СҚО ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ЖАС ИНСПЕКТОРЛАРЫ «ҚАУІПСІЗ ДӨҢГЕЛЕК» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Олардың командасы Әбу Досмұхамбетов ат. дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының базасында өткізілген байқаудың облыстық кезеңінде жеңіске жеткен болатын.
Байқауға 12-14 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Облыс орталығынан және аудандардан қатысқан 90 оқушы қозғалысты реттеу, велосипедті мәнерлеп жүргізу дағдыларын, саптық даярлықты, манекендер арқылы алғашқы медициналық көмек көрсету қабілеттерін көрсетті. Қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша өткізілген тестілеуден жақсы нәтиже көрсетті, ал үгіт бригадалар сайысында жеткіншектер сахналық қойылымдар қойып, білімдерімен бөлісті.
«Қауіпсіз дөңгелек» байқауы 28 жыл өткізіліп келеді, - деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. - Байқауда балалар бос уақыттарын қызықты өткізеді, әрі байқау балалардың жолда жарақаттануының тиімді алдын алу шарасы болып табылады. Жас кезде алынған білім, алдағы өмірге азық болады».
Есіл ауданының командасы сайыстардың басым көпшілігінде үздік болды, әсіресе жол қозғалысы ережелері мен реттеушінің белгілері бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізді. Екінші және үшінші орынды Петропавл қ. № 23 мектебінің және Шал ақын ауданы Сергеевка қаласы қазақ орта мектебінің жасақтары иеленді.
Барлық қатысушыларға спорттық инвентарь сыйға тартылды, бағалы сыйлықтармен жеке номинация жеңімпаздары да марапатталды. Ал жеңімпаз командаларға USB байланысымен микрофондар мен колонкалар табыс етілді.






СҚО ПД баспасөз қызметі
