"Спортқа ұлттық құндылық ретінде қарау"

Жобамыздың бүгінгі материалы келешегін спортпен байланыстырған жастар жайында болмақ. Сұхбат барысында спортшылар оқырмандарымызбен жеңістері мен жеңілістері жайында бөліседі.
_________________________________________________________________________

Ерлан Жақсыбеков, 18 жаста, дзюдо
Дзюдо күресімен 7-сыныптан бері айналысамын. Спортпен айналысып жүрсең ел аралап, жер көретінің белгілі. Жарыстармен Қазақстанның барлық аймақтарына, алыс-жақын шетелдерге барып келдім. Бүгінде спорт шеберлігіне үміткермін. Қазақстан Республикасының жастар арасындағы чемпионатта жүлдегер атандым.
Дзюдоның адамның сабырлы болуына, тұлға болып қалыптасуына пайдасы зор. Спортшы ғұмырымды аяқтағаннан кейін қазақ жастарын дзюдоға баулысам деген ойым бар.

Нұржан Жұмахан, 23 жаста, самбо
Кішкентай кезімде әкем самбо үйірмесіне алып келді. Содан бері самбоға деген қызығушылығым оянып, осы күрес түрімен айналысып жүргеніме он шақты жыл болды. Жарыстарға Белорусия, Ресей, Қырғызстан елдеріне барғанмын. 2007 жылы Мәскеуде өткен әлем чемпионатында 3-орын алдым. Бұл менің есімнен кетпестей болған, алғашқы ірі жеңісім.

Жәнібек Сермағамбетов, 18 жаста, бокс
Бокспен айналысқаныма биыл 4 жыл болды. Жалпы, бокс деген мен үшін өз-өзіңді қорғау тәсілдерін үйрететін, адами қалыптасуыңды шыңдайтын спорт түрі. Ауылда жүрген кезде Олимпиада жүлдегерлері: Ермахан, Болат, Мұхтархан секілді ағаларымызды пір тұтатынбыз. Сол қазақи рухтың бір ұшпағы ауылдан шыққан біз секілді жастардың бойына құйылған деп ойлаймын.
Есімде қалған жетістігім: Тараз қаласында болған турнирде финалға жолдама алғанымда. Сондағы турнирдің ақтық сынында қырғыз елінен келген қарсыласымды бар күшімді салып ұтқан едім. Спортшы өміріндегі ұмытылмас жеңістер болатын болса, менің өмірімдегі айтулы табыс деп дәл осы жарыста топ жарғанымды айтар едім.

Ерсін Еркінұлы, 19 жаста, еркін күрес
Еркін күреспен мектепте оқып жүрген кезімнен айналысамын. Ең алғашқы рет осы спорт түріне сыныптастарым барып жүргендігін көретінмін. Содан қатты қызығушылығым пайда болып, соларға қосылып, мен де бара бастадым. Бүгінде күрес өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Жалпы, кәсіби спортты зиян деп айтып жататындар көп қой. Бірақ, осыған қарамастан, еркін күресті болашағыммен сабақтастырамын. Осы салада үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерден көрінгім келеді.

Құдайберген Бейсембаев, 17 жаста, таеквандо
Таеквондомен 3-сыныптан бері айналысып келемін. Бүгінде осы спорт түрінен Қазақстан чемпионымын, «қара белбеу», «спорт шебері», «халықаралық турнирлердің чемпионы» атағының иегерімін. Жарыс кезінде сапарларымның ішінен Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласына барғаным ерекше есте қалды. Себебі, шығыста мен айналысып жүрген спортқа ұлттық құндылық ретінде қарайды. Оның пәлсапасына терең үніліп, астарынан абыройлы болудың алғышарттарын түсінеді екенсің. Спортта абырой мен намыстың қандай рөл ойнайтынын сонда ғана ұқтым.
Таеквондоның адам денсаулығына пайдасы көп. Мысалы, аяқ созылады, жүрек жақсы жұмыс істейді, жалпы айтқанда, салауатты өмір салтына ықпалы мол.

Марта Ахметкәрім, 24 жаста, баскетбол
Баскетболмен 7 жасымнан бастап айналысамын. Қазір спорт шеберлігіне үміткермін. Спорт академияның құрама командасында капитанмын. Баскетбол өте қызықты ойын деп ойлаймын.
Спортта бір күні жолың болып жеңіске жетсең, бір күні жарақат алып, жеңіліп жатасың. Бірде ең маңызды турнирдің ақтық сынында ойнап жүріп, аяғымды сындырып алдым. Командама еш көмегімді бере алмай, жеңілістің кермек дәмін тарттық. Сонда ғана санаңа спортшы болудың қандай екенін түйеді екенсің. Спорт мен үшін – өмір.
Мәтін: Айнұр Ракишева
Фото: Әлия Сембай
___________________________________________________________________________________________
Достар, егер де "Екпіннің" жаңа жазбалары мен жаңалықтары жайында білгіңіз келсе, @ekpin_kz твиттерімізге жазылыңыз.
