайызы орта есеппен алғанда минутына 180-220 сөзді оқып шығады. Бастауыш сыныпта минутқа оқудан жарысқанымыз бәріміздің есімізде шығар. Енді салыстырыңыз... Наполеон минутына екі мың сөз оқи алған деседі. Ал Бальзак жарты сағатта кітаптың екі жүз бетін тауысатын көрінеді. Ғалымдар ұлы тұлғалардың миларын қанша зерттегендерімен, олардың қарапайым адам миынан еш айрымашылығын таппай қойғанын ескерсек, Наполеон мен Бальзактың рекордтары сіз бен біздің де қолымыздан келеді деген сөз емес пе? Ендеше неге байқап көрмеске?..
ҚАЙДАН, ҚАЛАЙ, ҚАНДАЙ КІТАП ОҚЫП ЖҮРМІЗ?
Француз философы, әрі жазушысы Денри Дидро: «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды», – деген. Шынында әйгілі жазушының бұл сөзі қазіргі заман талабына арналып айтылғандай. Себебі, сіздің мәселеңіздің жауабын қарастырып, желіге жүктеп қойған арнайы сайттар, порталдар жұмыс жасайды. Кез келген ақпаратты білу үшін қиналудың, бас қатырып ойланудың қажеті жоқ. Интернет желісіне қосылған қалта телефоны немесе компьютеріңіз болса жеткілікті. Сол жерден керегіңізді оқып, жеңіл дүниемен әуре болып отыра бересіз. Мысалға, қазір жастар ғана емес, мектеп жасындағы баладан, қарттық жасқа жеткен аға буын өкілдері де ғаламтордан өзіне керекті кітаптарды қарайды. Түрлі сайтардан, онлайн кітап дүкендерінен тапсырыспен алдырады. Ал енді бірі арнайы кітап сатылатын мекен-жайларды аралап, қолмен ұстап, көзбен көріп оқыса, кейбірі мемлекеттік немесе арнайы оқу орындарының кітапхана қорларындағы алтын қазыналарына көз жүгіртеді. Осы орайда кітап оқыған адам қандай мақсатта оқиды деген заңды сауал туындайды. Білім алушы жастар ұстазының берген тапсырмасын, реферат, өзіндік жұмыс, курстық жұмыс, диплом қорғау үшін қаншама оқу құралдарын ақтарса, магистратура, докторантура, резидентура бойынша біліктілін арттыру мақсатында әртүрлі салалық материалдарды, ғылыми еңбекке негізделіп жасалған кітаптар мен кітапшаларды, терминдік сөздіктерді парақтайды. Білім беру процесінен әрі асып кете алмайды. Бұл түсінікті де. Білім беру, медицина, психология, заң, тарих салаларынан басқа жұмыста жүрген еліміздің қаншама халқы кітап оқиды ма? Мысалға қарапайым құрылысшы, дүкендегі сатушы, күзетші, көше сыпырушылар, дәнекерлеушілер, ауыл шаруашылығында қара еңбекпен жан бағатындар ше? Олар да адам, қоғам мүшесі, олардың да сауатын кеңейтуге, соңғы шыққан төл туындылар жайлы білуге хақысы бар. Бастысы - ынта керек. Google ақпараттық ресурсындағы ресми мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың дені негізінен шым-шытырық оқиғаға құрылған кітаптарды оқыса, екінші орында тарихи дүниелер, үшінші кезекте махаббат, әйелдер туралы кітаптар тұр екен. Ал әлемдік әдебиет пен биографиялық кітаптарға деген қызығушылық соңғы жылдары күрт төмендеп кеткен көрінеді.
P.S. Қарынның ашқаны түк емес, ой аш қалмасын. Асқазан ашықса тағам ішітініміз секілді, ой азбас үшін сана тағамы, яғни, кітап оқып рухани азықпен қоректендіріп отырғанымыз жөн. Ел президенті айтқандай: «Қазіргі заман білектің емес, білімнің заманы». Нағыз білімнің бастауы – кітапта, сіз бен біз көзіміз шарасынан шыққанша шұқшиятын әлеуметтік желіде емес!
