ПЕТРОПАВЛДА СЫРТҚЫ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫ 7 МЫҢНАН АСТАМ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫ ТІРКЕДІ
Күн сайын объективке орташа есеппен алғанда 40 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеледі. Барлығы жарты жылда 7080 бұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі, 5843-і жол жүрісі ережелерін бұзуға қатысты орын алған. Негізінен, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлікті басқара отырып телефонмен сөйлесу.
«Бейнебақылаудың көмегімен шешілетін маңызды тапсырмалардың бірі, бұл - қоғамда «мүлдем төзбеушілік» принципін нығайту», - дейді ЖБО бастығы полиция подполковнигі Қуандық Ысқақов. – Айта кетеріміз, жүргізушілер қозғалыс кезінде «ұялы телефонды» қолдану заң талабына қайшы келетінін жақсы біледі. Алайда, адамдардың көбі жеке әуестігін өзгеден жоғары қояды. Осы әдеттен арылту үшін жүргізушілерді үнемі назар ұстау қажеттігін талап етеді, ал заманауи технология жұмысты айтарлықтай жеңілдетуге септігін тигізері сөзсіз».
Бейне жүйелердің қылмыстарды ашуда алатын орны аса ерекше. Қала аудандарын бейнебақылаумен толық қамтуға техникалық мүмкіндік болмаған жағдайдың өзінде, камераның келтіретін пайдасы орасан. Мысалға, мамыр айында Ойқала ауданындағы дүкендердің бірінде ашық түрде ұрлау фактісі орын алған. Объектив күдіктінің кеткен бағытын тіркеген. Оның «ізін суытпай» ұстауда жақын жердегі екі автопатрульдің көмегі тиді.
Жыл басынан бейнекамералардың көмегімен 61 қылмыс, оның ішінде 24 ұрлық пен 14 тонау ашылды.

СҚО ПД баспасөз қызметі
