ПЕТРОПАВЛДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ТУРНИР ӨТКІЗДІ

Жылдың қорытындысы бойынша өткен жедел кеңесті тәртіп сақшылары спорттық іс-шарамен аяқтады.
СҚО Полиция департаменті бастығының кубогына шағын футболдан өткен турнирге полиция департаментінің аппараты қызметтерінің, аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары мен олардың орынбасарлары қатысты. Майорлар мен полковниктер турнирді айналма жүйесі бойынша өткізді. Облыстық полиция аппаратының командасы бұл сайыста үздік атанды. Команданың жеңіске жетуіне турнирдің үздік қақпашысы – полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин септесті. Екінші орынды қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің бастықтарынан құралған команда иеленді. Олардың арасында Айыртау ауданы полиция бөлімінің бастығы Әбілғазы Ғабдуллин үздік қорғаушы атанды. Ал, орынбасарлардан құралған команда үшінші орынға жайғасты. Команда сапында өнер көрсеткен Ақжар ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Аян Оспанов турнирдің үздік шабуылдаушысы болды.
«Аталған турнир Есірткі бизнесіне қарсы күрес жылына арналып отыр. Бұл арқылы біздің офицерлер командалық рухты нығайтып, жеке құрамға салауатты өмір салтының маңыздылығын көрсетіп отыр», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалин.
Турнирдің қатысушылары жоғары офицерлік құрамның кез келген қиын жағдайларда шешім қабылдай алуын ғана емес, спорттық дайындықтарының жоғары екенін дәлелдеді. Айта кетерлігі, бұдан былай солтүстікқазақстандық полицейлер үлкен кездесулерді спорттық жарыстармен атап өтуді шешкен.








СҚО ПД баспасөз қызметі
http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN
