Перейти к содержимому
Обложка сообщества Общество

Рухани кемелдену

Адам дүниеге келген уақыттан бері сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен өзгеріске ұшырайды екен. Оны біз ерте немесе кеш байқауымыз мүмкін. Ерте ме кеш пе маңызды емес, бастысы сол өзгерістерді байқау. Былтырдан бері өзімді іздеу үстіндемін. Қай кезде, қай уақытта өзімді жоғалтып үлгергенімді білмеймін. Бәлкім бала күнімде болар, мүмкін мектеп табалдырығын аттаған соң ба, әлде жоғары білім ордасында ма? Бұл сұрақтың жауабын санамнан талай рет іздеуге әрекеттенсем де, ойға қонымды жауапты тапқан жоқпын. Кейін сұрақты бір жаққа ысырып қойып, жоғалған өзімді іздеуге кірістім. Алғашқы қадамдардың бірі - өзімді сырт көзбен зерттеу болды. Талдадым, зерттедім, бағаладым. Жасап жатқан істерімді, мінез-құлқымды, айналамдағы адамдарға деген қарым-қатынасымды, өмірге деген көзқарасымды терең саралаудан өткіздім. Сосын өзімді қабылдадым да ізденіс жолына түстім. Бұл жолда ең маңыздысы санаңдағы ойды түзету. Маған ең қиынға соққаны осы. Себебі, табиғатымның жаратылысынан уайымшыл болдым, туындаған мәселелерді көп ойлап, уайымдап, шешуге қауқарымның жетіспейтінін түсінсем де тек сол мәселені ойлап қана жүретінмін. Ал қазір көптеген тәжірибелерден кейін кез келген мәселелерді жақсы жағынан қарап, шешілмей жатса уақыт арнасына жіберуді үйрендім. Бұл менің басты жетістігім деп білемін. Сол уайымшылдығымның кеселінен денсаулығыма да зақым тигізіп үлгерген болатынмын. Оны да өзімді іздеу жолымда түсіндім. Бір өкінетінім, кеш түсіндім. Бұрындары көтеріңкі көңіл-күйге қарағанда басыңқы көңіл-күй жағдайында көп болатынмын. Психологиялық тұрғыда айтқанда пессимист болдым. Еш себепсіз апатиялық күйде көп болатынмын. Өзімнің өміріме көңілім толмайтын. Жалғыздықты, тыныштықты ғана қалайтынмын. Тағы да ізденістерден кейін, тәжірибелерден кейін бұл күйімді түбегейлі өзгерттім. Өмірге күліп қарауды, өмірді шексіз сүюді үйрендім. Айналамның керемет бейнесіне көзім жетіп, табиғатпен үндесуді үйрендім. Адамдармен араласуды бұрын ұнатпасам, қазір рахат ала бастадым. Әр адамның ішкі жан күйіне үңілуді үйреніп, эгоисттігімнен арыла бастадым. Мұз боп қатып үлгерген жүрегімді өмірдің жылулығымен жібітіп, ғашықтық сезімін кеше білдім, сүюді үйрендім. Бұрын соңды маған таныс емес керемет сезім өзімді іздеу жолында көп жағымды өзгерістерге жеткізді. Өмірдің тәттісінің дәмін таттырып, өмір кітабыма жазылатын тамаша естеліктерге күә етті. Кейінгі қадам - бойыңдағы қорқыныш пен үрейден арылу. Бұл жолда әлі де жұмыс жасаудамын. Қорқыныш пен үрей өмір сүруге ең көп кедергі келтіретін психологиялық күйлер. Себебі сол қорқыныштардың кеселінен қаншама мақсаттар жүзеге аспай, қанша армандар орындалмай қалды. Қазір реалисті тұрғыда тәуекелге оңай баруды үйрендім.Бұл да бір кіші жетістік.

Бұл жазбаны жазудағы басты мақсатым жетістіктерімді тізіп, жеке басымды мақтау емес. Өзін таба алмай, өзгерістерге бел бумай жүрген жандарға аз да болса септігімді тигізгім келеді. Өмірдің мәнін түсіну, қайталанбас өз бейнеңді қалыптастыру, жаның мен тәніңнің сұлулығын ұштастыра білу, айналаңмен үндестікте болу, өзіңді және өзгені сезіне білу - өмірдің ең маңызды және ең қажетті шарттары. Ол дегеніміз - рухани кемелденуге жету. Өмірдің ең маңызды құндылықтарын түсіне білу.

1
6
5543

Еще по теме