СҚО ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ҮШ КҮН ІШІНДЕ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЕРЕЖЕЛЕРІНІҢ 1000-НАН АСТАМ БҰЗУШЫЛЫҒЫН АНЫҚТАДЫ
Солтүстік Қазақстан облысы аумағында «Лишенник» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды. Үш күн бойы жол сақшылары жол үстінде тексеру жұмыстарын жүргізді. Негізгі міндет – бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілерді анықтау.
...Облыс орталығында тәртіп сақшылары шамдары жанбай келе жатқан ВАЗ-22108 автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде Петропавл қаласында тұратын 30 жастағы жүргізушінің осыған дейін көлік басқару құқығынан екі рет айырылғаны белгілі болды. 2016 жылы медициналық куәландырудан бас тартқаны үшін ол 2 жылға көлік тізгіндеуден шеттетілген. Алайда, бұл оған сабақ болмай, 2017 жылы жол-көлік апатын жасаған. Мерзімінің үстінен тағы 3 жыл қосылды. Бұл жолы ер азамат қайтадан рөлге отырған. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 612-бабының 3-бөлігі бойынша материал жиналды. Бұл баптың санкциясы 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды көздейді...
Операция барысында бұл бағыт бойынша барлығы 34 факті анықталды.
«Бұл фактілердің барлығы дерлік облыс орталығында болды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. – Айта кету керек, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда да тексеру жұмыстары күшейтілді. Тәжірибе көрсеткендей, көптеген жүргізушілер елді мекендерден шыққан соң жол ережелеріне немқұрайлы қарайды. Операцияның үш күні ішінде трассаларда 213 бұзушылық анықталды. Оның ішінде, 29 жағдайда жүргізушілер жылдамдықты асырса, осыншамасы қаупісіздік белдігін тақпады».
Бұзушылықтардың бұл түрлері кең таралғандардың санатына жатқызылады. Жылдамдық режимін асыру үшін тәртіп сақшылары барлығы 64 жүргізушіні тоқтатқан. 174 адам белдік тақпай жүрген. Сондай-ақ, көлікқұмарлардың көпшілігі көлік тізгіндеп келе жатып, ұялы телефондарын қолдарынан түсірмейді. Телефонмен сөйлескені үшін 131 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. 25 адам мас күйде көлік жүргізген.
Жалпы, іс-шара барысында Жол қозғалысы ережелерінің 1031 бұзушылығы анықталды.

СҚО ПД баспасөз қызметі
http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN
