Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

ОНКИЛОНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

Ертеңіне тымық күн жиһангездерді түске дейін жіпсіз байлады, өйткені оған дейін тұман бір сейілген жоқ, зайыры, Санников жері ауа райының, әсіресе көктемгі ерекшелігі осы болса керек. Бұған таңданып та болмайды: қыруар жылы көлдер мен жылғалар ауаға ылғалды көп береді. Ал айнала мұзарт таулар мен қырлы алқаптар күн батқан соң ол ылғалды суытып, соқыр тұманға айналдырады. Ойпат ауасының ылғалды екенін мүк пен қынаның қалыңдығынан-ақ аңғаруға болады. Ағаштардың барлығының өн бойын мүк басқан, ал жапырақтарынан шудаланып сұр қына салбырап тұрады.

Тауларының биіктігіне қарамай Санников жерінің Қазандық аралынан анда-санда ғана көрінетінінің де себебі осы тұманның қырсығы болса керек. Көктемде оны тұман құдайдың құтты күні торлап, кейін ол теңіз ашылғанда жерді қалың мұнар болып орап тастайтынға ұқсайды.

Арал түкпіріне екінші саяхат терістік-батыс бағытта басталды. Бұл бағытта да ормандар ұлылы-кішілі алаңдармен алмасып отырды. Алаңқайлардың көбінің ортасында көл бар, түстікке таяу жатқандары қамыс басып, қорысқа айнала бастаған, алысырақ жатқандары әзір одан аман. Бу атқылау көлдердің кейбірінен ғана кездесті, оның өзі де тым әлсіз. Тегі, бұл төңіректе жанартаулар сөніп болса керек. Алаңқайларда егіздер мен жылқылар там-тұм ұшырасты, адамнан запы көргенінен болар, олар аз болғанымен аса сақ. Мүйізтұмсықтарды бір-ақ мәрте, оның өзінде алыстан көрді. Оның есесіне қамысты мекендеген қабандар көп екен, бірін кешкі асқа атып та алды.

Қоналқаға үлкен бір алаңқайдың шетіне тоқтап, қоржын мен мылтықтарды шөпке тастап, отын кесіп әкелгелі бәрі орманға жөнелді. Кенет заттардың жанында қалған екі ит жан даусы шыға шабаланып үрді-ай кеп. Жақынырақ жүрген Горохов пен Ордин алаңқайға жүгіре шығып, қоржындарын иіскелеп жатқан дәу аюды көрді, тегі, жас еттің иісі аранын ашып жіберсе керек. Шабаланған иттер артқы аяғынан тістемек болып қанша тырысқанымен аю қарар емес, ашу шақырып гүж-гүж етеді.

Не істеу керек, мылтықтар иттердің қорғаштағанына қарамай быт-шыты шыққалы тұрған қоржындардың жанында жатыр. Қолында балтасы бар Ордин Гороховқа сыбыр етті.

– Мен мұның ту сыртынан кеп балтамен соғайын, бұрыла бергенде мылтықты ал да ат.

Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, аю бір қоржынды қақ айырып, тұмсығын тығып та жіберді. Ордин атыла кеп бар пәрменімен сілтеп, аюдың шүйде тұсына балтаны ұңғысына дейін кіргізіп жіберді де жалт берді. Ащы дауыс алаңқайды басына көтерді, аю артқы аяғымен тік тұрды да сол сәт тасасындағы Кротты жаншып тастай жаздап шалқасынан құлады. Аюдың жұлын омыртқасы үзілген еді, ол ақыра өкіріп, алдыңғы аяғымен далбасалап шөпте домалап жатыр. Иттер оның қимылсыз артқы аяғына жармасты, Горохов үлкен бір оқты сол жақ бүйірінен қадалтты. Бірнеше минуттан кейін бұрқыраған қаны шөпті жуып, алып дене қимылсыз жатты.

Бір-бір құшақ отын алып, Горюнов пен Костяков та жетті. Бәрі аюды қоршап алып, оның орасан дәулігіне таңырқасты: ол өздеріне таныс кәдімгі коңыр аюдан бір-жарым есе үлкен екен, азуының ұзындығы он сантиметрден асады.

– Осы жолы оңай құтылған екенбіз! – деді Горюнов.

– Жарылған бір қоржын мен иттің жарақатынан зорырақ садақа беруге тура келетін еді.

Шынында да, аю аласұрып жүріп аяғымен Белуханы бүйірден періп қалған екен, қанталап шыға келіпті. Қазір ит жеңіл жараны өзі жалап, емдеп жатыр.

– Алда бұл бізге сабақ! Заттардың жанында мылтығын сайлап біреу қалуы керек қой, – деді Ордин. –Алып жыртқыштың арқасына балта қадау сәті ылғи түсе бермейді.

– Оның табанына бір түссең, тірі кете алмайсың! – деді Горохов аюдың терісін сыпыруға кірісіп. Ордин аюдың тұрқын өлшеп, қас қарайып суретке түсіре алмағанына өкінді.

Заттарды басқа жерге көшіруге тура келді, себебі аю етінен сүйкімсіз бір иіс шығып отырғызбады. Бірақ ол иіс иттердің етке мелшектей тоюына еш бөгет болған жоқ. Түн мазасыз өтті. Иттер қайта-қайта шәуілдеп тынған жоқ, олардың неменеге абалағанын айыруға түн ортасына таман алаңқайды тұмшалап тастаған соқыр тұман мүмкіндік бермеді. Жүз қадамдай жерде қалған өлімтіктің тұсынан сылпылдаған жүріс, ырылдаған дыбыс, күтірлеген сүйек үні келіп, бәзбір түнде жортар жыртқыштар мәре-сәре болып жатты. Алагеуімде Горохов аюдың сүйегін ғана тауып, бұл жақындай бергенде тура тартқан екі үлкен қасқырды көріпті.

Ол күні желдің әсерінен тұман ерте сейіліп, жиһангездер терістік-батыс бағытындағы жолын әрі қарай жалғады. Қайтар жолда ала кетпек оймен аю терісін Горохов баурайдағы екі ағаштың арасына керіп жайып кетті. Көлі бар тағы да екі алаңқайдан өтті, екіншісіндегі тұнбадан түзілген ақ төбеден бу көптен бері атылмаса керек, айналасын қына басып кетіпті.

Үшінші алаңқайға шыға бергенде қарсы жақтан адамдардың даусы естілді. Алайда иттер абалай қоя беріп еді – дауыс бірден сап болды. Алаңқай арқылы кішірек көлді айналып өтетін соқпақ жол жатыр, жағадағы дымқыл топырақтан аяғында жұмсақ торбас бар адам ізін оңай айыруға болады.

– Мыналар ма, тас дәуір адамдары емес, – деді Горюнов.

– Тегі, олар әлі де жалаңаяқ жүрген шығар.

– Аяғына кигендері терістіктің тұрғылықты халқынікі сияқты болса, оларға туыс боп шығады ғой, ендеше, олармен кездесуден тайқақтамау керек, – деп нығарлай түсті ойын Ордин.

Қамысы қарсы алдағы алаңқайды көлегейлеп тұрған көлді айналып келесі бетке шыққанда төбесі түтіндеген жап-жасыл адыр көзге түсті. Төбе маңында адамдар жүр, біреуі биікке шығып, алаңқайды шолып тұр. Көл сыртынан келе жатқан жиһангездерді көріп, ол қалғандарына хабарлады оны, сөйткенше болған жоқ, отыз адамнан құрылған жасақ алқапты ала тізіліп, бұларға қарсы жүрді. Жақындағанда барып байқады, бәрі де қаруланған екен: әрқайсысы оң қолына ұзын найза ұстапты, сол қолында – садақ, арқасында жебеге таққан қауырсын көрінеді.

Жиһангездерге жүз қадамдай қалғанда жасақ қалт тоқтап, зады, көсемі болуы керек, жолмен келе жатқан біреуі қолын көтеріп, айғай салды.

– Анау не айтып тұр? Қай тілде сөйлейді өзі? – деп сұрады Горюнов Гороховтан.

– Чукот тіліне ұқсас сияқты, – деп жауап берді Никита.

– Бейбіт адам болсаңдар, екі қолдарыңды да көтеріңдер деп бұйырады.

Жиһангездер қолын жоғары көтерді. Жасақ сол замат қайта қозғалып, көсемінің белгісімен отыз қадамдай жақын келіп тағы да қалт тоқтады.

– Неткен адамсыңдар, біздің жерге қайдан және не үшін келдіңдер? – деп сұрады көсемі.

– Оларға айт, біз түстік жақтан Үлкен жерден келген ақ адамдармыз де, мұздардың ортасындағы мына кішкентай жерді көргелі келдік де, – деп тапсырды Горюнов. Горохов оның айтқанын аударды.

– Онда жақындаңдар, ақ адамдар, бірақ біліп қойыңдар, біздің бәріміз де қаруланғанбыз әрі көппіз, – деді жасақ басшысы.

Әр қимылды қадағалап кадала қалған отыз жұп жанардың ұшында жиһангездер көсемге жақындай берді. Горюнов алға шығып, оған қолын ұсынды. Көсем оң қолын әуелі маңдайына қойып, содан жүрегіне апарып, ақыр аяғында ғана мейманның қолын қысты. Осы ғадетін ол қалғандарға қайталады. Сол-ақ екен, жасақ айнала шеңбер жасап, келгендерді алқа-қотан қоршап ала қойды; қолына қару ұстап иық тақаса тұрған жауынгерлер біріне-бірі сыбырлап, жатжерліктердің киімі, етігі, қоржыны, беліне қыстырған балтасы мен арқасына асынған жалтырақ таяғы туралы айтып жатты.

Жауынгерлердің бәрі белуарына дейін жалаңаш, бұтында тері шалбар, аяғында теріден жасалған жеңіл торбас. Беті, иығы, кеудесі толқын, шеңбер, нүкте тәрізді таңбалардан көрінбейді. Әрқайсысының мойнында қасқыр тістерінен тізген алқа бар, оның алдыңғы жағында ұп-ұзын аю азуы екі-үштен тағы тұр. Жылтыр қара шаштары еңбегінің тұсына түйіліп, арасына бірден, екі-үштен бүркіт қауырсыны қыстырылған. Денелері бұлтық-бұлтық бұлшық ет, жүздері қараторы, аздап атжақты, көздері қап-қара, қыр мұрынды бәрі. Үстіңгі екі күрек тісі қызылмен боялып, онысы күлгенде кісіні өзгертіп жібереді екен, ауыз бейнебір екі дөңгелек тесік сияқты болып кетеді. Тегі, бұл тайпа дұшпанына дес бермейтін Жаужүрек болса керек, тек қарулары қарапайым: найзаларының ұшы жылтыртас, жебесінің басы сүйектен, беліне қыстырған балтасымағының басы тас та, сабы ағаш. Арқасында жебе салған қорамсақтан басқа дағарадай көн қалқан бар.

– Сіздің халықты, мынау жерді қалай атайды? – деп сұрады Горохов Горюновтың тапсыруымен.

– Менің халқым – онкилондар. Мына жер де біздікі, бабаларымыз жаулап алып берген. Менің атым Амнундак, онкилондардың көсемімін. Ал мына сендерді және жерлеріңді қалай атайды?

Бұған, бұл секілді және бірсыпыра сауалына жауап алып, мұнда ақ адамдар қандай себеппен, қай жолмен келгенін білгеннен кейін:

– Ит арқасы қияннан санаулы-ақ адам келген екенсіңдер, онкилондардың қонағы болыңдар. Менің тұрағыма жүріңдер,– деді көсем.

Осыны айтты да ол бұрылып жолға түсіп жүре берді, жиһангездер соңынан ерді, жауынгерлер екі жақтан қапталдай, артынан тізіліп келе жатыр. Олар Гороховтан киім-кешек, қару-жарақ, мұз жолы, үлкен жердегі тұрмыс туралы сұрай бастады. Сірә, олар үлкен жер жайында атадан балаға ауысып жалғасып келе жатқан аңыздардан бірдеңе білсе керек. Горохов олардың сауалына әрең жауап беріп үлгеріп келеді, оның үстіне чукотшаға ұқсағанымен, онкилондар тілінің едәуір өзгешелігі бар, сондықтан бірін-бірі олар кейде түсінбей де қалады.

Жаңағы жасыл төбе онкилондардың тұрағы – жалпақ жертөле болып шықты. Көсем есік тәрізді тері ілінген кірер ауызға кеп тоқтады да, пердені көтеріп, меймандарға ішке кір деп ымдады. Кірер ауыз аласа болғандықтан бәрі де еңкейіп енді. Жертөленің орта тұсында от жанып, оның үстінде шанышқы сияқты таяқта әлденеше кесек ет шыжғырылып жатыр. Орта тұсқа арасы алты метр төрт бұрыштап қойылған төрт аша, олардың басы жуан үргілермен матастыра байланған, жоғарырақ жіңішкерек бөренелерден бұралған шатыр тұр. Шатырдың ортасынан төрт бұрыштап қиылған тесік – әрі терезе, әрі түндік. Төбедегі төртбұрышқа тізілген сырғауылдардың әрқайсысына бір басын жерге қадап сыптаған ұзын бөренелер тірелген. Сөйтіп, жертөленің нобайы айнала бұрышталған крест болды да шықты. Оның үш тармағы жатар орын, төртіншісі әр алуан мүлік қоятын қойма және есік, төрткүлденген орта тұсы ас үй әрі қонақ бөлме. Сырты тұтас қалың шыммен жабылып, қаулап шөп шығып кеткен. Баспана жалпы жаман емес: кең де жылы, бірақ күңгірт.

Жертөлеге енген соң көсем меймандарын кірер ауызға қарама-қарсы төрткүл жаққа алып келіп, аяғын астына басып аю терісіне алдымен өзі отырды да, оңы мен солына оларды жайғастырды. Жауынгерлер оттың айналасына отырысты. Көздері жертөленің күңгірттігіне үйренген кезде жиһангездер көлегейлеп қойған бүйір бөлмелерден топырласып меймандарға таңырқай қараған балалар мен әйелдерді көрді. Олар бірте-бірте отырған жауынгерлерге жақындай берді. Әйелдер тыр жалаңашқа жақын, тек ұзындығы қарыс сүйемдей ғана күрең тәніне жақын қоңыр тері ғана белін қынап, кіндігінен төмен жауып тұр. Жастарының белдемшелері қызыл, сары және қара таспалармен кестеленіп, әшекейленген. Белдемшеден басқа олардың кішкентай ақ, сұр, қызыл, жасыл тастардан тізген алқалары бар, сондай білезіктер қары мен білегінде де жүр. Апайтөсіне, жонарқасына, қарнына, қолына, аяғына және бетіне қиялдағы гүлдер мен жапырақтарды толқын жолдармен, иір-иір өрнектермен салған әр алуан таңбалар жалаңаштықты онша байқатпайды. Таңбасы екі аяққа сақинадай оралып, жоғарылай келіп ирелеңдеп мықын мен кіндікке шығып кеудеге жеткенде мойнын созып бір-біріне қарап қалт тұрып қалған екі жыланды бейнелейтін көсемнің әйелі әсіресе айрықша назар аудартты. Оның қолынан шыққан кішкене екі жылан білектерін орап барып жауырынына тоқтаған. Оның тотыққан тәніндегі қаракөк жыландар үрейлі әсер қалдырады.

Еркектеріне қарағанда әйелдерінің жүзі жылы, бет пішіні әсем, тіпті кейбіреуі әдемі де, дене бітімі түп-түзу сүмбідей, артық ет жоқ, кілең бір құлын мүшелілер.

Балалардың бәрі тұттай жалаңаш, екі жыныстың да жасөспірімдері әйелдердікіндей белдемше тағып алған. Қыздарының белдемшелері кестелі. Бұлардың шашы кішкентай-кішкентай бұрымға бөлініп өрілген, ал ер балалардікі еңбегінің тұсына апарып түйілген. Әйелдердің шашы қос бұрым боп өріліп, омырауына бос тасталады екен де, түрлі-түсті тастармен безендіріледі екен, бойжеткендердің шашы төрт бұрым боп өріліп, шекесіндегі екеуі кеудесіне, желкесіндегі екеуі арқасына қоя берілген.

Амнундак жылан таңбалы әйелге ым қағып еді, ол былғарымен тысталған сандықтан шағын ағаш тостағандар алып шығып, оларды ашада ілулі тұрған торсықтағы сүттен шүпілдете толтырып, бірінен кейін бірін көсемге ұсынды, ол меймандарына таратты. Үй иесі ақырғысын өзіне қалдырып, ерніне тигізе беріп, әсем бір қимылмен басқаларға іш деп ишарат жасады. Тостағандардағы бұғы сүті болып шықты, аздап ашуға айналған, бірақ аса дәмді, көптен мұндайды көрмеген жиһангездер оларды басына бір-бір-ақ көтерді. Тостағандарды тағы да толтырған әйел шанышқыдан шыжылдап үйтіліп жатқан етті алды да сүйек пышақпен кесек-кесек етіп бөліп, ағаш астауға салып көсемге берді, ол оны бір-бір кесектен қонақтарына таратты. Олар ет жеп, оны сүтпен жылжытып отырғанда Амнундак жертөле тұрғындарына арнап бірдеңе айтып еді, шапшаң сөйлеп кеткендіктен Горохов ештеңе ұға алмай қалды. Горюнов көсемнен әлгінде не айтқанын түсіндіруді өтінді. Горохов аударып үлгеретіндей ақырын сөйлеп Амнундак мынаны айтты:

– Бұғының жайылымы үшін чукчалармен арада ұзаққа созылған соғыстан әбден зықысы шыққан біздің халқымыз

– онкилондар көп жылдар бұрын сол бір содырлы адамдардан аулақ кетуге бел байлапты. Әуелі мұз үстімен таяу аралдарға жетіп, жертөле қазып ап, тыныш тұрмыс құра бастапты. Бірақ жазы да, қысы да көктемі де тұман болып, жыл он екі ай тұманы ашылмайтын ол жер ұнамапты. Кісі шетінеп, бұғы қырыла бастапты. Сөйтіп жүргенде құстардың көктемде әрі терістікке қарай ұшып, күз күйлі қайтқанын жұрттың көзі шалады. Құстар ұшып жатқан жерге өзіміз неге бармаймыз деп ойлайды олар. Бірде бел байлағанында – теңіз жібермейді, екіншіде су шала қатып, мұзды боран бұзып кетіп, қыруар халық, қаншама бұғы қарық болады. Қыстың нағыз қақаған шағын күтіп, алдымен барлаушылар жібереді. Мұз мықтап қатады да, тұтас козғалған бұлар осы жерді келіп табады. Ауыр жолдың азабынан халық аз қалады – мұнда аман жеткені елу бола ма, болмай ма – ол жағын мен білмеймін.

Ол тұстағы көсем ауру атаулының бәрінен емдеп жазатын ұлы бақсы болыпты, осы жердің жолын халыққа сол көрсетіпті. Өлерінің алдында ол бұл арада Үлкен жерден ақ адамдар келгенше алаңсыз-мұңсыз өмір кешесіңдер депті. Ақ адамдардың қолында аспан әміршілеріндегідей алыстан атып түсіретін нажағай мен жасын жүреді деп және ескертіпті.

Үлкен жерден келген алғашқы ақ адам – сендерді көргенде қарт бақсының сол сөзін еске алған едік.

0
0
438

Еще по теме

ОНКИЛОНДАРМЕН КЕЗДЕСУ - Yvision.kz