СҚО ПОЛИЦЕЙЛЕРІ «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫНАН ҚАЛЫС ҚАЛМАДЫ
«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 36 отбасыда тәрбиеленіп жатқан 97 оқушы облыстық және қалалық полиция ведомстволарының бөліністеріне бекітілді. Оқу жылы басталғанға дейін тәртіп сақшылары өздеріне бекітілген әр отбасыға барып, қайырымдылық көмек көрсетті.
СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев оқу жылына дайындалып жатқан екі отбасыға барды. Олардың бірінде 9 бала тәрбиеленуде, 5-уі мектеп оқушылары. Өңірдің бас полицейі балаларға сыйлықтар беріп, оқуда сәттілік, спорттық жетістіктер тіледі. Сондай-ақ, Марат Сағынтайұлы екі ұл баланы аналары жалғыз тәрбиелеп отырған отбасыға да бас сұқты. Ол мұнда да құр қол келмей, балаларға жылы лебізін айтып кетті.
Қайырымдылық акциясына барлық полиция бөліністері қатысты. Полицейлер қызметтерінің ерекшелігіне байланысты күн сайын халықтың түрлі топтарымен кездеседі. Сондықтан олар адамдардың тұрмыстағы қиыншылықтарын көріп, мұң-мұқтажын жақсы біледі десе болады. Білдірілген көңіл мен жылы сөздер адамдардың бұл өмірде жалғыз еместігін сезінуіне көмегін тигізеді.
Ал СҚО Полиция департаменті Әйелдер кеңесінің өкілдері әріптестерінің балаларын да назардан тыс қалдырмады. Олар үшін ведомстволық мұражайға экскурсия ұйымдастырылып, әр балаға сыйлықтар берілді.
СҚО ПД Кадр саясаты басқармасының аға инспектор-психологы полиция подполковнигі Айгүл Шоланованың айтуынша, Полиция департаментінің аппаратындағы ұжымда көп балалы 5 отбасы бар. Білім күні қарсаңында оларды мұражай қызметкерлері қарсы алып, балалар үшін полиция музейінің 4 залында танымдық экскурсия өткізді. ПД Әйелдер кеңесінің өкілдері кішкентай қонақтарға мектепке қажетті заттар салынған сөмкелер табыс етті. Әсіресе, дайындық сыныптары мен бірінші сыныпқа барғалы тұрған бүлдіршіндер сыйлықтарын алып мәз-мейрам болды. Олардың қатарында Айлин Жұмағазина да бар. Оның әкесі – Болат Жұмағазин патрульдік полиция батальонында, анасы – Мақпал Жәменова Кадр саясаты басқармасында қызмет атқарады. Даниал мен Айғаным Қазиевтар да мұражайға келіп, аналары Жұлдыздың әріптестері өткізген экскурсияға риза болды.
«Бірінші кезекте бұл экскурсия облысымыздың даму тарихымен танысуға, сондай-ақ, балалар мен олардың ата-аналарының бос уақыттарын мәдени-танымдық бағытта өткізуге бағытталды. Мұражайдағы фотосуреттерден аналарын байқап қалған балалар қуанып сала берді. «Бұл – менің анам» деп басқа балаларға көрсетуге асықты. Мұражайға ата-аналарымен келіп, экскурсияны тамашалағандарына балақайлар өте қуанды. Біз де осы сияқты іс-шараларды жиі және тиімді өткізуге тырысамыз», - дейді Айгүл Шоланова. Облыс аудандарындағы полиция қызметкерлері де қайырымдылық көмекке мұқтаж отбасыларға барып балаларды қуантты.



СҚО ПД баспасөз қызметі
