Перейти к содержимому
Обложка сообщества Общество

ӘР БАЛА МЕКТЕПКЕ ЛАЙЫҚТЫ

Менің есімім Әбілмансұр. 7 жастамын. Елордадағы 59-шы мектеп-лицейінің 1-сынып оқушысымын. Өскенде жаныма жақын саланың білікті маманы болғым келеді.

Ал бұл менің класс жетекшім - Алуа апай.

Алуа Ерболқызы бізге есеп шығаруды үйретіп жатыр.

Айналамдағы қатарластарымнан сәл өзгешелігім бары рас. Есту қабілетім баяу дамып келеді. Бірақ бұл маған бәрімен бірдей білім алуға еш кедергі емес.

Маған және ата-анама қазіргі үлгерімім ұнайды.

Ал егер үлгермей жатсам, мұндағы ұстаздар менімен жеке айналысады.

Сабақ оқуға деген ынтам өсті.

Жаңа достарым да пайда болды. Естімей қалсам, жаныма жақындап ақырын айтады. Мектепте бәрі бір-біріне қол ұшын созуға әзір тұрады.

Сәби кезімнен көптеген сөздерді есту мүмкіндігім болмаған соң, бүгінде маған жиі сөйлеу керектігін түсінем. Осы мақсатта мектепте дефектолог-мамандар да бізге көмектеседі.

Әр сабағымыз көңілді өтеді. Түрлі концерттік шаралар ұйымдастырылады. Ертегі кейіпкерлерін сомдаймыз.

Ұстаздардың бізге деген мейірімі шексіз. Дефектологтар бізбен аптасына 2 рет айналысады.

Ал бұл менің анам -Динара.

7 жасар Әбілмансұрдың анасы. Динара Молдабаева - 2 баланың анасы, жеке кәсіпкер. Үлкен ұлы 12 жаста. Дүниеге сау келді. Оның айтуынша, кенжесі Әбілмансұр да тумасынан сау. Ешқандай физикалық ақау жоқ. Тек есту қабілеті әуелден нашар дамыды.

"Мемлекеттік квота арқылы 2013-жылы 2 жасқа дейін кохлеарлы имплантация жасалып, қазіргі таңда реабилитациямен айналысып келеміз. Ең бастысы баланы оқшауламай, әлеуметтендіру бағытын ұстанған жөн. Әрине, кохлеарлы имплантация сау адамның табиғи есту жүйесін толық ауыстыра алмайды. Оның үстіне, арнайы аппаратты тек сол жақ құлағына бекіттік. Айналасы шу бола қалса, кейбір сөздерді естімей қалуы әбден мүмкін. Әндер мен сөздерді ажырата алады. Бөбек кезінен көптеген сөздерді ести алмаған соң, бүгінде сөздік қоры аз", - дейді анасы.

"Осы олқылықтың орнын толтыру - басты мақсат. Аппарат арқылы ол өз даусын ести алады. Кохлеарлы имплантация жүйесінің құны шамамен 35 мың АҚШ долларына тең. Тегін мемлекеттік квотаны ұсынған үкіметке алғысымыз шексіз. Әр 5 жыл сайын аппараттың сөйлеу процессорлары жаңартылып отырады. Жаңа "речевой процессор"-ды биыл алдық. Құны шамамен 5 млн теңге. Үкімет тек соңғы үлгідегі аппараттарды сатып алады. Біз осы үшін өте қуаныштымыз", - дейді Динара.

"Ұлымызды әуелден жалпы орта білім беру мектептерінде оқыту керектігін білдік. Осыған байланысты елордадағы 59-шы мектеп-лицейін таңдадық. Мұнда инклюзивті білім беру жүйесі дамыған. Әр оқушыға индивидуалды қарайды. Ұстаздар қауымы да аталған мәселе туралы бұрыннан біледі. Мейлінше түсіністік танытады. Алғаш келгенде мектеп ұжымы бізді жақсы қарсы алды. Мені және жолдасымды сабырға шақырып, баламыздың қатарластарынан қалмай оқи алатындығын сеніммен айтты. Ол үшін өздерінің де аянып қалмайтындығы жөнінде сендірді. Біздің және мұғалімдердің ұстанатын ортақ мақсатымыз - баланы өзін масыл ретінде сездірмеу. Болашақта қатарластарымен бірге өседі деген жақсы болжам бар."

Әсем Әмірханованың Арсен есімді ұлы да осы мектепте инклюзивті білім алады. Әсем өзі елордадағы компаниялардың бірінде аудармашы болып қызмет етеді.

"Осы мектепте, 5-сыныпта ұлым оқиды. Баламның тумасынан есту қабілеті болған жоқ. Оны біз 5 айында білдік. Медицина мамандары мұны жолдасым екеуміздің генетикалық деңгейдегі қарама-қайшылыққа жатқызды. Бұл жерге дейін ұлым менің 4 мектеп ауыстырды. Көкшетау қаласынан көшіп келген бетте біз бір мектепке бардық. Онда кохлеарлы имплантациямен оқиды деген соң соны таңдадық. Бірақ ол мектеп үйімізден қашық болған соң жақынырақ мектепке ауыстық. Дегенмен, ол мектеп көңілімізден шықпады. Қазір мен еш мектепке кір келтіргім келмейді, бірақ сол мектептегі мамандар бұндай проблемамен таныс болмай шықты. Арнайы класс болған жоқ."

"Бір жасқа толған кезде біз мемлекеттік квотамен операция жасаттық Алматыда. Содан кейін біз өзіміз сурдопедагог, дефектолог пен логопедтер сияқты мамандарды шақыртып үйден сабақ беріп отырдық. Мектепке берер алдында, алдын-ала дайындық болсын деп біз бала бақшаға да көпшілікпен бірге барып жүрдік. Осындай ортада оған еліктеу жеңіл болды да, ортасына тез сіңісіп кетті. Сосын басқа кішкентай балалар өзгеше қатарластарының айырмашылығына көп көңіл бөлмейді ғой. Бағымызға орай, балабақшаның мамандары өте жақсы болды Көкшетауда. Аппаратқа жеке көңіл бөліп отырды. Балаларға түсіндіріп отырды. Сондықтан бізде аппарат сынып қалады деген уайым болған жоқ."

Алла Петрқызы, 59-мектеп директорының бастауыш сыныптағы оқу ісі жөніндегі орынбасары.

"Біздің мектепте 4 мыңнан астам бала 3 ауысым арқылы оқиды. Оның ішінде инклюзивті білім алып жүрген мүмкіндігі шектеулі оқушылар да бар. Бірінің есту мен көру қабілеті нашар болса, енді бірінің тумасынан сал ауруына шалдығып ойлау қабілеті тежелген. Әр сыныпта шамамен сондай 1-2 баладан бар. Ой-өрісі тез дамуы үшін дені сау қатарластарымен бірге білім алады. Арнайы комиссия шешімімен кейбір балалар жалпы білім беру бағдарламасымен оқытылса, кейбірі жеке білім алады. Қазіргі таңда мектебімізде 38 инклюзивті сынып бар. Биыл бірінші сыныпқа барған балғындармен жұмыс жасау үшін тюторлар мен сурдопедагогтар келді. Ұстаздарға балаларды оқыту әдістемесі бойынша кеңестер береді. Былтыр келген 3 баланың есту қабілеті нашар болды. Бүгінде олардың үлгерімі жақсы. Оқуға деген ынталары байқалады. Үй тапсырмаларын уақытылы орындап отырады. Меніңше, бұл - біздің ұстаздарымыздың ерен еңбегі. Өйткені олар ерекше балалар үшін қолайлы жағдай жасап келеді. Ата-аналар да риза. Кейбір балалар 1-сыныпта екінші жылға қалдырылады."

"Елордада алғашқылардың бірі болып инклюзивті білім бере бастаған 65-мектеп. Мектептер арасында екіжақты семинарлар өткізіп отырамыз. Қалалық білім басқармасы да түрлі шараларды, оның ішінде тренингтерді ұйымдастырады. Өз басым таяуда Алматыға барып, біліктілік шыңдадым. Мектебімізге ойлау жүйесі мен сөйлеуі тежелген бала келгенде, оны 2 жылдың ішінде өз ойын білдіртуге үйретеміз. Заңға сәйкес, біз кез келген балаға мейлінше жалпыға бірдей білім беруге талпынып көруіміз керек. Бірі алып кетеді, енді бірі екінші жылға қалады. Қазір мектепте есту қабілеті нашар 3 бала бар. Мәселен, Катя есімді сал ауруымен туған оқушымыз бар. Операцияға дейін үйден білім алып келсе, кейін мектепке келіп сабақ оқи бастады. Қазіргі таңда өзі жүріп тұра алады. Қалып тұрғаны қасында бақылап жүретін арнайы "тютор", яғни тәрбиеші іздеп жатырмыз."

Алла Петрқызы мен Катяның анасы Надежда.

Надежда - 3 баланың анасы. Осыдан 5 жыл бұрын Украинаның Донецк қаласынан отбасымен бірге көшіп келген. Үлкен қызы Анастасия - жоғары сынып оқушысы. Кенже ұлы Владимир - екінші сыныпта оқиды. Ортаншы қызы Екатерина да 2-сынып оқушысы. Тумасынан сал ауруына шалдыққан.

Надежда:

"Тұңғыш қызымызды дүниеге әкелгеннен кейін бәрі ойдағыдай болды. Сан түрлі жоспар құрдық жолдасым екеуміз. Екінші қызымыз дүниеге келгенде тағдырымыздың өзгергені рас. 2011-жылы қызым Катя туды. Дәрігерлер оның денсаулығына қатысты жақсы болжам айтуға асықпады. Қазір қызым 8,5 жаста. Одан кейін ұлым туды, Владимир. Бірнеше баланың анасы боламын деп ойламаппын бұрын.)) Тағдырым күрделі болса да, өкінбеймін. Ұлым өмірге дені сау болып келгеннен кейін, екінші баламның тағдырына деген алаңдаушылық сәл сейілгендей болды. Өткен жылы қызым Катя үйден оқыды. Бірақ сонда да қызыма қатарластарын көрсетіп, араласып тұрғанын қаладым. Мектепке жиі әкеліп тұрдым. Қазір өте керемет жүзе біледі. Ұлым болса, озат оқушы. Мектепте апасына көмектеседі. Қатарластары мен құрбы жолдастары да мейлінше жәрдемдесуге әзір тұрады. Мектепте Алла Петровна бастаған ұстаздарға алғысым шексіз. Ең бастысы қызым өз қатарластарының қатарында жүр. Кейбір мектептерде мүмкіндігі шектеулі баланы білім ордасына әкеле қалсаң, дені сау балалардың ата-аналары қарсылық танытып жатады. Ал мұнда бәрі керісінше, түсіністік танытады. Қазір Катяны мектеп әкелсем, алдынан достары жүгіріп қарсы алады. Қызымның келгеніне олар да қуанады. Болашақта өзін кез келген саладан тапса деймін. Украинаның шығысындағы жағдайдың қандай екені баршаға мәлім. Сондықтан осы жер - менің балаларымның өсіп өнуі үшін өте қолайлы. Балалар уақытын пайдалы өткізу үшін көптеген концерттік бағдарламаларға, конкурстар мен семинарларға қатысады. Катя ән салып, би билегенді ұнатады. Үлкен қызым сурет салу мен математиканы, ал ұлым тек математиканы ұнатады."

Темірбаева Кенжегүл Оспанқызы. 59-мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

"Ұстаздық еткеніме біраз уақыт болды. 1980-жылдан бері балаларға білім беріп келем. Былтырдан бастап, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істей бастадым. Осы уақыт аралығында менің сыныбыма мүмкіндігі шектеулі 2 бала келді. Олардың дені сау балаларға қарағанда әрине айырмашылығы бар. Бірақ олар мұғалімнің кішкене көбірек көңіл бөлінуін талап етеді. Мендегі екі бала - өте алғыр. Зейіні мен байқағыштық қабілеттері дамыған. Екеуінің есту қабілеті баяу дамығандықтан, жандарына барып еркелетемін. Сабақта берген жауабы дұрыс болып жатса, сыныптың көзінше мақтаймын. Балалар көшбасшы болғысы келеді. Спортқа бейім, жылдам. Мектептегі іс-шараларға, ертегілерге де қатысып отырады. Одан тыс түрлі үйірмелерге, вокал, теннис, шахмат және күреске қатысады. Есепті тез шығарады. Тек сөйлегенде ақырын сөйлейді. Өткен сабақтың түсінікті болғанын сұраймын. Басқа жауап беріп жатса, тағы бір мәрте түсіндіру керектігін білемін. Жас ұстаздаға айтарым, сабырлық пен шыдамдылық керек. Мүмкіндігі шектеулі балаларға жақын болу керек. Ешқай отбасы мұндай жағдайдың, оның ішінде бала сынағының алдын ала алмайтынын білу қажет. Баланы өзіне тарта білуі тиіс жас мұғалімдер. Балалардың мұғалімге де көңілі ашылады. Жанында отқан сыныптасымен де жақсы тіл табыса бастайды. Жұппен жұмыс істеуді үйренеді."

Қоса кетелік, статистикалық мәліметтер бойынша елімізде 80 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Ішінде 4 мыңға жуығы аутизм дертіне шалдыққан. Ойлау қабілеті әдеттегіден тез дамуы үшін оларды қоғамнан оқшау ұстамаған жөн. Осыған байланысты елорда мектептерінде инклюзивті білім беру сыныптары ашылып жатыр.

Автор: Мирлан Алтынбек.

#ӘрБалаМектепкеЛайықты #КаждыйРебенокДостоинШколы #EveryChildWantsToBeIncluded #BolashakCharity #Аутизм #ФондСоциальныхИзменений

Еще по теме

ӘР БАЛА МЕКТЕПКЕ ЛАЙЫҚТЫ - Yvision.kz