ОҚЫТУШЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМ
Ғылыми зерттеулер нәтижесіне қарағанда қазақстандық жастардың 72,9% , жанұя құру және карьера жасау мен қатар, жоғары білім алуды өзінің өмірлік негізгі мақсаттарының бірі, құндылығы деп санайды. Жастар жоғарғы білімді тәуір еңбек жалақысы және биік әлеуметтік статусқа жету құралы деп санайтынын айтады. Қала жастарының 84,9% және ауыл жастарының 80,9% мектептен кейін жоғарғы оқу орнында білім алуды жалғастырғысы келетіндігін атап айтқан. Оқуды жалғастырғысы келмейтін жастар оның себебің былай түсіндіреді: 42,3% қаржы ресурстарының тапшылығы, 28,8% оқыған ұнамайды, 26,9% жоғарғы білім жарқын болашақты қамтамасыз ететіндігіне сенімсіз, күмәнданады. Оқуды жалғастырғысы келетін жастардың 73,3% жоғарғы білім алуға қызықтыратын фактор - диплом алу және оның жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтетіндігін атайды. Әсіресе ауыл жастары арасында осындай пікір көп тараған.
Әлем білім беру стандарттарының жаңа деңгейіне ауысты. Жоғарғы білім жаппай білімге айналды. 2015 жылы еңбек нарығында бухгалтерлік есеп, маркетинг, медицина, фармацевтика мамандарына ұсыныс көлемі өскен. Үлкен сауда үйлерінде және супермаркеттерде жоғарғы оқу орындарының студенттері жұмыс істейді. Бакалавриат деңгейінде студент кәсіптік емес, жалпы жоғары білім алады. Бакалавриат бітіруші еңбек нарығы талап ететін компетенциялар жинағын - жалпы мәдениетті, ортаға тезірек үйрену қасиетін, коммуникабельділікті игереді. Университеттер бакалавриатта жеңілдетілген оқу бағдарламаларын ұсынады. Элиталық университеттердің жалпыға ортақ ұйымдарға айналуы қаржы ресурстарының шектеулігінен, тапшылығынан, қатаң үнемдеу қажеттілігінен туындаған. Ертеректе сирек кездесетін, тапшы ресурс талант болса, қазіргі кезде қаржы тапшы. Студенттер үлкен топтарда оқуға мәжбүр. Сондықтан білім алушыға оқытушының және әкімшіліктің қарым қатынасы формальды. Университеттердің білім беру қызметі сапасына қарай емес, сандық көрсеткіштер категориясымен анықталады. Ғылыми зерттеулер жоғарғы оқу орындарының академиялық рейтингісінің негізі. Бренді тарқатылған жоғарғы оқу орындары ғана білімгерлерден оқыту шығындарынан басқа мұқтаждықтарға, атап айтқанда ғылыми зерттеулер жүргізуге, инфраструктураларды жетілдіруге қосымша ақша алады. Жоғарғы білім жаппай сұраныс тауары ретінде экономиканың осы саласының заңдарының ықпалына түседі. Өндіріс масштабы ұлғайған сайын білім беру бағдарламаларының тиімділігі, пайдалылығы артады. Табысы мол университеттерде бірнеше мыңдаған студент оқиды. Бұл масштабтағы экономияны білдіреді. Жүздеген адамға бір оқытушы, бір асхана, бір күзетші жеткілікті. Ал оқытушының жағдайы қалай өзгереді? Оқытушының бос уақыты, зерттеу ресурстары азаяды. Ақшалай марапаттар күрт кемиді. Тұтынуға қажет ресурстар жетіспеушілігі байқалады. Бірақ, ресурстар тапшылығы экономиканың негізгі алға итеруші күші. Білім беру саласы әлеуметтік секторға жатады. Сондықтан, ресурс тапшылығы байқалғанда немесе қаржы жетіспеушілік жағдайында коммерциялық фирма немесе кәсіпорын сияқты өндіріс көлемін азайтып, нарықтағы үлесін күрт кеміте алмайды. Себебі, жоғарғы оқу орны әлеуметтік жауапкершілігі бар қоғамдық кәсіпорын. Белгілі бір экономикалық заңдылықтар бойынша білім беру бағдарламаларының бағасы нарыққа икемді емес. Университеттер қоғам, әлеумет алдындағы міндеттерінің көлемін өз бетінше бірден қысқарта да алмайды. Себебі, білім бағдарламаларына сұраныс сыртқы орта талабына сәйкес қалыптасады. Жоғарғы оқу орындары қаржыландыру көлемі азайғанда да өз қызметін жалғастыра береді, бірақ, уақыт өте келе білім бағдарламаларына сұраныс төмендеп, сапасы нашарлайды.Қоғам осындай өзгерістер болып жатқанын байқамай да қалуы мүмкін. Қайтадан қаржыландыруды көбейту арқылы бұрынғы деңгейге жету қиын. Университеттер тұрғын халықты әлеуметтендіру проблемасын шешеді. Себебі, жоғарғы оқу орындарында қоғамның әр мүшесіне қажет экономика, құқық, т. с. с. ғылымдарды оқытып, әлеуметтік заңдылықтарды үйретеді. Сондықтан, төмен және орташа баға сегментінде жұмыс істейтін жоғарғы оқу орындары ақылы оқу құнын орташа қазақстандық жанұяның төлем қабілеттілігіне сәйкес құруы қажет.
