Перейти к содержимому
Обложка сообщества Путешествия

Өзбекстанның ішкі әуе компаниялары мен шетелдік лоукастерлер туралы

Өзбекстанның ішкі әуе компаниялары мен шетелдік лоукастерлер туралы айтпасақ болмас?
Астанадан Ташкентке және кері ұшатын екі компанияның ұшақтары бар екен, біріншісі - өзіміздің FlyArystan және Air Astana, екіншісі Өзбекстанның Uzbekistan Airways компаниясы. Бағасы қалтаға қарай, шамалы айырмашылық болар. Сондықтан, Ташкентке барып-қайту кезінде отандық FlyArystan компаниясын таңдадық. Өз лоукостеріміздің жалпы, басында бағасы арзандау еді, кейінгі кезде біраз қымбаттап кетті.
Ал, Өзбекстан аумағында олардың Uzbekistan Airways компаниясын таңдадық, ыңғайлы, бағасы да аса қымбат емес. Мысалы, Ташкенттен Нөкіске дейін бір сағат жиырма минут ұшсақ, Үргеніштен Ташкентке де бір сағат жиырма минутта жеттік. Айтқандай, билетті көп агрегаторлардан қарадым да, аталған компанияның өз сайтынан алдым. Агрегаторлардағы баға айырмашылығы едәуір. Мұндай сәттерді де ескеру керек. Лайфхак дейміз бе?!
Сонымен, әңгіме Өзбекстанның ішкі әуе компаниялары туралы. Uzbekistan Airways арқылы Өзбекстанның негізгі қалаларына жетуге болады. Мысалы, бұл компания Ташкент, Самарқанд, Үргеніш, Нөкіс, Әндіжан, Бұқара, Ферғана, Науаи, Қаршы, Термез, Наманған қалаларына ұшады. Шетелдер бойынша Еуропа, Азия мемлекеттірінің көптеген қалаларына да ұшады екен.
Қысқаша айтқанда Өзбекстанда ішкі авиация жақсы жолға қойылған. Мысалы, Арал теңізі жағасындағы, халқы 13 мың ғана Мойнақ қаласына Нөкістан ұшақ ұшады. Әрине, бұл туристер үшін ыңғайлы, жергілікті халық та қызметін пайдаланатыны сөзсіз. Екі нәрсені тағы айта кетейін, Uzbekistan Airways ұшағында ас-су билет бағасына кіреді және ұшақтардың бәрі жақсы, жаңа, қауіпсіз және үлкен.
Өздерінің ұшақ компанияларының көптігі назар аударды, мысалы, бізде Scat, Air Astana және Qazaq Air ғана бар, ал, оларда Air Samarkand, Centrum Air, Qanot Sharq, Silk Avia, Panorama Airways, Fly Khiva және манағы айтқан Uzbekistan Airways. Бұл жерде екі мәселе шешілген. Біріншісі, Самарқанд елдегі екінші ірі хаб ретінде Әлем елдерімен тікелей байланыс жасайды, екінші, Ташкент, Самарқанд сияқты қалалардан өзге Өзбекстанның ірі қалаларын әуе байланысымен қамтамасыз ету жолға қойылып жатыр. Бұл сәйкесінше бәсекелестікке жол ашады.
Шетелдік лоукостердің енуі үшін төрт қаланың әуе кеңістігі "ашық аспан" қағидатын енгізген, қазірдің өзінде Өзбекстанға WizzAir, Flynas сияқты компаниялар келіп үлгерді.
Ең болмаса, алыстан арбалай-ақ, көрші елдің тәжірибесін үйренсек болар еді!
Айтқандай Хиуаға Үргеніш арқылы жетуге болады, арасы бір 30-35 шақырым болар, фото Интернеттен алынды.

0
0
2595

Еще по теме