Рамазан айы
Рамазан айы орталануда! Рамазан-шәриф құпия сырдың, жария болмаған келісімнің, сырт көзге көрінбейтін тақуалықтың айы! Ораза ұстамаған адам рамазанның қадір-қасиетін еш түсінбейді. Рамазан - Жаратушы Хақ пен жалбарынушы құлдың арасындағы мейлінше құпия сыр! Рамазан - Алла тағала мен қарапайым пенде арасындағы өзара берік келісім, барынша тиімді уағдаластық! Рамазанның түпкі нәтижесі әр инсан үшін бұл жалған дүниеде және мәңгілік ақыретте пайдасы зор нағыз тақуалық! Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын "Құнанбай қажы" деп аталатын көлемді зерттеу еңбегімізді жаза жүріп шариғат мәселесіне ықтияттап деп қойып, ең алғаш ораза ұстай бастағанбыз. Ораза ауызашар дастарxандарына жол ашты, ал ифтарлар жамағатпен парыз намаздарын оқу дағдысы қалыптасуына тың сүрлеу салды. Оразада тарауиx намаздарына қатынасу біздер үшін бұлжымас міндетке айналды. Міне, осылайша қиын-қыспақ, алмағайып заманда өз еркімізбен дінге басыбайлы бет бұрып, мемлекеттік қызметте жүрсек те бұл дүниені толық тәрік етпегенмен, қай жерде, қандай ортада болсақ та шариғаттың шеңберінен шығып кетпеуді басты парыз санадық. Қазірде қазақ түрік және араб, парсы, басқа да мұсылман елдерден рамазан құлшылықтары бойынша оқ бойы озық тұр. Себебі, рамазанда қазақ еліндегі барлық мешіттерде дерлік xафиздар мен қарилар тарауиx намаздарында Құранды толық xатымдауда. Ал Түркия мен өзге мұсылман елдерінде бұл үрдіске әртүрлі себептерге байланысты шектеу мен тиым салынған. Ауызашардың мол дастарxанынан соң қазақ жомарттары сәресіге деп әртүрлі тағамнан, жеміс-жидектен толтырып салып береді. Ысырапшылдықты жойған бұл дәстүр сәресіге деп қосымша тамақ дайындамауға да жол ашады, мұсылман еркек-әйелдер бос уақыттарын ғибадатқа, Құран аяттарын жаттауға, шариғи әдебиеттер оқуға арнайды. Рамазанның соңғы онкүндігіне қарай пітір-садақа тарату, қайырымдылық жасау, зекет беру, мешіттерде оңашаланып иғтикафқа отыру, Меккеге Умра - кіші қажылық жасауға бару, әулиелер мекені мен ата-аналарын зиярат ету тұрғысынан да діндар қазақ әлемдегі басқа мұсылмандар қауымына қарағанда тақуалығымен алдыңғы қатарға шығуда! Әмсе осылай болсын, қоштаймыз! Исі Қазақ әйкәпір атанбай діндарлығымен айдай әлемге атағы шықсын! Қазақ жаппай тақуа болса құдай тағала ел-жерімізді аман сақтап, сырт көз алартушылардың залымдығы мен дұшпандығын тоқтатпақшы! Рамазанның көл-көсір берекетінен құр қалмай, керексіз істермен айналыспай, күнәға батыратын құр бос сөздерді сөйлемей, Хақ Тәңірге жағатын ғибадаттарымызды молынан жасайық, ағайын?!

