Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

СҚО АУДАН ОРТАЛЫҒЫ ЯВЛЕНКАДА ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНДЕ АЛҒАШҚЫ АУДАНДЫҚ ІIO МУЗЕЙІ АШЫЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев Есіл ауданы полиция бөліміндегі музейдің ашылуына қатысты, полиция бөлімінің фронт-офисінде азаматтарды жеке қабылдап, жеке құраммен кездесті.

22 мамырда Ыбыраев көшесі, 13 мекенжайында орналасқан СҚО Есіл ауданының полиция бөлімі ғимаратының бірінші қабатында аудандық ішкі істер органдарының тарихына арналған музей ашылды. Музейдің ашылуына Есіл ауданының әкімі Ербол Сағдиев, СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев және Есіл ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Ғалым Байжанов қатысты. Соңғы айларда есілдік полицейлер аудандық тарихи-өлкетану және СҚО Полиция департаменті музейінің қызметкерлерімен бірлесе отыра, экспонаттар жинаған: қару түрлері, нысанды киім-кешек, амуниция, ауданда қызмет еткен кеңестік милиция мен қазақстандық полиция қызметкерлерінің жеке заттары мен фотосуреттері. Стеллаждарға 20-шы ғасырдың басынан бастап Қазақстан полициясының қалыптасуына дейінгі кезеңді бейнелейтін 100-ден астам экспонат қойылған. Экскурсия жүргізген, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Инна Кутейникова әр жылдары қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан үш қызметкердің есімдері сақтаулы екендігін атап өтті. Олардың ішінде, 1935 жылдың жазында жылқы ұрлығына күдіктілерді айдауылдау кезінде қаза тапқан миллиционер Павел Заикиннің фотосуреттерін көруге болады. Бөлек стенд соғыстан аман келіп, өзінің ауданында қарулы қылмыскерді ұстау кезінде 1966 жылдың шілдесінде қаза тапқан, Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Малышев туралы сыр шертеді. Василий Александровичте жауынгерлік наградалары болған, соғыстан кейін милиция қатарында қызмет етіп, қызмет үздігі болған. Музейде отбасылық мұрағаттан тапсырылған құнды құжаттар мен жеке заттар бар. Сондай-ақ, милиция капитаны Анатолий Добрынин қызмет еткен жылдардағы негізгі кезеңдер ерекше көрсетілген. Ол қызмет атқару кезінде 1993 жылдың 15 қарашаға қараған түні қылмыскердің қолынан қаза тапты. Музейде миллицонердің фотосуреттері, жеке заттары және грамоталар орналастырылды.

СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев және Есіл ауданының әкімі Ербол Сағдиев музейдің алғашқы қонақтары болды. «Тарихи заттарды жинау, сақтау және оларды көрмеге қою – зор еңбекті талап етеді. Бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде Есіл ауданының полиция бөлімінде осындай тарих ескерткішінің ашылғаны қуантады. Ең алдымен, осындай музей мектеп, колледж оқушылары, сондай-ақ полиция бөлімінің жас қызметкерлері арасында ағартушылық және тәрбие жұмысын жүргізу үшін қажет», - деп атап өтті облыстық полицияның бастығы Марат Төлебаев.

Бұл Солтүстік Қазақстан облысында аудандық полиция бөлімінің қабырғасында алғашқы ашылған ішкі істер органдары тарихының музейі. Жыл соңына дейін осындай музейді қалған 12 аудандық полиция бөлімінде ашу жоспарланып отыр.

Сол күні полиция бөлімінің фронт-офисінде облыстың бас полицейі азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға Есіл ауданының үш тұрғыны жазылды. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, нақты нұсқаулар берілді. Сонымен қатар, облыстық Полиция департаментінің бастығы Есіл ауданы полиция бөлімінің жеке құрамымен жұмыс кездесуін өткізді, онда аудан аумағында қылмыспен күрес, қоғамдық және жол қауіпсіздігін сақтау бойынша күнделікті жедел-қызметтік жұмыстың негізгі міндеттерін белгіледі.

СҚО ПД баспасөз қызметі

0
0
922

Еще по теме

СҚО АУДАН ОРТАЛЫҒЫ ЯВЛЕНКАДА ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНДЕ АЛҒАШҚЫ АУДАНДЫҚ ІIO МУЗЕЙІ АШЫЛДЫ - Yvision.kz