СҚО-ДА КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛДЕРІ АЗАМАТТАРДЫ МҮЛКІНЕ САҚТЫҚПЕН ҚАРАУҒА ШАҚЫРАДЫ
Талдау көрсеткендей, қаскөйлер көп жағдайда ұялы телефондарды олжалайды. Заманауи байланыс құралдары ықшамды әрі құны да арзан емес. Сондықтан қылмыскерлер смартфондарды қолды қылып, төмен бағамен сатып жіберуге тырысады. Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 347 ұялы телефон ұрлығы тіркелді. Осы орайда жедел уәкілдер мүлікке сақтықпен қарау қажеттілігі туралы ескертеді. Азаматтар смартфондарын дәмханалардың үстелдерінде немесе таксиде қалдырып, бірнеше күннен кейін полицияға жүгініп жатады. Телефонға, мүліктің кез-келген түріне қырағылықпен және жауапкершілікпен қарағанда ғана мұндай жағдайларды азайтуға болады.
…Өткен жылдың қарашасында Аққайың ауданы полиция бөліміне қымбат смартфонын жоғалтып алған зейнеткер Рәзия Мурзатаева жүгінді. Жедел уәкілдер одан жауап алып, мән-жайды анықтады, бірнеше ай өткен соң, телефонды тауып берді. 73 жасар әйел қуанышын жасырмады. Зейнеткер Полиция департаменті бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевтың атына хат жазып, қызметіне ықыласпен, адал қарағаны үшін Аққайың ауданы ПД криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Арман Айдарбековке алғыс білдіруді сұрады.
СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климовтың айтуынша, ҚР ІІМ-нің 2019-2020 жылдарға арналған Ұрлықтарға қарсы іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде облыс полицейлері профилактикалық іс-шаралардың кешенін өткізеді. Ұялы телефондардың ұрлығынан басқа мал ұрлығы, пәтерден ұрлау тағы басқа ұрлық түрлері назарға алынған. Алдын алу жұмысы барлық арналар бойынша жүргізіліп жатыр: қаланың маршруттық автобустарында қалта ұрлықшыларының құрығына түспеу жолдары туралы аудио жіберілді, ал адамдар көп жиналатын орындардағы LED-экрандарда мүліктік қылмыстардың алдын алу жөнінде видео көрсетіледі. Бұдан бөлек, телефон мен велосипед ұрлықшыларынан сақтану мақсатында қала көшелерінде азаматтарды қырағылыққа шақыратын баннерлер орналастырылды. Болашақта аталған шаралар және адамдардың сақтығы - мүлік ұрлығының санын қысқартуға мүмкіндік береді.



СҚО ПД баспасөз қызметі
