ҰРЫС АЛДЫНДА
XII тарау
ҰРЫС АЛДЫНДА
Бақытымызға орай, Инфадус та, өзге көсемдер де қаланың әрбір бұрыш-қалтарысын, соқпақ, сорабын жетік біледі екен, сондықтан көзге түртсе көргісіз қараңғылыққа қарамастан алға тез әрі бөгеліссіз жылжыдық.
Біз бір сағаттан астам жүрген соң ай беті қайтадан ашыла бастады. Әуелі айдың мана қараңғылық алдымен бүркеген шеті көрінді. Кенет жарқ ете түскен күміс сәуле қара түнекті қақ жара жерге төгілген. Осы алғашқы сәулемен қабаттаса аспан әлемінде қараңғы қапасты нұрға бөлеген шырағданша жарқ етіп, жалын сияқты қып-қызыл, отты шұғыла пайда болды. Бұл – аса сирек кездесетін әрі ғажайып сұлу құбылыс еді.
Арада бес-он минут өтер-өтпесте жұлдыздардың да өңі қайта бастады. Төңіректе не барын аңдай аларлықтай жарық түсті.
Бақсақ, Луу шаһарының шегінен ұзап кетіппіз.
Аумағы екі миль шамалас, жайпақ төбелі үлкен дөңге
тақап та қалған едік.
Бітіс-бейнесі жалпы Оңтүстік Африкаға тән бұл төбешік
онша биік емес еді. Ең биік деген нүктесі екі жүз футтан аспайтын. Алайда оның үлкен қойтастар басқан беткейі біршама тік, жарқабақты боп шықты. Төбе таға құсап иіле бітіпті. Төбенің үсті аумағы кең шөптесін әрі жазық үстірт алаң. Инфадустың айтуынша, бұл жер арнайы әскери лагерь ретінде пайдаланылатын көрінеді.
Әдетте үстірттегі гарнизон бір полк, яғни үш мың адам шамасында ғана болады екен. Алайда әрең-пәрең деп төбе басына шыққан шақта бұл арада бір емес, бірнеше полк тұрғанын аңдадық (бұл кезде қайтадан көрінген ай минут өткен сайын жарқырай түскен).
Табиғаттың аса сирек кездесетін ғажайып құбылысы шырт ұйқысын шайдай ашса керек, зәрелері ұша қорыққан қара нөпір жұрттан төбенің басы көрінбейді. Біріне-бірі тығылыса ұйлыққан жауынгерлер көкке қарап, үдірейісіп тұр.
Біз үн-түнсіз күйде қара нор топты жарып өтіп, үстірттің орта тұсындағы лашыққа қарай беттедік.
Бір таңғаларлығы, үй алдында біздің бар мүкамалымызды арқалаған екі адам тұр екен. Мана қарбаласта анау-мынауға қарауға, қайта айналып, өзіміз тұрған лашыққа соғуға шама келмеген.
– Сіздердің дүниелеріңізге бұл кісілерді мен жібергем, – деді Инфадус. – Мына бір нәрсені де тапсырып ем. – Сөйдеді де, Гудтың баяғыда жоғалған шалбарын көрсетті.
Қуанышы қойнына сыймай шалбарына жармасқан Гуд бөгелместен киіне бастаған.
– Әмірші ием шынымен-ақ өзінің сүйріктей сұлу аппақ аяғын біздің көзімізден тасаламақ па? – деді Инфадус өкінішке толы үнмен.
Бірақ Гуд алған бетінен қайтпады. Оның “сүйріктей сұлу аппақ аяғы” сүйсіне қараған кукуандардың көз алдында соңғы рет жалт етті де, шалбардың балағына еніп жоғалды.
Гуд мақтана сөйлеуді білмейтін, өте қарапайым адам ғой. Осы сәттен бастап кукуандар капитанның жарты сақалы, алып салмалы тісі мен шыны көзін ғана тамашалауға, соған қанағат етуге мәжбүр болды.
Гудтың шалбарына елжірей қараған, өткен қызық күндер турасында арманға батқан қалыпта Инфадус бізге шағын ақпар жасады. Жұртқа басталған көтерілістің мән-жайын ұғындыру үшін және кукуан елінің заңды тақ мұрагері
Игнозиді таныстыру үшін таң ата барлық полктер сапқа тұрғызылсын деген жарлық беріліпті сардарларға.
Күн шыға кукуан армиясының сүт бетіндегі қаймағы дерліктей ең таңдаулы бөлімдерден құралған жиырма мыңға тарта әскер кең үстірттің үстіне жиналды. Біз де солай қарай беттедік.
Жауынгерлер каре үлгісімен төрт бұрыштана сап түзеп, иін тіресе сығылысып тұр. Көз жауын алардай сұлу әрі айдынды сурет. Біз төрт бұрыштың ашық бетіне кеп тоқтадық. Сол мезетте-ақ төңірегіміз көсемдер мен әскербасы сардарларға толып кетті.
Тыныштық орнаған соң Инфадус осы қасқа мен жайсаңдарға арнап сөз бастады.
Кукуан елінің ақсүйектеріне тән қасиет – бұлардың көпшілігі туа біткен табиғи шешен келеді. Инфадус айшықты да әсем тілмен Игнозидің тарихын хикаялап берді. Оның әкесі – кукуан елінің заңды королін Тваланың опасыздықпен қалай өлтіргенін, қаза болған корольдің әйелі мен ұлы ел шетінен аласталғанын, олардың ғайыптан тірі қалғанын баян етті. Содан соң Твала билеген елдің езгіде, құлдықта екені, халықтың ауыр азап көріп отырғаны айтылды, бұған мысал ретінде алдыңғы түнде болған қасап қырғын, қылмыскер деген сылтаумен елдің игі жақсыларының, таңдаулы ұлдарының азапты өлімге кесілгені еске алынды. Бұдан ары Инфадус жұлдызда отырып жерге көз салған ақ көсемдердің кукуан елінің басына түскен қиын халді танып, білгені, жол азабына және басқадай қиындықтарға қарамастан жерге жетіп, кукуандарды қапас өмірден азат етуге бел байлағаны жайлы хикаялады. Осы мақсатпен деді ол, жұлдыздан келген көсемдер Кукуанстанның жат елде бейнет шегіп, қуғында жүрген заңды королі Игнозиді қамқорлыққа алды, оны қолынан жетелеп, қиян шөлді басып, сеңгір тауды асып, біздің елге келді. Бұдан соң ақ адамдардың король Тваланың қанды істерін өз көзімен көргені, ұлы мақсатқа біржола бел буғаны турасында айтылды. Олар екіойлы боп толқыған жұрттың көзін шындыққа жеткізу үшін және Фулата қызды ажалдан арашалап қалу үшін өздерінің сиқырлы күшімен айды өшірді, қанішер Скрагганы өлтірді. Олар алдағы уақытта да кукуандардың адал досы болып қала беруге әзір, кукуандардың қаражүрек Тваланы құлатып, өздерінің заңды королі Игнозиді әке тағына отырғызу жолындағы күресіне көмектесуге әзір.
Инфадус сөзін аяқтаған кезде мақұлдап бас изескен жұрт гуілдеп кетті.
Осыдан соң алға Игнози шықты. Өз кезегінде ол да жиналған жұртқа арнап сөз сөйледі. Жаңа ағасы айтқан әңгімені қайтара айтып берген Игнози өзінің әсерлі де күшті сөзін былай тәмамдаған еді.
– О, көсемдер, әскербасылар мен жауынгерлер, халайық! Сендер менің сөзімді естідіңдер. Ендігі таңдау өздеріңнен. Елдің заңды королі мені қолдаймысыңдар, әлде маған тиесілі тақта отырған, өзінің туған ағасын өлтірген, оның жас сәбиін өлімге байлап, ел-жұрттан аластаған жауызды жақтаймы- сыңдар, өздерің біліңдер. Мен сендердің шын корольдеріңмін бе, жоқ па, оны мына игі жақсылар, – ол қасында тұрған көсемдерді көрсетті, – айтып бере алады. Өйткені бұлар менің денемдегі қасиетті жылан бейнесін өз көздерімен көрді. Егер королъ болмасам, сиқырлы күшке ие мына ақ адамдар мені қолдар ма еді? Қалтыраңдар, көсемдер, қалтыраңдар, сардарлар мен сарбаздар! Құлдық ұр, халайық! Тваланың жанын үрей билеуі үшін осы ақ адамдар жер бетіне туғызған қара түнек әлі көз алдарыңда тұр емес пе?
– Иә, иә, – десті жауынгерлер.
– Мен сендердің корольдеріңмін, – деді Игнози сөзін
одан ары жалғап. Еңсесін жазып, жалпақ жүзді айбалтасын жоғары көтерді. Алып дене айдынды да, айбатты да еді. – Мен корольмін деп тұрмын. Егер сендердің іштеріңде солай емес деп айтатын адам болса, бермен шықсын, мен сол сәтінде-ақ жер қаптырайын. Ақтарылып аққан қарақошқыл қан менің сөзімнің ақиқаттығының белгісі болсын. Қане, шықсын бермен, шықсын деймін! Омбопа жүзі күнге шағылысқан үлкен айбалтаны көкке көтере жарқылдатты.
Сірә, ешкімнің көңілінде бөтен ой болмаса керек, “Қане, Дилли, шық алға, аранын ашқан ажалға” деп келетін көпке тараған өлеңнің әскери нұсқасы іспеттес бұл сөздерге қарсы жауап айтушы табыла қоймады. Сондықтан біздің бұрынғы қызметшіміз таққа отырар алдындағы салтанатты сөзін одан ары жалғастырды.
– Мен сендердің шын корольдеріңмін. Егер қан майданда менімен тізе қосып соғыссаңдар, сендерді жеңіске бастаймын, даңққа бөлеймін. Алдарыңа мал салам, қойындарыңа қатын салам. Егер тағдыр соғыста өлуге жазған болса, жанымыз бір, бірге өлеміз. Алқа топ алдында тұрып ант етем. Ата- бабамның тағына отырған соң мен еліміздегі қантөгіс атаулыға тыйым салам. Жазықсыз жандардың жапа шеккенін, нақақ қан төгілгенін енді қайтып көрмейтін боласыңдар. Бақсылар, жазықсыз жандарды жазаға ұшырататын зікір түндеріне тыйым салынады, ешбір себепсіз, ешбір кінәсіз кісі өлтіру тоқталады. Егер ауыр қылмыс жасамаса, ешбір адам өлімге кесілмейді. Мал-басың талауға түсу, үй-жайың тонауға түсу тоқталады. Әркім өз үйінде тыныш ұйықтайтын болады. Бүкіл жерімізге әділет шапағаты орнайды. Ал енді айтыңдар, қасқа мен жайсаң, ер-азамат, айтыңдар, халайық, кім жағындасыңдар?
– Кім жағында екеніміз мағлұм, о, король! – десті жұрт күңірене шулап.
– Жақсы. Енді бұрылып, жан-жақтарыңа қараңдар. Тваланың хабаршылары төңіректің төрт бұрышына асыға шапқылап бара жатыр. Ауыр әскер жинамақ, мені, сендерді, маған дос әрі қамқоршы ақ адамдарды, осы тұрған бәрімізді өлтірмек, қырып-жоймақ. Не ертең, не бүрсігүні Твала әзірге өзіне адалдық сақтап тұрған барлық әскерімен осы арадан табылады. Міне, сол қанды шайқас үстінде танылады, сендердің қайсысыңның маған шын берілген ерлер екендігің, қайсыңның ақ іс, әділ іс жолында жауға қарсы тайсалмай шаба алатындарың. Жеңіс қуанышын тойлаған, олжа бөліскен кезде мен бұл адамдардың соқталы сыбаға алатынын мәлімдеймін. Мен көңілімдегі сөзімді тегіс айттым, о, көсемдер, сардарлар, жауынгерлер мен қараша жұрт. Енді өздеріңнің бекініс жайларыңа барып, алда тұрған ауыр ұрысқа әзірлене беріңдер.
Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнай қалды. Содан соң көсемдердің бірі қолын көкке көтеріп еді, жиырма мың әскер жер-дүниені күңіренте айқайлады.
– Куум!
Бұл – осы арадағы барлық полктер Игнозиді өзінің королі
деп танығанын білдіретін.
Артынша жауынгерлер лек-легімен өздерінің тиесілі
орындарына тарады.
Жарты сағаттан соң біз полк басқарушы көсемдер тегіс
қатысқан әскери кеңес шақырдық.
Көп ұзамай-ақ күші басым жаудың бізге қарсы шабуылға
шығары анық еді. Шынында да, қарауыл шоқыда отырған бізге жаудың күш топтап жатқаны, елдің түкпір-түкпірінен әскер жинау үшін қаладан шартарапқа шапқыншылар аттанғаны тегіс көрініп тұрды.
Біздің қолымыздағы күш – елдегі ең таңдаулы жеті полк. Ұзын саны жиырма мыңдай ғана әскер. Инфадустың және басқа көсемдердің есебінше, қазіргі кезде Твала өз жағында қалған әскердің басым көпшілігін Луу шаһарына жинап үлгерді. Бұл – кем дегенде отыз-отыз бес мың жауынгер. Ертең түске дейін бұл ауыр қолға құрығанда бес-алты мың адам тағы келіп қосылмақ.
Твала жағындағы әскердің біразы бізге өтіп кетуі ықтимал екендігін де есепке алдық. Алайда қайткенде де солай болады деп бұған үміт артуға негіз жоқ-ты. Әзірге күмәнсіз нәрсе біреу-ақ: жау бізді біржола талқандауға мұқият әзірленіп жатыр.
Мұздай құрсанған мың сан жауынгерден құралған жекелеген отрядтар біз бекінген қырқаны төңіректей бастады. Үлкен шабуылға әзірлік жүріп жатқаны айдан анық.
Бірақ Инфадус та, өзге көсемдер де жау дәл бүгінгі түнде шабуылға шыға қоймас деген сенімде еді. Дайындық жұмысы аяқталып бітердей болған жоқ. Оның үстіне, түнде айдың тұтылуы кукуандарға біздің сиқырлы күшке ие, құдіретті жандар екендігімізді әйгіледі, осының нәтижесінде жұрт көңілінде туған үрей, ауыр әсер біраз сейіліп, жауынгерлер ес жинауы қажетті. Біздің әскербасылар шабуыл ертең таңертең болады деп кесіп айтты. Бұл сөз, шынында да расқа айналды.
Бұл екі ортада біз де қарап жатқамыз жоқ. Өзіміз алған шепті нығайта түсу, бекіте түсу үшін жатпай-тұрмай жұмыс істедік. Қол қусырып отырған бір жан болмады.
Қажетті шаруаны тәмамдап үлгеруте уақыт жетпейтін көрінген. Алайда бір күн ішінде қыруар іс тындырдық.
Біз бекінген қырқа шындығында бекініс емес, демалыс орны тәрізді еді. Бұл ара әдетте елдің ауа райы жайсыз аймақтарындағы ауыр қызметінен қажыған әскер бөлімдері жататын лагерь ретінде пайдаланылып келіпті. Сондықтан лагерьді шын мәнісіндегі бекініске айналдыруға кірістік. Қырқаның басына көтерілетін соқпақ, сораптар, оңтайлы жерлерді түгел таспенен тығындадық. Үлгергенімізше, мүмкін болғанынша бекініп бақтық. Жапырлап келе жатқан жаудың үстінен домалатуға арнап қолайлы деген тұстарға төбе-төбе етіп жұмыр тастар үйдік. Әр полкке арнайы орын сайланып берілді. Бір сөзбен айтқанда, бәріміз жабылып ойлап тапқан, қолдан келген дайындық, сақтық әрекеттерін тегіс жүзеге асырдық.
Екінді әлетінде бір топ жауынгердің Луудан шығып, бізге қарай беттегенін аңдадық. Басшыларының бірі қолына жапырақты хұрма бұтағын көтерген. Елшіміз деген белгі.
Елші жақындап келген кезде Игнози, Инфадус, сардар өкілдері және сэр Генри, Гуд үшеуміз қырқаның етегіне түстік. Елші – иығына қабылан терісінен тігілген жақы жамылған,
алып тұлғалы, ер кейіпті кісі екен.
– Сәлем бәріңе, – деді ол қасымызға тақаған соң
күмбірлеген дауыспен. – Король өзіне қарсы аруақ аттап, ант бұзып арамза соғыс бастаған адамдарға сәлем жолдайды. Ашулы арыстан өзінің аяғының астында жатып ызамен ырылдаған қорқау қасқырларға сәлем айтты.
– Сөйле! – дедім мен.
– Корольдің сөзі мынадай. Беріліңдер, әміршінің дәргейіне
бас ұрыңдар. Әйтпесе көрген күндерің көр болады. Қара бұқаның жауырын еті жұлынды, арқасынан ақтарылып қан аққан жануарды король лагерьді айнала қуып жүр1.
– Твала ұсынатын шарттар қандай? – деп сұрадым мен әуесқойлық жетегімен.
– Ұлы корольдің атына лайық, кеңшілікті әрі мейірбан шарттар қояды Твала. Ұлы Тваланың, Жалғызкөз Тваланың, мың әйелдің Серкесі, кукуан елінің Әмірі, Даңғыл Жолдың Қамқоры, сеңгір шындарды күзетіп отырған Тұнжырлардың Сүйіктісі, Қара Сиырдың Торпағы, басқан ізі жерді теңселткен Піл, Жауыздардың Құбыжығы, Алып Денелі, Асқан Қайратты, Дана көсем, әлімсақтан қалыптасқан салт бойынша ата тағында отырған Твала, Қаһарлы Твала, Қара Твала былай дейді. Құлақ салыңдар Тваланың сөзіне: “Мен мейірбандық көрсетем, көп қан тілемеймін. Тек әрбір он адамның бірі ғана өлуге тиіс, қалған жұртқа тегіс кешірім жасалады.
Алайда менің ұлым Скрагганы өлтірген Инкубу дейтін ақ адам, оның қызметшісі, менің тағымнан дәмеленіп, бүлікке жел берген қара жігіт және өзінің туған бауыры – маған қарсы қару көтерген Инфадус үшеуіне ешқандай кешірім жоқ, бұл кісілер Тұнжырларға құрбанға шалынып, ауыр азап үстінде өлтіріледі”. Мейірбан короліміздің сөзі, міне, осы.
Басқа жұртпен аз-маз кеңесіп алған соң мен бұл мейірбан сөздерге тиесілі жауап қайтардым. Қыр басындағы жауынгерлер тегіс естісін деп даусымды көтере айқайлап сөйлеген едім.
1 Соғыс жарияланған немесе ел өмірінде жұрт тітіренген басқадай бір елеулі оқиға болған кезде жасалатын ырым. Бұл қатал салтты тек кукуандар ғана емес, африка тайпаларының көпшілігі ұстанады.
– Қара төбет, өзіңді осында жіберген Твалаға мына сөздерді жеткіз. Біз – Кукуанстанның заңды королі Игнози, Айдың өзін өшіру қолынан келетін сиқырға ие, құдірет-күшке кемел, жұлдыздан түскен данышпан ақ адамдар, Инкубу, Бугван және Макумазан, король нәсілінен шыққан қолбасы Инфадус, көсемдер мен сардарлар, мың сан жауынгерлер, осында жиналған бар халық Твалаға былай деп мәлімдейміз. Біз бас имейміз, бағынбаймыз. Арада анық екі күн өтпей, Тваланың өлі денесі өзінің краалінің алдында топыраққа былғанып жатады, ал әкесін Твала өлтірген Игнози оның орнына ел билігін қолына алады. Ал енді таяқ ойнатпай тұрған кезде табаныңды жалтырат. Біз сияқты адамдарға қарсы қол көтерем деп басыңнан айырылып жүрме.
Елші қарқ-қарқ күлді.
– Ер жігіт құр бопсадан ықпас болар, – деді көтеріңкі
дауыспен. – Айды өшіре алатын сабаздар, ертең көрерміз, қаншалық ер екендеріңді. Соғысып бағыңдар, қоқила- ныңдар, мәз болыңдар әзірге – жанары өшкен көздеріңді қарға шоқып, ақсөңке сүйектеріңді шибөрілер мүжіген шақта қыбыр етуге де шамаларың келмес. Хош болыңдар! Бәлки, ертең ұрыс үстінде бетпе-бет кездесерміз. Бар тілегім, мен қолыма қару ұстап оралғанға дейін жұлдыздарыңа қайтып кетіп жүрмеңдер!
Бізді келеке еткен осы соңғы сөзін айтысымен елші бөгелмеді.
Ұзамай күн де ұясына қонды. Жер бетін қараңғылық бүркеді.
Бәріміз де сілеміз қата шаршаған едік. Соған қарамастан: әлі де қаншама шаруа жасауға тура келді. Ай жарығын пайдаланып, ертеңгі ұрысқа дайындық жұмысын одан әрі жалғастырдық.
Біз алдағы шайқас туралы кеңесіп отырған жерге хабаршылардың бірі келіп, бірі кетіп, сабылысып жатты; не істеу керектігі турасында бұйрық апарады, іс жайы жөнінде ақпар әкеледі. Мың сан әскер жанталаса қимылдауда.
Ақыры, түн ортасы ауа бере қолдан келуі мүмкін болған шаруаны тегіс тәмамдадық. Жұрт жаппай ұйқыға кетті. Тек жасауылдардың өзара тіл қатысқан дауыстары ғана меңіреу түн тыныштығын бұзып тұр.
Сэр Генри екеуміз қасымызға Игнозиді және көсемдердің бірін ертіп, қырқадан төменге түстік те, алғы шепті адақтап шықтық. Ілгері аттаған сайын адам күтпеген жерден найзалары айға шағылысып, өре түрегелген, біз паролімізді айтысымен қайтадан зым-зия болған сақшылар тобына ұшырасып отырдық. Күзет үстіндегі жауынгерлердің қырағылығы мағлұм болды. Содан соң біз ауыр ұйқы құшағында қарақұрым боп жатқан жауынгерлердің арасымен жайлап өтіп, кері қайттық.
Ай жарығы мың сан найзаның сүңгісіне шағылыса жарқырайды. Ұйқыдағы жауынгерлердің ақ сәулемен бозарып көрінген беттері қан-сөлі қашқан өліктің беті тәрізді. Олардың бастарындағы түнгі салқын жел тербеген айдар қауырсындары табыт тиелген арбаға қадалған қауырсындарға ұқсап кетеді. Ұйқы-тұйқы боп, ретсіз жатқан жауынгерлердің бозғылтым сәулеге шомған ер тұлғалы арыс денелері ғажайып сырлы кейіпке бөленгендей.
– Қалай ойлайсың, келер кешке осы жігіттердің қаншасы тірі жетер екен? – деп сұрады сэр Генри.
Мен ұйқыдағы сарбаздардың жүзіне қадала қарап отырған қалпымда басымды шайқадым да қойдым.
Сілем қатып шаршағаныма қарамастан қиялым шарықтап, көз алдыма не түрлі алапат суреттер елестеді. Ажалдың суық қолы мына жатқан адамдарды алқымдай бастағандай. Қан жұтып, жер құшады-ау деген кісілерді ойша белгілеп те қойдым. Адам өмірінің құпия сыры туралы асқақ ой кернеді кеудемді, содан соң өзекті жанның өлімнен қашып құтыла алмайтыны жөнінде мұңға бөлендім.
Міне, қазір мың сан халық түн тыныштығын жамылып, рақат ұйқы құшағында жатыр, ал осылардың қаншамасы жер жастанады, тек бұлар ғана емес, жау жағынан да мыңдаған адамның өмірі үзіледі; бәлки, мына біз де жарық дүниемен қоштасатын шығармыз; бәріміз де ажал құшағында қимылсыз, тілсіз қатып семіп жатармыз. Қаншама әйел жесір қалады, қаншама бала жетім қалады, қаншама ошақ тұл болады. Тек шабдар жүзді кәрі ай ғана бұрынғы қамсыз қалпында жерге сәуле төгіп тұра береді; су ағады, жел соғады, табиғат сол бұрынғы қалпынан танбайды; алып жер, айдынды жер керіліп, рақат ұйқы құшағында жата береді; мына адамдар дүниеге келерден бұрын бақи уақыт бойы солай болған, бұл адамдар дүниеден көшіп, біржола ұмытылған соң да солай болып қала бермек.
Алайда әлемнің мәңгі екені анық болса, адамның өлмейтіні де анық. Рас, оның аты ұмытылады, бірақ ол дем алған ауа бұрынғыша жер бетіндегі тіршілікке нәр беріп тұрады, оның аузынан шыққан сөз енді басқалардың аузына көшеді, ақылы дүниеге әкелген ойлар енді басқалардың сыбағасына айналады. Оның бойын билеген құмарлық біздің дүниеге келуімізге себепкер болды, оның қайғысы мен қуанышы біздің бойымызда да бар, ал ол шошыған, қайтсе де қашып құтылуға тырысқан, бірақ бәрібір аранына түскен ажал – бізді де күтіп тұр.
Әлем шынында да елестерге толы; бұл – көрден шыққан, ақ кебін жамылған аруақтар емес, өмірдің өлмес, өшпес бөлшектері, бұл – бір тұлғадан екінші тұлғаға, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа көшіп келе жатқан, мәңгі жасайтын өмір ұрқы.
Мақалда айтылатындай, “сұлуды емес, сүңгіні құшақтап” ұйықтаған жауынгерлердің ығы-жығы боп, неше түрлі кейіпте жатқан айбынды бейнелеріне қарап отырып мен осы тектес ойларға шомдым. Кәрілік жақындаған сайын, өкінішке орай, көп ойланатын дертке шалдыққан едім.
– Куртис, – дедім мен сэр Генриге қарап. – Ұят та болса айтайын, зәрем кетіп, үрейім ұшып отырмын.
Сэр Генри өзінің ақ сары сақалын салалап сәл бөгелді де, жымиып күлді.
– Бұл іспеттес сөзді сіздің аузыңыздан бұдан бұрын да талай рет естіп ем, Куатермэн, – деді ол.
– Солайы солай. Бірақ осы жолы шын айтам. Білсеңіз, мен қайсысымыздың болмасын келер түнді көре қоятынымызға қатты күмәнданам. Шабуыл жасайтыны жаудың күші бізден әлдеқайда артық, шепті ұстап тұра алуымыз екіталай, тіпті оған үміт аз.
– Қайткенде де оңайлықпен берісе қоймаспыз. Тыңдаңыз, Куатермэн, біздің халіміз нашар, әу бастан шатақ іске араласпау қажет еді. Ал енді осылай болып қалған соң, амал жоқ, қолдан келгенше қимылдап бағу керек. Өз басыма келсек, ақыр өлу қажет болса, соғыста өлгенді қалар едім. Оның үстіне, бақытсыз бауырым табыла ма деген үмітім біржола кесілуге айналды, сондықтан өлімнен шошынар жайым жоқ. Алайда бақ – батылдардың басына қонуға тиіс, бәлки, жолымыз болып та кетуі. Әрине, нағыз қасап қырғын болады. Атақ-абыройымызды сақтау үшін біздің ең қатерлі жерлерде шайқасуымызға тура келер.
Соңғы сөзді сэр Генри түнеріңкі үнмен айтты, бірақ жарқ- жұрқ еткен жанары оның көңіл күйі дауыс әуеніне мүлде қарама-қарсы екендігін әйгілейтін. Маған тіпті сэр Генри қанды ұрысқа тіленіп тұрған тәрізді көрініп кетті.
Бұдан соң біз өзімізге арналған лашыққа қайттық. Екі сағаттай ғана ұйықтадық.
Күн шығар алдында бізді Инфадус оятты. Жағдай туралы ақпар беруге келіпті. Шаһар төңірегі құжынаған әскер деді ол. Жаудың жекелеген ұсақ отрядтары біздің алғы шепке қарай беттеген де көрінеді.
Біз тұрып, ұрысқа сайлана бастадық. Алдымен үстімізге берен сауыттарымызды кидік. Дәл қазіргі жағдайда себіл тоны үшін Твалаға қарыздар едік. Сауытты үстіне рақаттанып тұрып киген сэр Генри кукуан жауынгерлерінен аумай қалды.
– Кукуанстанға келген екенсің, кукуанша жүр, – деді ол өзінің кең иығына сауытты қомдай киіп жатып.
Сауыт сэр Генриге шақ екен, жараса кетті. Алайда ол тек сауытпен ғана шектеліп қалмады. Инфадусқа толық әскери киім алғызды. Иығына тек көсемдер ғана киетін, қабылан терісінен жасалған жақы жамылды, жоғары дәрежелі қолбасыларға ғана лайықты салт жөнімен басына түйеқұстың қара қауырсындары қадалған бөрік киді және буйволдың аппақ құйрықтарын беліне орай байлап алды. Бұтына муча, аяғына сандал киді, бір қолына ауыр айбалта, екінші қолына ақ буйвол терісімен қапталған қалқан ұстады. Кукуан әскери тәртібі бойынша қатарынан үш селебемен қаруланды (мұның екеуі қалқанның ішкі бетіне бекітіліп, біреуі белге қыстырылатын). Осының бәрінің үстіне өзінің тапаншасын қосты.
Әрине, бұлай киіну – адамға жабайы кейіп беретін, бірақ дәл осы қалыпта сэр Генридің алып денесі бұрынғыдан да айдындана түсті, мен өмірімде мұндай айбарлы, мұндай сұлу тұлғалы еркек көрмеген едім.
Көп ұзамай біздің үстімізге Игнози келді. Ол да дәл жаңағыдай киініпті. Егіз алып, қос баһадүр тұр еді біздің алдымызда.
Сауыт Гуд екеуміздің үстімізге де дәл осылай жараса кетті деп мақтана алмаймын.
Капитан өзінің шалбарын тастағысы келмеді. Мойындау керек қой, бір көзіне монокль тағынған, бір жақ беті тап- таза, екінші жақ бетінде жарты сақал бар, үстіне салпылдаған сауыт киіп, оны ұйпа-тұйпасы шыққан ши барқыт шалбарының ішіне жібере шарт буынып алған аласа бойлы, төртбақ, толық денелі джентльменнің ұсқыны адам атаулыны таң қалдыруы мүмкін, бірақ тірі жанды айдындырмасы анық.
Менің өз басыма келсек, өте үлкен болғандықтан, сауытты бар киімнің сыртынан кидім; соның өзінде көлкілдеп тұрды. Оның үстіне мен шалбарды шешіп тастап, жалаң вельдскунмен ғана ұрысқа кіруге бел байладым, шегіне қалсақ, қашуға оңай болу үшін жасаған қам еді. Қолданып та, қорғанып та жарытпайтынымды біле тұра найза мен қалқан, екі селебе пышақ алдым. Беліме тапанша байладым. Өңіме айбат, жүзіме ызбар беру үшін басымдағы аңшы бөркіме үлкен шоқ қауырсын қыстырдым. Байқап отырсыздар, менің кейпім жұпынылау шықты.
Айтпақшы, осы қару-жарақтың үстіне біз, әрине, винтовкаларымызды да ұмытқан жоқпыз. Бірақ патрондарымыз тым аз болғандықтан мылтықтан келер қайран да шамалы еді, сондықтан оны соңымыздағы нөкерлеріміз көтеріп жүретін болды.
Сақадай сайланып алған соң асығыс ас іштік те, іс жайын қадағалау үшін тысқа шықтық.
Қырқаның қала жақ бетінде біздің әрі штабымыз, әрі бақылау пунктімізге айналған қоңырқай жартасты кішкене төбешік бар еді. Инфадусты және ол бастаған Сұр сарбаздар полкін біз осы арадан таптық.
Біз алғаш шекаралық краальде көрген бұл полк, сөз жоқ, бүкіл кукуан армиясындағы ең таңдаулы әскер бөлімі еді. Үш мың бес жүз адамнан құралған полк қазір резервте тұрған. Жауынгерлер Луудан құмырсқаша шұбырып шыққан король әскерлеріне қарап, топ-тобымен көгалда жатыр.
Сап түзей ұзыннан ұзақ созылған әскерде шек жоқ тәрізді. Жау үш лекке бөлінген екен. Әр лекте кем дегенде он бір-он екі мыңнан адам бар.
Қала сыртына шыққан соң жау қолы сапқа тұрып, қатар түзеді. Содан соң бір лек оңға бұрылды, екінші лек солға қарай беттеді, ал үшінші лек әскер тура бізге қарсы жүрді.
– А-а! – деді Инфадус. – Олар бізді бір мезгілде үш жақтан қатар қыспаққа алмақ!
Бұл – өте жайсыз хабар еді. Біздің қырқа басындағы, ұзындығы кем дегенде бір жарым мильге созылған шебіміздегі әскер саны селдір. Қолдағы күшті жинақтап, белгілі бір пункттерде ғана қорғану әлдеқайда жеңілге түсер еді. Бірақ жауға былай жасалған шабуыл бізге қолайлы болады деп айта алмайсың, амал жоқ, осы күрделі ұрыс шартын қабылдап, әл келгенше шайқасып бағу қажет.
Шепте жатқан барлық әскерге шабуылды тойтаруға әзірленіңдер деген бұйрық жібердік.
