СҚО-ДА ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛДАУШЫЛАРЫ ТАРАПЫНАН 900-ГЕ ЖУЫҚ ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛДІ
Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері қоғамдық көліктерді айына кемінде бір рет тексереді.
«Қаңтар мен маусым аралығында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 6 жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Облыста «Қауіпсіз жол», «Лишенник» және «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шаралары екі реттен жүргізілді,- атап өтті СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. – Бұдан бөлек, «Шеп» бөгет жүйесінің бекеттерінде рейстік автобустардың құқық белгілейтін, техникалық және санитарлық жағдайының құжаттары тұрақты түрде тексеріледі».
Тексеріс кезінде анықталған өрескел бұзушылықтардың ішінде техникалық ақаулары бар автобустардың маршрутқа шығу жағдайлары кездеседі. Жыл басынан аталған бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке автобус паркінің 22 лауазымды тұлғасы тартылды. 10 кәсіпкерге бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым жолданды.
…Ақпанның басында облыс орталығының көшелерінде полицейлер бір апта бұрын маршрутқа шығуына тыйым салынған автобустың жүргенін байқады. Көлік құралының иесі ұйғарымды елемеген, сондықтан оған әкімшілік сот 2 ай мерзіміне қызметін тоқтатумен 100 айлық есептік көрсеткіш (252 500 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Сондай-ақ, елді мекендердің көшелерінде, аудандық, облыстық және республикалық жолдарда анықталған түрлі бұзушылықтар үшін жолаушылар көлігінің жүргізушілеріне 870 әкімшілік хаттама толтырылды.

СҚО ПД баспасөз қызметі
