Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

«С. В».

Он тоғызыншы тарау

 

«С. В».

Геркулес ескегін бар пәрменімен есіп, қайықты жағаға қарай бұрды. Бір жақсы жері, өзен ағысы әлі де болса екпіндей қоймаған-ды, өйткені өзен арнасы бірден құлдилап кетпей, құламаның дәл өзіне жеткенше бірқалыпты еңкеулеп барады екен.

Өзеннің сол жақ беті қарауытып тұрған орман. Орманның басын бүркеген қалың жапырақ күн сәулесін түбіне түсірмей қалқалап тұр. Дик Сэнд бұл араның адам жеушілер мекені екенін білді де, жерге мұңая қарады. Жолаушылар енді өзен жағалап жаяу жүрулері керек, әйтпесе қайықты сүйреп су құламасынан айналып өту мүмкін емес. Бұлай етуге кішкене отрядтың шамасы да келмес еді.

Өзен сағасына орналасқан Португалия еліне бүгін бе, ертең бе жетеміз деп дәмеленіп, әбден қажып біткен адамдарға бұл не деген ауыр соққы десеңізші! Қайық сол жақ жағалауға таяп қалды. Жерге жақындаған сайын Дингоның мазасы кетіп, қыңсылай берді.

Дик Сэнд әрдайым сақ келе жатқан, өйтпеске де лажы жоқ-ты. Жан-жақтан төніп тұрған қауіп бар. Дик иттен көзін алмай қарап тұр, бұл қалай, орманның қалың жерінде жабайы адамдар жасырынып тұр ма, әлде жыртқыш аң бар ма екен? – деп ойлады. Бірақ Дингоның неліктен тынышы кеткені кешікпей-ақ мәлім болды.

– Динго жылап үре ме, қайтеді? – деді кішкентай Джек.
Бала кішкентай қолымен есті төбетті мойнынан құшақтады.
Бірақ Динго баланың қолынан жұлқынып шығып, секіріп

барып суға қойып кетті. Қайық жағаға тірелгенше, төбет судан шығып, биік шөптің арасына кіріп жоқ болды.

Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд иттің бұл қылығын қалай жоруға білмей біріне-бірі қарап қалды. Бірнеше секундтан соң қайықтың тұмсығы су өсімдігінің жасыл көбігін жайынан жара барып тоқтай қалды. Бұлардан үріккен бірнеше балшықшылар, қардай аппақ аққұтандар құлақты жара шулап ауаға көтерілді. Геркулес суға төніп тұрған мангфир ағашына қайықты мықтап байлап, жолаушылар жерге түсті.

Орман арасында ең болмаса жалғызаяқ жол жоқ, әйтсе де кей жерлердің шөбі жапырылып қалған, бұл жуық арада адам немесе аң жүріп өткенінің белгісі еді.

Диктің қолында оқтаулы мылтық, Геркулес беліне балта қыстырып алған, бұл екеуі отрядтың алдында келе жатыр. Бұлар он қадам жүрмей-ақ Дингоның үстінен түсті. Ақылды төбет жер иіскелеп, оқтын-отқын маңқ ете түсіп, із кесіп жүр. Ол әлдекімнің ізімен өзен жағасына келді де, қайтадан орман қойнына еніп кетті.

– Сақ болыңдар! – деді Дик Сэнд. –Миссис Уэлдон, сіз Джекті қолынан ұстап жүріңіз. Бенедикт мырза, сіз қалып қоя көрмеңіз! Геркулес, сен сақ болғайсың!

Динго қайта-қайта артына қарап қойып, бейнебір тезірек жүріңдер дегендей мазасыздана қыңсылап бара жатты. Ол кешікпей-ақ кәрі інжір ағашының түбіне барып тоқтады.

Онда інжірге жапсыра салынған, бір жағына қисайып қаусап біткен лашық тұр.

– Әй, кім бар мұнда? – деп айқайлады Дик Сэнд. Ешқандай жауап қайтпаған соң лашыққа кірді. Миссис Уэлдон мен басқалары да ере кірді.

Лашықтың еденінде қурап ағарып кеткен сүйектер шашылып жатыр.

– Мұнда адам өліпті, – деді миссис Уэлдон.

– Бұл адамды Динго таниды екен деп қостады Дик

Сэнд. – Сірә, бұл адам иттің қожасы болар. Ана қараңызшы!
Дик Сэнд лашықтың бір қабырғасын тұтас алып тұрған

інжір ағашына қарай қолын шошайтты.

Ағаштың қабығы аршылған жерінен оңып өше бастаған

үлкен екі қызыл әріп көрініп тұр.

Динго бұл әріптерді жолаушыларға көрсеткен сияқтанып

аяғын ағашқа тіреп тұрған.

– «С» «В»! – деп Дик айқайлап жіберді. – Бүкіл алфавит

арасынан Дингоның өзі танитын екі әріп қой мынау! Оның қарғыбауына ойып жазылған екі әріп осы!

Дик кенет тына қалды. Ол бұрышқа таман барды да еңкейіп жерден бір кішкене қобдиша алды, қобдиша көгеріп шіри бастаған. Дик Сэнд қобдишаны аша бергенде, ішінен бір жапырақ қағаз жерге түсті. Қағазда мына сөздер жазылған екен:

 

«Мұхит жағалауынан 120 миль Заир жағалауында, осы жерде, өзімнің жолбасшым Негоро мені ауыр жаралап, тонап кетті.

С.Вернон.

3 желтоқсан, 1871 жыл».

Жазылған хат уақиғаны түгел түсіндірді. Самоэль Вернон

Негороны жолбасшылыққа алып, Орталық Африканы зерттеуге шығады. Саяхатшының қалтасындағы көп ақша жауыз Негороның көзін қызықтырып, өзін қылмысқа итермелейді. Ол қайтсе де ақшаны қолына түсірудің қамын ойлаған. Самоэль Вернон Конго жағасына жеткен соң, осы лашықта түнеп жатқанында оны Негоро өлімші етіп жаралап, ақшаны алған да, Португалияға – өз жеріне қашып барған. Бірақ құл саудагері Альвецтің агенті екендігі анықталып, оны қамауға алады. Негоро Сан-Паоло де-Лоандта сотталып, өмірлік каторга жазасы беріліп, бұл жазаны отар елдердің біріндегі түрмеде өтеуге үкім шығарылады. Одан бергісі оқушыларға мәлім. Ол есебін тауып каторгадан қашады да, Жаңа Зеландияға барып, сол арада «Пилигрим» кемесіне аспаз болып қызметке орналасады.

Бірақ адам өлімінің соңында бұл лашықта нендей уақиға болды? Оны шамалап білу қиын емес. Бақытсыз Вернон өлер алдында өзін өлтірушіні әшкерелейтін хат жазып үлгірген. Бұл хатты ішіндегі ақшасын Негоро әкетіп бос қалған қобдиға салады. Ол ақырғы күшін салып, жан-дәрмен дегенде өзінің аты мен фамилиясының бас әріптерін ойып жазып, өз қанымен бояған. Шамасы, Динго бұл екі әріптің алдында аз отырмаған, бүкіл алфавит арасынан осы екі әріпті ажырата білу себебі де содан болуы керек. Ақырында Динго қожасының енді қайтып бас көтермесін біледі де, мұхит жағалауын кезіп қаңғып кетеді, сөйтіп жүргенінде оны «Вальдектің» капитаны тауып асыраған. Динго «Пилигрим» үстінде Негоромен қайта кездеседі.

Бұл уақыттарда саяхатшының сүйегі Африка орманында қурап, өзінің сенімді итінен өзгенің бәрі оны ұмытады.

Дик Сэнд сапары қырсыққан саяхатшының сүйегін жерлеуге кірісіп еді, Динго кенет өршелене абалап лашықтан шыға жүгірді.

Соның ізінше тыстан шыңғырған дауыс естілді, шамасы, Динго кімге де болса біреуге бас салған.

Бұл адам Негоро еді.

Ол Америкаға баратын пароходқа мініп кетпекші болып Конго сағасына келеді де, қасындағы эскортын сонда қалдырып, баяғы Вернонды өлтірген жеріне жалғыз келеді.

Бірақ оның бұл араға қайта келуінде бір себеп бар-ды. Інжір ағашының түбінен жаңа қазылған шұңқырдан бірнеше уыс француз ақшасын көргенде, жолаушылар Негороның мұнда келу себебіне түсіне қалды.

Негоро Самоэль Вернонды өлтірген соң, одан талап алған ақшаны, бір кезде қайта оралып алармын деп үміттеніп, сол жерге көміп кетеді. Бірақ өз қылмысының жемісін пайдаланбақ болып келген қарсаңында, Динго оның кеңірдегінен ала түскен.

Бұл екі арада Негоро да белбеуінен пышағын суырып үлгіреді де иттің сүбесіне бар пәрменімен бойлатып жібереді. Геркулестің де айқайлап жеткені сол еді.

– Аһ, оңбаған-ай! Сені ақыры өз қолыммен буындырып өлтіре алмадым-ау!

Бірақ бұл арада Геркулестің қатысуынсыз-ақ жұмыс бітіп еді. Динго қаны сорғалаған күйі жағын ақырғы рет қысып еді, португалдың тынысы бітті. Одан соң иесіне адал қызмет еткен төбет Самоэль Вернон өлген жерге сүйретіліп барып, сол арада өзі де өлді.

Геркулес саяхатшының сүйегін жерледі, бәрі де жылап- сықтап Дингоны сол молаға қоса көмді.

Негоро оралмастай алыс сапарға кетті. Бірақ оған Казондеден еріп шыққан адамдар сол маңайдан қашықта болмауға тиіс. Португал қайтып оралмаған сон, олар Негороны өзен жағалауынан іздейтіндері сөзсіз. Бұл жағдай жолаушылар үшін зор қауіп болды.

Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд ендігі жерде істейтін істерін кеңесті. Бір сәтті де бекерге өткізбей тезінен әрекет жасау керек.

Самоэль Вернонның жазып қалдырған хатында жолаушылардың қайықпен төмен аққан өзені Заир немесе Конго екені және бұл арадан мұхит жағалауы жүз жиырма миль делінген. Бір жаман жері, бұдан былай қайықпен жүзуге болмайды, қандай мықты қайық болса да сарқырамадан аман өте алмайды. Сірә, бұл Нтамо сарқырамасы болса керек деп қорытты Дик Сэнд.

– Бұдан былай өзеннің қай жақ бетімен жүрсек екен, осыны шешіп алайықшы, – деді Дик Сэнд. – Осы өзіміз тұрған сол жақ бетімен жүре береміз бе, әлде оң жаққа өтеміз бе? Мұның екеуі де қауіпсіз емес, жабайылардан қауіптенуге тура келеді. Сонда да болса, менің ойымша, өзеннің арғы бетімен жүргеніміз дұрыс сияқты. Егер өзеннің оң жағына өтіп алсақ, тым болмаса Негороның эскортына кезікпес едік.

– Жақсы, ендеше, оң жақ жағаға өтейік, – деді миссис Уэлдон.

– Бірақ арғы бетте жол бар ма екен? – деді Дик Сэнд ойлана қалып. – Негороның бергі бетпен келуіне қарағанда, бұл жақ өзен сағасына қатынауға қолайлы деп шамалауға болады. Дегенмен тексеріп көру керек. Ар жаққа бәріміз бірден өтпей тұрып алдымен біреуіміз барып көріп қайтқанымыз дұрыс болар. Мен барып қайтайын.

Дик Сэнд дереу жүріп кетті.

Өзен енінің жалпақ жері, зерттеуші француз лашығының

тұсы төрт жүз футтан аспайтұғын. Дик қиналмай-ақ арғы бетке өте шығады. Миссис Уэлдон, Джек пен Бенедикт ағай қашан Дик Сэнд қайтып оралғанша өзеннің осы бетінде, Геркулестің бақылауында қалды.

Дик Сэнд қайыққа отырып, жүзе жөнелуге ыңғайлана бергенінде, оған миссис Уэлдон:

– Дик, өзен ағысы қайықты сарқырамаға тартып әкетпей ме? – деді.

– Жоқ, миссис Уэлдон. Сарқырама әлі төрт жүз футтай қашық қой. Қорықпай-ақ қойыңыз.

– Егер қауіп сезіле қалса, жағаға шықпаймын.
– Мылтық ала кет!..

– Жақсы, алайын. Бірақ мен үшін қам жемеңдерші.

– Әйтсе де біздің бөлінбегеніміз жақсы болар еді, – деп

қынжылды миссис Уэлдон. Ол алдағы кездесетін пәле- жаланы алдын ала сезіп, соның салдары еңсесін басқан сияқты еді.

– Жоқ, миссис Уэлдон, мен жалғыз баруым керек, – Дик жауапты қысқа қайырды. – Менің жалғыз баруым – бәріміздің қауіп-қатерден аулақ болуымыз үшін қажет. Мен бір сағат болмай-ақ қайтып ораламын. Геркулес, сақ бола гөр!

Сосын Дик Сэнд қайықты итеріп жіберіп өзі қарғып мінді де, жағалаудан алыстай берді.

Дик Сэнд өзен ортасына жетті. Ол араның ағысы тым қатты екен. Төменгі жағында төрт жүз футтай биіктен құлаған судың астан-кестеңі шығып күркілдеп жатыр, судың шаңытқан көбігін батыстан ескен жел іліп әкетіп, Диктің қайығы жүзіп бара жатқан жерге жеткізді.

Өткен түні Дик ұйықтап қалған болса, қайық сарқырамаға сүңгіп, тастан-тасқа соғылып, мылжа-мылжасы шыққан бес өлік әлдеқашан жағаға шығып қалар еді. Жас капитан бұл көріністі ойлағанда денесі түршікті.

Бірақ қазіргі сағат ол сияқты қауіпті емес, қайық өзенді тура кесіп өтті.

Ширек сағаттан соң Дик Сэнд Заирдың оң жақ бетіне шықты. Бірақ жағаға шығып үлгірмей-ақ, құлақ тұндырарлық айқай шығып, он шақты жабайы адам қайыққа тұра ұмтылды. Бұлар анадағы су үстін мекендеген лашықтардың адамдары еді. Өзеннің оң жақ бетін жағалай жолаушыларды ұдайы сегіз күн аңдыған екен олар. Жабайылар көшпелі аралдың үстінде адам барын біліп, бұлардың соңына түскен. Олар сарқыраманың қайық жолын бөгегенін көріп, бұл олжа ешқайда қашып құтыла алмайды деп сеніскен-ді. Қашқындар сарқырамаға жеткен соң, бәрібір амалсыз жағаға шығады деп шамалаған олар.

Дик Сэнд енді құтылмасын білді. «Өзімді өзім құрбан етіп жабайыларға жемтік болсам, жолдастарым аман құтыла ала ма?» деп ойлады ол. Дик байсалды қалпынан айнымады, мүлде жайбарақат қайықтың тұмсығында тұр. Жабайыларды мылтығымен жасқап өзіне жолатпады.

Бұл кезде жабайылар қайық үстіндегі шөп қалқаны жұлып тастаған-ды. Олар қайықта көп адам бар деп үміттенген, ал қазір онда болғаны жалғыз-ақ адам барын көріп, әбден ызаға булықты. Сегіз күнгі еңбегіміз босқа кетті дей итше ұлыды. Бірақ олардың біреуі өзеннің сол жағына қарай қолын созып, миссис Уэлдон мен Геркулестерді көрсетті.

Ол бейшаралар арғы беттегі болып жатқан уақиғаны көріп, не істерін білмей естері шыға қорқып, папирус арасынан жүгіре шығып еді. Дик Сэнд өз басының тағдырын мүлде есінен шығарып, жолдастарын аман құтқарудың амалын ғана ойлады.

Жабайылар қайықтың ар жағынан келіп үстіне шықты да, қайықты суға итеріп жіберді. Диктің қолында мылтығы болғандықтан жабайылар бірден бас салып шабуыл жасауға батылдық ете алмады. Жабайылардың біреуі ескекті ала салып, қайықты ағысқа көлденең жүргізді.

– Қашыңдар! – деп айқайлады Дик Сэнд жолдастарына.
– Қашыңдар!

Қашу керек? Бірақ қашқаннан келер пайда бар ма? Бір

сағаттан соң бәрібір жабайылар оларды қуып жетеді...

Дик Сэнд бұл жағдайды жақсы білді. Әйтсе де ол өзінің

дос адамдарын құтқарудың амалын тапты. Дик мүлдем қобалжыған жоқ. Мылтығын төмен түсірді де көздеп тұрып атып жіберді. Жалғыз оқ күрек сабын жарып өтіп еді, ескек ортасынан қақ бөлінді.

Жабайылар зәресі ұшып өкіріп-бақырып азан-қазан болды. Басқарусыз бетімен кеткен қайық сарқырамаға қарай тұп- тура зымырап бара жатыр. Қайық әп-сәтте су құламасына жетті, көзді ашып-жұмғанша болмай қайық пен астан-кестеңі шығып күркілдеп жатқан түпсіз шыңыраудың арасы не бары жүз футтай-ақ жер қалды.

Миссис Уэлдон мен Геркулес Диктің не ойлағанын түсіне қалды. Ол өз басын құрбан етіп, жолдастарын ажалдан құтқару үшін қайықты түпсіз шыңырауға сүңгітіп, жабайыларды тұншықтырып қыруға бел байлаған. Бірақ олармен бірге өзі де құриды.

Миссис Уэлдон мен кішкентай Джек Дикпен қош айтысып қол бұлғады. Ашынып, амалы құрыған Геркулес оған қарай қолын созды.

Осы сәтте жабайылар суға секірді, шамасы, олар сол жақ жағалауға жүзіп шығамыз деп үміттенсе керек.

Диктің көз алдында аранын ашып өлім төніп тұр, сонда да болса ол асып-сасқан жоқ. Қайықтың түбі үстіне қарай аударылып кетуі оған жан сауғалаудың үмітін сездірді.

Қатты ағыс қайықты су құламасына іліп әкеткен кезде, Диктің алдында екі түрлі қауіп төніп тұрған: біреуі, көз ілескісіз тездікпен төмен құлап бара жатқанда қарсы соққан ауаға тұншығу, екіншісі, су жұту. Егер ол аударылған қайықтың астына түссе, мына екі қауіптің екеуінен де аман құтылар еді. Сондықтан оның әлі де болса өмірден үміті бар.

Өлім мен өмір арпалысып, Диктің көз алдынан әп-сәтте елестеп өтті. Ол сүңгіп кетіп қайықтың астына түсті де отырғышқа жармасып, қараңғы түнекте басын судан шығарды. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, күшті ағыстың қайықты шыңырауға қарай зымыратып бара жатқанын сезді.

Қайық сарқыраманың түбіндегі терең иірімге сүңгіп кетті де шыркөбелек айналып, қайтадан су бетіне қалқып шықты. Дик Сэнд асқан жүзгіш болатұғын, ендігі жерде аман қалудың бар сенімі өзінің қол күшінде екенін білді. Ол ширек сағат ағыспен арпалысып, сол жақ жағаға жүзіп шықты. Кешікпей-ақ миссис Уэлдон мен Геркулес те келіп оны құшақтап сүйіп жатты.

Бірақ астан-кестеңі шығып құтырынған тасқын жабайыларды тегіс жұтты. Ешқандай қорғанышы жоқ сорлылар шыңырау түбіне жетпей-ақ құлап бара жатып жолда өліп болды. Зіркілдеген тасқын олардың өлімтігін пышақтай өткір құздарға апарып соқты.

 
0
0
511

Еще по теме