СҚО ТУМАСЫ ПОЛИЦИЯ АРДАГЕРІ ГЕНЕРАЛ АХМАДИН ӨЗ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ АТАНДЫ
Қазақ КСР және тәуелсіз Қазақстанның ІІО көрнекті қайраткері кіндік қаны тамған жеріне келді. Шал ақын ауданының әкімі Нұрлан Есімов аудандық мәслихаттың шешімімен қайраткерге «Ауданның құрметті азаматы» атағын берді.
Әлімжан Ахмадин құқықтық тәртіп қызметіне қырық жыл өмірін арнады. Тергеушілер мен жедел қызметкерлерді дайындайтын Кеңес Одағындағы жалғыз КСРО ІІМ Жоғары мектебін тәмамдап, еңбек жолын Сарань қ. қылмыстық іздестірудің жедел уәкілі лауазымынан бастады. 26 жасында Қарағанды қ. Майқұдық полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Кейінгі жылдарда Қарағанды облысы ІІБ бастығының орынбасары болды, Шымкент және Жезқазған облысы ІІБ басқарды, республикадағы басты қоғамдық тәртіп сақтау басқармасының бастығы, кейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары болып қызмет атқарды. Отставкаға шыққаннан кейін ІІМ Академиясының жанындағы жедел-іздестіру кафедрасы бастығының лауазымын атқарды. Болашақ қазақстандық полиция қызметкерлеріне қылмыстарды ашу әдістемесінен дәріс берді және Милиция ардагерлерінің кеңесін басқарды.
Атақты генералдың туған жерінде жиналған жерлестері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сондай-ақ облыстық Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, ІІО ардагерлері жылы лебіздерін білдірді.
«Қазақстандық ІІО беделді қызметкерінің қолын алу погон таққан әр қызметкер үшін зор мәртебе,- деді Марат Сағынтайұлы.- Өз ісіне адал, сенімді тұлғалар полиция абыройын арттырады. Осындай ұлы тұлғалар біз үшін үлгі, олар –Қазақстан полициясының аңыз адамдары және солай бола бермек».
