Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

СҚО ПОЛИЦЕЙЛЕРІ АСА ІРІ КӨЛЕМДЕ МАРИХУАНА МЕН ГАШИШ ӨТКІЗГЕН КҮДІКТІЛЕРДІ ҰСТАДЫ

Есірткі саудалаушыларды құрықтау операциясы Петропавл қаласының шетіндегі саяжай учаскелері аумағында жүргізілді. 10 килограмм марихуана мен 2 килограмм гашишті өткізу кезінде жедел уәкілдер облыс орталығының бұрын сотты болған 1976 және 1985 жылдары туған екі тұрғынын ұстады. Одан әрі тінту барысында саяжай учаскелерінің бірінен және жалдамалы пәтерден тағы 4 килограмм марихуана мен 1 килограмм гашиш алынды.

Аталған факті ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілердің екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды...

«Аталған тұлғаларды ұстау шарасы биылғы жылы жүргізілген ең ірі операциялардың бірі», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаев. – Жыл басынан есірткі заттарының заңсыз айналымы саласында ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасады деген күдікпен 18 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды».

Бұдан бөлек, жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшыларымен 132 есірткі құқық бұзушылығы тіркелді. Оның 51-і қылмыс, соның ішінде 32-сі өткізу фактілері. Заңсыз айналымнан 200 килограмға жуық есірткі заттары алынды. Оның ішінде 112 грамға жуық героин, 734 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

СҚО ПД баспасөз қызметі

0
0
235

Еще по теме