СҚО-НЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛДЕРІ ҚАЛТА ҰРЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖҮРГЕН ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫН ҰСТАДЫ
Ұрлау сәтін «От и до» сауда үйіндегі аяқ-киім бөліміндегі бейнебақылау камерасы тіркеген. Сатып алушылардың бірінің сөмкесінің ашық тұрғанын байқаған әккі келуші әмиянды қолды қылған. Қала тұрғыны алған аяқ-киімінің ақшасын төлемекші болып кассаға келген кезде, әмиянының жоғалғанын байқайды. Осыған ұқсас сауда нүктелерінде жасалған ұрлықтар өзге екі сауда үйінде тіркелген.
Жедел іс-шара барысында Петропавл полицейлері күдіктінің деректерін анықтады, оның көрші облыстардың полицейлерімен іздестіріліп жатқаны белгілі болды. Ол қалта ұрлығымен өзге өңірлерде де айналысқан. Әйел адамды Жұмысшы кентінде туысының үйінде қонақта болған сәтінде ұстады. Ұсталған әйел ұрланған ақша қаражаттарын қайтарды. Ұрлық фактісі жөнінде ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлімі бойынша тергеу жүргізілуде. Полицейлер петропавлдықтарды, әсіресе халық көп жиналатын жерлерде сақ болуды ескертеді. Қалта ұрыларының құрбаныныа айналмас үшін сөмкелеріңізді үнемі бақылауда ұстаңыздар, әмияндарыңызды, ұялы телефондарыңыз бен басқа да құнды заттарыңызды ұрылардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыздар.
