Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ПОЛИЦЕЙЛЕР ПЕТРОПАВЛДА БАЛЫҚШЫНЫ ӨЛІМ АУЗЫНАН АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

Таңғы беске таман 19 ықшам ауданның балықшылары ішінде қимылсыз адамы бар қалқып бара жатқан қайықты байқап, «102» арнасына қоңырау шалған. Жеңіс және Набережный көшелерінің қиылысында болған жақын маңдағы құрамында полиция сержанты Мейірбек Мейрам мен Талғат Іңкәров бар патруль экипажы оқиға орнына келіп жеткен. Айқайлаған дауысқа балықшы жауап қатпаған. Дамбаның жоғарғы бөлігінен төменге қарай құлдилайтын жеріне 400 метрдей қалағанын байқаған Мейірбек үстіндегі нысанды киімін шешіп, суы жылып үлгермеген Есіл өзеніне түседі. Ол жүзе отырып қайыққа жетеді де оған көтеріледі. Жолы болмаған балықшы оянып жағдайды бағдарлағанша, полиция сержанты ескекпен есе отырып қайық басын жағаға қарай бұрады. Дамбадағы су иіріміне 300 метрдей қалған. Дамба мен қайықтың арасын бөліп тұрды. Сонымен қатар, оның әріптесі жағада құтқару операциясына қайық дайындайды.

«Полиция сержанты Мейірбек Мейрамның қызметте қол жеткізген жетістіктері мол, - дейді жас қызметкер жайлы патрульдік полиция батальонының командирі полиция капитаны Азамат Келдіғұлов. – Ұқыпты және салмақты қызметкер, уақтылы дұрыс шешім қабылдай алады, осындай жағдайда өз қабілетін ісімен дәлелдей білді».

23 жасар Мейірбек – Қарағанды қаласының тумасы. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде білім алып, 2016 жылы полицияға қызметке орналасып, осы қалада қалған. Үлкен отбасында өмірін құқықтық тәртіпті сақтаумен байланыстырғандардың алғашқысы.

Ержүрек қызметкер өзінің ісін асқан ерлік деп санамайды. «Қайық ағыспен өзен ортасына қарай жүзіп жатқанын байқаған соң, іркіліп тұратын уақыт болған жоқ, - дейді ол. – Бала жасымнан суда жүзуді үйренгенмін, дәл сол сәтте бір ғана шешім қайықты қамысқа қарай алып шығу болды. Әрине, суық суға түсу оңай емес, таразы басында адам тағдыры тұрғандықтан, дегенмен ол жайлы ойланып тұруға уақыт қалған жоқ».

Аман қалған балықшының 25 маусымның таңы тағдырдың тартуымен екінші рет өмір сыйлаған сәті мәңгілік есінде қалары сөзсіз. «Шексіз алғысымды білдіремін!» - дейді петропавлдық жанына араша түскен тәртіп сақшыларына.

0
0
274

Еще по теме