ПОГОН ТАҚҚАН МОРЖДАР (ФОТО)

ПОГОН ТАҚҚАН МОРЖДАР – қысқы жүзу клубының мүшелері Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Жылдам әрекет ететін арнайы жасағы құрамында қызмет атқарып жүрген әріптестерін осылай атайды.
Мұзды суға шомылу – оңай шаруа емес. Өзінің ағзасын, денесін суаттағы суық суға дайындау әркімнің қолынан келе бермейді. Суық суға күмп беретін солтүстікқазақстандықтар қатарында полиция қызметкерлері де аз емес. Олардың кезекті жаттығуы сенбілік таңда Есіл өзенінде өтті. Жылдам әрекет ететін арнайы жасақтың үш офицері – Марат Мусин, Аслан Найманбаев, Фарадж Абдуллаев өздерінің әріптестеріне жол ашып, бастаманы қолға алды. Арнайы жасақтың басқа да жауынгерлерін мұзды суға шомылуға үйрету жоспарда бар.
«Арнайы суат ойып, суға шомылуға мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Мұнда көптен бері шомылып жүрген адамдар да бар. Олар бізге барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, үйретеді. Елбасымыз да салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Мен де әріптестерімді, таныстарымды қысқы шомылумен айналысуға шақырамын», - дейді СҚО ПД Арнайы жасағының инспекторы полиция аға лейтенанты Аслан Найманбаев.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың командирі полиция майоры Ерік Құлжановтың айтуынша, жасақ қызметкерлері кез келген уақытта арнайы тапсырмаларды орындауға дайын болуы керек. Сондықтан мұзды суға түсу салауатты өмір салты ғана емес, жауынгерлік дайындықтың бір бөлігі.
Осылайша, сақшылар тәжірибелі қысқы жүзушілермен бірлесіп, суық суға түсудің ережелерін меңгеруде. «Суға алғаш рет түсушілерге өзенге келіп, бірден шомылмауға кеңес беремін. Бұл үшін алдын ала дайындалу қажет. Ойық басында аздап қиналып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан су болған денеңізге оңай киілетін киім алыңыздар. Далада жел тұрса, тіптен тоңасыздар. Бұл арада шаңғышының арнайы киімі артық болмайды. Аяқ астына қою үшін орамал немесе шағын кілемше алу қажет», - дейді морждар клубының мүшесі Вячеслав Балов.
Крещение мейрамында да арнайы жасақ қызметкерлері әдеттегідей күшейтілген түрде Есіл өзенінде қызмет атқарады. Тек бұл жолы суға шомылушы ретінде емес, керісінше құқықтық тәртіп мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.




СҚО ПД баспасөз қызметі
